Ислам білімін қолдайтын «Білім-қазына» қоғамдық қоры ашылды
Ислам білімін қолдайтын «Білім-қазына» қоғамдық қоры ашылды
9 жыл бұрын 3401

Қасиетті Рамазанның берекелі кештерінде Нұр-Мүбарак Египет Ислам мәдениеті университетінде «Білім-қазына»  қоғамдық қорының тұсаукесері өтті. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдері, қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер, университет оқытушылары мен ғалымдары бас қосқан салтанатты кеш қасиетті Құранмен басталып, беташар сөзде университет ректоры, профессор  Жуда Басюни жаңа бастамаға сәттілік тіледі.

Әлбетте елімізде қайырымдылық, қоғамдық қорлардың  ашылып жатқаны аз емес. Ал бұл қордың олардан айырмашылығы қандай? Бұл әуелі шариғат шарттарымен қызмет ететін қор еліміздегі ислами білімнің дамуына тікелей қолдау көрсетпек. Қоғамның білімін дамытуға жан-жақты қолдау, студенттердің оқуақысы, жетім, тұрмысы төмен отбасы балаларына,  ізденуші мен жас ғалымдарға көмек, ғылыми,ағартушылық, мәдени сипаттағы түрлі шаралар, білім алушылардың тамағы, жатар орнымен қамтамасыз ету, діни әдістемелік оқу құралдарын шығарып, материалдық-техникалық базамен қамтамасыз ету, жастарды отансүйгіштікке, мәдениет, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарды құрметтеуге баулу, денсаулықтарына тегін бақылау жасап, салауатты өмір салтын қалыптастыру жолдарын жасау т.б.   

 «Білім-қазына» қоғамдық қорының ашылуы – уақыт талабы. Себебі, Нұр-Мүбарак университетінің құрылғанына 15 жылға айналса, тек соңғы 4 жылда мемлекеттік білім гранты бөліне бастаған-ды. Сол уақытқа дейін  ел ішіндегі жомарт жандардың қолдауымен біршама ілгерілеу болса, енді оқу орнының алдына жаңа жоспарлар, жаңа мақсаттар қойылуда. Университет проректоры, профессор Шамшәдин Керім мырзаның айтуынша биылғы қабылдау науқанында исламтану мамандығы бойынша бір орынға 4 талапкерден келген. Ал мемлекеттік білім гранты небәрі 150, ол қазақ және орыс тілді мамандарды даярлауға бөлінбек. Білім грантының барлығы исламтанушылар, яғни имамдарға арналғандықтан, қыздардың тегін оқу мүмкіндіктері аз. Исламтануға келетін көп жастардың ақылы түрде оқуға қалталары көтермейді.

Әрі қазір еліміздегі көптеген мешіттер жоғары және арнаулы білімді имамдарға зәру. Сондықтан білікті исламтанушыларды көптеп даярлау тек мемлекеттің ғана емес, бүкіл ел болып бірігіп, жұрт болып жұмыла көтеретін өзекті мәселе болмақ. Осындай келелі мақсаттарды алға қойған «Білім-қазына» қоғамдық қорының бүкіл тіршілігі де көпшіліктің көз алдында ашық жүргізілмек.

Сауапты да жауапты бастаманы мақсат еткен қоғамдық қордың тұсаукесер салтанатына осы кезге дейін білім жолындағыларға қолдау көрсетіп, оқу орнына демеу білдірген жомарт жандарға университет ректоры Алғыс хат беріп, барша қонақтарға ауызашар дастарханы жайылды. Ғалымдардың келелі уағызы қасиетті Рамазанның берекелі кешінің шырайын арттырып, қонақтарды рухани кемелдендіре түсті. Бұл әрине бүкіл елді рухани кемелдікке жетелер ұлы бастаманың басы деп сенеміз.

Айша Кеңесбай
Нұр-Мүбәрак университетінің баспасөз қызметі

 

1 пікір
Мұрағат