Ақмола облысында имамдар тапшы
Ақмола облысында имамдар тапшы
8 жыл бұрын 2293 Аслан Оспанов

Ақмола облысының әкімі С.Кулагиннің төрағалығымен облыс әкімдігінің жанындағы терроризмге қарсы күрес комиссиясының кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оған аталған кеңес мүшелері, аудандар мен қала әкімдіктерінің жанындағы терроризмге қарсы күрес комиссияларының төрағалары, мемлекеттік мекемелер мен үкіметтік емес ұйымдардың басшылары, облыс әкімі аппаратының жауапты қызметкерлері мен БАҚ өкілдері қатысты.

Отырыс барысында облыстағы терроризмге қарсы күрес комиссиясының әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу бойынша жүргізіп жатқан жұмыстары мен аудандардағы діни жағдай барысы және осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар талқыланды.

Күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша облыс әкімінің орынбасары Н.Нұркеновтің баяндамасы тыңдалды.

«Облыс аумағында 121 мешіт жұмыс істейді, оларда бүгінгі күні 77 имам мен молдалар еңбек етуде. 17 мешітте маман жетіспейді. Осы себептен ауылдық жерлердің 6 имамы 2 және одан да көп мешіттерде өз қызметтерін жүзеге асыруға мәжбүр. Бүгінгі күні Ақмола облысы орыс тілді молдалар мен әйел жамағатпен жұмыс істейтін нәзік жанды діни қызметкерлерге зәру.

Бұл мәселелер Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің студенттерімен келісілген үш жақты меморандумдар аясында шешілуде. Бүгінгі күні аталмыш оқу орнының 14 түлегі біздің өңірде еңбек етіп жүр. Оларға мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдау көрсету мәселесі де біздің назарымызда.

Атап өту керек, Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің үш студенті Ақмола облысы әкімінің атаулы стипендиясының иегерлері», - деді Н.Нұркенов.

Сондай-ақ, жиында аудандардағы діни жағдай туралы жиналғандарға Степногорск қаласы және Целиноград аудандарының әкімдері баяндап берді.

Комиссия отырысының қорытындысы бойынша облыс әкімі тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға бағытталған шаралар мен насихат жұмыстарын тұрақты жүргізіп отыруды әрі қарай жалғастыру қажеттігін тапсырды.

0 пікір
Мұрағат