Бiрнеше жерде жұмыс iстейтiндер сақтандыру жарнасын қалай төлейтiнi белгілі болды
Бiрнеше жерде жұмыс iстейтiндер сақтандыру жарнасын қалай төлейтiнi белгілі болды
7 жыл бұрын 2869 Baq.kz Қымбат Елтайқызы

Мәжiлiстiң жалпы отырысында «Әлеуметтiк медициналық сақтандыру қорының» төрайымы Елена Бахмутова бiрнеше жерде жұмыс iстейтiндер жарнаны қалай төлейтiнiн түсiндiрдi. 

Мәжiлiс депутаты Наталья Жұмадiлдаева кейбiр адамдардың бiр мезетте екi немесе одан көп жерде келiсiмшарт бойынша жұмыс iстейтiнiн айтып, олар сақтандыру жарнасын қалай төлейтiнiн сұрады.

«Жарна қызметкердің негiзгi жұмысынан алына ма, барлық жұмыс орнынан алына ма немесе жалақысы ең көп жұмысынан алына ма?» деп сұрақ қойды депутат қор басшысына.

«Қолданыстағы ҚР заңнамасына сәйкес, жарнаны жұмыс берушi төлейдi, сондай-ақ, жұмысшының жалақысынан да жарна ұсталады. Заң бойынша жұмыс берушi жұмысшысы үшiн жарна төлейдi. Сәйкесiнше, барлық жұмыс орнындағы жұмыс берушiлер сол жұмысшы үшiн жарна аударады. Жұмысшының жалақысынан да жеке-жеке жарна ұсталып отырады. Сондай-ақ, айта кету керек, заң бойынша жарна ұсталатын табыстың шектi көлемi ең төменгi жалақының 15 есесi мөлшерiнде бекiтiлген», - дедi Бахмутова.

Сондай-ақ отырыста Мәжiлiс депутаттары медицина қызметкерлерiн оқыту жүйесiне сақтандыру саласы әлi енгiзiлмегенiн айтты. Денсаулық сақтау министрi биылдан бастан сақтандырудың оқытыла бастайтынын жеткiздi.

Айта кетейік, бүгiн мәжiлiсмендер «ҚР Кейбiр заңнамалық актiлерiне денсаулық сақтау мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» ҚР Заңының жобасын бiрiншi оқылымда мақұлдады.

Елімізде сақтандыру жүйесі 2017 жылдың шілдесінен кезең-кезеңмен енгізіле бастайды.

Сақтандыру жарнасының көлеміне келсек, жұмыс берушілер Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап төмендегі мөлшерде жарна төлей бастайды:

2017 жылдың 1 шілдесінен бастап – әр жұмыскердің табысының 1%,

2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап – 1,5%,

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап – 2%,

2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап – 3% көлемінде.

Сонымен қатар, 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап жеке кәсіпкерлер 2 ең төменгі жалақының 5 пайызы көлемінде жарна төлейді. Қазір төменгі жалақы 24 459 теңгені құрайтынын ескерсек, кәсіпкер төлейтін ай сайынғы сома 2828 теңгені құрамақ.

Халықтың экономикалық белсенділігі төмен бөлігі төлейтін ай сайынғы жарна – ең төменгі жалақының 5 пайызын (1414 теңге) құрамақ. Олар 2018 жылдың қаңтарынан бастап төлейді. Осы уақыттан бастап әлеуметтік жағынан аз қорғалған 15 санаттағы азаматтар үшін жарнаны мемлекет төлейді. Бұл санатта жұмыссыздар да бар.

Ал 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыскерлер жалақысынан 1 пайыз, 2020 жылдан бастап 2% көлемінде жарна төлейді. 

0 пікір
Мұрағат