Христиан өзі жатқа білетін аяттармен мешітті безендіруде
Христиан өзі жатқа білетін аяттармен мешітті безендіруде
8 жыл бұрын 3161

Юсеф есімді мысырлық христианин-копт мұсылман көршілерімен тату-тәтті тұру үшін өзінің бойындағы бар қабілетін сарқып, каллиграфиялық машығын игі іске қолдануда. Дәлірегі, ол өзі жатқа білетін қасиетті Құран аяттарымен мешітті безендіріп жатыр. Бұл жайында «Al-Monitor» ақпарат көзі хабар таратты. Өзге копт христиандардың наразылығы мен күңкіл сөзіне қарамастан, ешқандай ақы дәметпестен жұмысын жалғастырып жатқан оның бұл әрекеті мұсылмандарды да разы қылуда. Ол әскер қатарында жүріп, каллиграфияға ден қойған екен. Осы талпынысын байқаған шенділер оны құжаттарды дайындаумен және жазумен шұғылданатын бөлімге алды. Юсеф сол бөлімде жүріп, араб каллиграфиясының қыр-сырына қанығып, өзінің қабілетін шыңдайды. Отан алдындағы борышын өтеп келген соң сол бөлімде жұмыс істеп қалады. Өзінің мешіттегі алғашқы жұмысын былай еске алады: «Менің мұсылман досым жаңа мешітті Алланың 99 есімімен безендіріп беруді сұрады. Кей мұсылмандар мені аса жақтыра қоймағандықтан уайымға берілдім. Алайда, досымды алған райынан қайтара алмадым». Ол ақыры келісімін беріп, «Сейф Наср» атындағы мешітті безендіруге кіріседі. «Мен мешіттің әдебін сақтадым. Кірерде аяқ киімімді шештім, сөйлегенде ақырын тіл қаттым. Бұл құдайдың үйі болғандықтан мешітке құрметпен қарау керек деп ойлаймын»,- деді ол сөзін жалғастырып. Ол жұмысын аяқтаған соң ақысын даулаған жоқ. «Мешіт меңгерушісі маған ақы төлеуді талап етіп тұрып алды. Мен кеілісіміді бердім, әйтсе де қанша ақы алатыным мені толғандырған емес. Ең басты қуанышым, мешітті алғаш рет безендіргенім болды»,- деді ол. Содан бері ол 15 мешітті безендіріп үлгеріпті. Ол адамдардың садақасынан жиналған ақшадан ақы алмайды. Ал мемлекет қаражаты есебінен салынған мешіттерді безендіргені үшін кез келген сомада ақы алады. Юсеф каллиграфиялық қабілетті шыңдау үшін қасиетті Құранды оқып отырудың қажеттілігін алға тартты. Оның қолында қасиетті Құран данасы бар. Ол өзі салатын сүрелерді жаттап алады. Бұл жағынан ол қасиетті Құран бетін ашпайтын кей мұсылмандардан алда екенін мақтан тұтады.

0 пікір
Мұрағат