Алматылық студент ұлттық мейрамхана ашпақ
Алматылық студент ұлттық мейрамхана ашпақ
8 жыл бұрын 7066

Қаңтар айының 18-ші жұлдызында Алматы қаласында «Қуырдақтың көкесі» атты алғаш қазақтың этно-мәдени рестораны ашылмақ, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы.

Аталмыш кафеде ұсынылатын тағамдар қаладағы бірде-бір мейрамхана немесе дәмханада кездеспейтіндіктен, бұл үлкен жаңалық болғалы тұр.

Естеріңізде болса, өткен жылдың қараша айында Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек қазақтың ұлттық тағамдарын қайта жандандырудың маңыздылығын, сол үшін ұлттық тағамдардың кафе-ресторандарын ашу керектігін ерекше атап өткен болатын. Әкімнің ол ұсынысы айтылған жерде қалып, қала кәсіпкерлерінен ешкім іліп әкете қоймаған еді. Сол олқылықтың орнын Алматы технологиялық университетінің студенті Еркебұлан Мәкенов толтырып отыр.

 Алдағы дүйсенбі күні қала тұрғындарына есігін айқара ашатын мейрамхана ұмыт болған қазақтың таба нан, бұжығы, қарындағы май, түйенің қуырдағы, бүрме қарын, уыз, жарма құрт, қағнақ,түймеш, сырбаз, балқаймақ, жөргем, жау жұмық және өзге де көне тағамдары ұсынылады. «Қуырдақтың көкесінде» тағамдардың барлығын көненің көзін көрген, ұлтымыздың дәстүр-салты мен тағамдарынан ақпары мол, тәжірибелі аспазшылар қазақтың байырғы технологияларымен жасайтындықтан, дәмін көрген де көрмеген де арманда.

«Әжелеріміздің аялы алақанымен жасалып, ұрпақтан-ұрпаққа берілген қазақтың төл тағамдарын насихаттау – басты мақсатымыз» дейді мейрамхана ашқан Еркебұлан Мәкенов.

1 пікір
Мұрағат