2020 жылға дейін Астанадан Токио, Сингапур, Шанхай және Нью-Йорк бағытына тікелей әуе қатынастары ашылады
2020 жылға дейін Астанадан Токио, Сингапур, Шанхай және Нью-Йорк бағытына тікелей әуе қатынастары ашылады
8 жыл бұрын 2329 inform.kz Қанат Мәметқазыұлы

2020 жылға дейін Астанадан тікелей Токио, Сингапур, Шанхай және Нью-Йорк бағытында әуе қатынастарын ашу жоспарланады. Бұл туралы Мәжілісте Инвестициялар және даму министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Бекен Сейдахметов мәлім етті. Еске салайық, Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы өткен болатын.

Комитет төрағасының айтуынша, халықаралық әуе қатынастарын дамыту жоспарына сәйкес қазіргі таңда Қазақстанда 88 халықаралық маршруттар бар. 26 мемлекетпен үкіметаралық келісімдер жасалған.

2015 жылы 8 жаңа әуе маршруттары ашылса, 2016 жылы жыл басынан бері 4 бағдар ашылып, жыл соңына дейін олардың саны 10-ға жетуі күтіледі. «Астана халықаралық қаржы орталығын құруға байланысты қазіргі күні 6 халықаралық орталықпен тікелей әуе байланысы орнатылды. Ал 2018 жылы Токио мен Сингапурға, 2019 жылы - Шанхай, 2020 жылы - Нью-Йорк қалаларына тікелей әуе қатынастарын ашу жоспарланып отыр. Нью-Йорк неге 2020 жылға қарай дегенге келсек, бұл мәселе негізінен «ЭйрАстана» авиакомпаниясының жаңа әуе кемелерін сатып алу жоспарына да байланысты болып отыр», - деді Б. Сейдахметов.

Оның айтуынша, АҚШ-қа тікелей әуе қатынастарын ашу үшін Америка Федералдық авиациялық қызметтің тиісті аудитынан да өту қажет. Бұл белгілі бір мерзімді талап етеді. Мәселен, Әзербайжан тікелей АҚШ-пен әуе қатынасын орнату үшін үш жыл бойы аудиттен өткен.   «Сондықтан да, біз келіссөздерді бүгіннен бастап қолға алып жатырмыз», - деді Б. Сейдахметов. 

0 пікір
Мұрағат