1414-ке жүгініңіз, жөн сілтейді
1414-ке жүгініңіз, жөн сілтейді
7 жыл бұрын 3638 egemen.kz Асхат РАЙҚҰЛ

1414 Бірыңғай байланыс орталығына хабарласатын азаматтардың басым көпшілігі төлқұжат, жеке және жүргізуші куәлігін, мекенжай туралы анықтаманы алу, сонымен қатар баланың дүниеге келуі мен күтіміне байланысты жәрдемақыны ресімдеу сұрақтары бойынша хабарласады. Орталық мамандары күніне 10-15 мың өтінім өңдейді. Өткен жылы соғылған қоңыраулардың жалпы саны 3,6 миллионды құраса, бұл көрсеткіш биылғы он айда 3,7 миллионға жеткен.

Мемлекеттік қызметтер бойынша тәулігіне жиырма төрт сағат тегін қызмет көрсететін 1414 Бірыңғай байланыс орталығына кеше бес жыл толды. «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ электронды үкімет байланыс орталығының негізінде ірге қалаған мекемеде бастапқы жылы небәрі 30 қызмет түрі көрсетілсе, бүгінгі таңда орталық операторлары халыққа 736 қызмет түрі бойынша жөн сілтейді. Жыл соңына дейін аталған сан тағы да ұлғаюы мүмкін. Бұл мәліметтерді атаулы күнге орай өткен басқосуда Бірыңғай байланыс орталығының директоры Анар Ұлманова айтты.

«Біздің мекеме бастапқыда қарапайым ғана байланыс орталығы болатын. Ал қазіргі уақытта азаматтармен қарым-қатынас орнатудың қосымша арналары бар. Енді мемлекеттік қызметтерге қатысты сұрақтар бойынша 1414.kz сайты, электронды пошта және виртуалды онлайн-көмекшілер арқылы да хабарласып, жауап алуға әбден болады», дейді Анар Ұлманова. Орталық басшысының айтуынша, 1414 байланыс қызметі халық­аралық стандарттарға сәйкес «EN 15838» сертификатын иелен­ген және «WSIS PROJECT PRIZES-2016» халықаралық конкур­сы­ның жеңімпазы. Аталған жетістіктер кеңес беру қызметінің жоғары сапада көрсетілетінін,  тұтынушыларға қызмет көрсету процесінің жүйеге қойылғандығын дәлелдейді.

Бүгінде орталық тұтыну­шыларына 127 оператор қызмет көрсетеді. Олардың қатарында мүмкіндігі шектеулі жандар да бар, қызметкерлердің жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған. «Жұмысқа қабылдау алдында операторлар әңгімелесуден өтеді, бұл кезде дикциялары, күйзеліс жағдайларында сабыр сақтауы, мемлекеттік тіл білімі тексеріледі. Содан кейін үміткерлер бір аптадан үш аптаға дейін оқу курстарына қатысып, нәтижесін анықтау үшін тест тапсырады. Операторлар тәжірибесі мен біліктілігіне қарай үш топқа бөлінеді», дейді орталық директоры.

«Қазіргі таңда азаматтардың көбі мемлекеттік қызметтерді онлайн түрде алады, сондықтан біз электронды цифрлы қолтаңбаны қалай, қай жерде алуға болатыны туралы көп сұрақ қабылдаймыз. Өткен жылы ЭЦҚ туралы 320 мыңнан астам сауалға жауап бердік», дейді әдістеме бөлімінің бастығы Ақмарал Ерғалиева.

Айта кеткен жөн, еліміздің кез келген өңірінен және кез келген телефоннан тәулік бойы жұмыс істейтін 1414 нөміріне хабарласу арқылы мемлекеттік қызметтер жөнінде тегін кеңес алуға болады. Мұндай байланыс орталығының баламасы әлемнің бірнеше дамыған мемлекетінде ғана бар.

0 пікір
Мұрағат