БАӘ Қазақстан азаматтарына бір ай визасыз режим енгізеді
БАӘ Қазақстан азаматтарына бір ай визасыз режим енгізеді
7 жыл бұрын 3065 naryk.kz

БАӘ Қазақстанның барлық азаматтары үшін бір ай мерзіміне визасыз режим енгізеді, бұл туралы Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінде Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы консулдық мәселелер жөніндегі бірлескен комиссияның бірінші отырысы барысында белгілі болды.

ҚР сыртқы саяси ведомствосының ақпараты бойынша аталған комиссия Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы жылдың қаңтарында Абу-Дабиге ресми сапары барысында қол жеткізілген келісушіліктерге сәйкес құрылған. Кездесу БАӘ сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрі Абдалла бен Заид әл Нахаянның Астанаға ресми сапары қарсаңында өтті.

Отырыста Қазақстан мен Әмірліктер арасындағы консулдық-құқықтық қатынастарды тереңдету жолдары, екі ел азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғау бойынша өзара іс-қимыл, жеке және заңды тұлғаларға құқықтық көмек көрсету, сондай-ақ БАӘ азаматтарының Астанадағы “ЭКСПО-2017” халықаралық мамандандырылған көрмесіне баруы мәселелері қаралды.

Қазақстанның сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Мұхтар Тілеуберді өз сөзінде екі ел арасындағы өзара іс-қимыл ашық және сенімді сипатқа ие екенін атап өтті. Оған екі мемлекеттің көшбасшылары арасында қалыптасқан достық қарым-қатынастар едәуір ықпал етеді.

Отырыс барысында әмірліктер тарапынан БАӘ Үкіметінің Қазақстанның Әмірліктерге баратын барлық азаматтары үшін бір ай мерзіміне визасыз режим енгізу туралы шешім қабылданғаны хабарланды. Тиісті құжатқа ертең екі елдің сыртқы істер министрлері қол қояды деп күтілуде.

Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктерінің сыртқы саяси ведомстволары консулдық-құқықтық қорғауды қажет ететін азаматтармен шұғыл жағдайлар туралы тұрақты ақпарат алмасуды реттеу туралы келісті.

0 пікір
Мұрағат