25 жылдың ішінде кәсіпкерліктің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 25 пайыздан асқан
25 жылдың ішінде кәсіпкерліктің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 25 пайыздан асқан
8 жыл бұрын 2813 Baq.kz Б.Төлеуов

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев елдегі шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы турасында өз ойын бөлісті.

– Қазақстанның Тәуелсіздік алғанына желтоқсанда 25 жыл толады. Осы жылдар ішінде елімізде шағын және орта кәсіпкерлік қандай жетістіктерге қол жеткізді?

– Тәуелсіз ел болғалы Қазақстан кәсіпкерлікті дамытуда елеулі жетістіктерге қол жеткізді. Оның алдында КСРО кезінде кәсіпкерлікпен айналысу қылмыс жасағанмен бірдей еді. Тәуелсіздік алған 25 жыл ішінде кәсіпкерлігімізді көтеріп, нық аяғынан тұрғыздық. Соңғы мәліметтер, бұл сөзіміздің дәлелі бола алады. Мәселен, 2005-2015 жылдары тіркелген шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 206%-ға, өсім шағын және орта кәсіпкерлік өкілдері шығаратын өнім көлемі 9 жылдың ішінде 1000 пайыздан асты. Тиісінше, мұндағы еңбек өнімділігі 614%-ға жоғарылады. Қазіргі уақытта бүкіл ел бойынша жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес саны 1,2 миллионды құрауда. Шағын және орта кәсіпкерлік – ірі жұмыс берушілер санатынан есептеледі. Қазіргі таңда 3 млн астамнан адам жұмыспен қамтылған. Статистикалық мәліметтерге қарсақ, ұдайы өсіп отырғанын аңғару қиын емес. Мысалға, жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта бизнес үлесі 2006 жылы 10 пайыздан аспаса (9,8 %), 2010 жылға қарай 20 пайызға көтерілді. Ал 2015 жылы 25,6 пайызға жетті. Елбасы осыдан 4-5 жыл бұрын 2050 жылға дейін шағын және орта кәсіпкерліктің жалпы ішкі өнімге үлесін 50 пайызға жеткізуіміз керек деген еді. Сол кезде бұл өте қиын тапсырма сияқты көрінген. Бұл межеге жете алмай сияқты болғанбыз. Өйткені, 2006 жалпы шағын және және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 10 пайыздан аспайтын. Ал қазір 25 пайыздан астық.

– Тәуелсіздік алған 25 жыл ішінде отандық кәсіпкерлер негізінен қай салаға бейімделді?

– Шағын кәсіпкерлік иелері негізінен сауда және басқа да қызмет көрсету салаларын және ауыл шаруашылығы салаларында жұмыс істеп келеді. Орта және ірі кәсіпорындар өнеркәсіппен айналысуда. Шағын және орта кәсіпкерлік дамып келеді. Дегенмен, проблемалардың да бар екенін жасырмаймыз. Ең біріншіден, шағын кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін ауылдық азаматтарда қиындық көп. Олардың көбісінде кәсіпкерлік туралы білім жетіспейді. Сондай-ақ кәсібін бастау үшін несие алу жағынан кедергілерге тап болып жатады. Екінші деңгейлі банктер ауылдық жерлерге көп бара қоймайды.

– Өзіңіз қызмет атқаратын «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының құрылғанына 3 жыл болды. Бұл көп уақыт емес. Дегенмен атқарылған жұмыстардың нәтижесі бар шығар?

– «Атамекен» енді құрылып жатқанда Қазақстан азаматтарын осы кәсіпкерлікке тартуымыз керек деген болатынбыз. Содан бері біз Қазақстанның түкпір-түкпірінде әр ауданда, ауылда кәсіпкерлерге қызмет көрсететін орталықтарымызды аштық. Ондай орталықтың саны бүгінгі таңда 188-ге жетіп отыр. Бұған дейін мұндай орталықтар тек облыс орталықтары мен қалаларда ғана болатын. Екіншіден, өткен жылы біз «Кәсіпкерлер мектебін» аштық. Енді, қазір сол мекепті дамыту жағын ойластырудамыз. Ал биыл агрокомпетенциялық орталықтар жұмыстарын бастады. Бұл орталық ауыл шаруашылығымен айналысатындарға кеңес береді. Егжей-тегжейлі түсіндіреді, үйретеді.

– Ауыл азаматтары несие алуда қиындыққа тап болады деп қалдыңыз. Бұл мәселені шешу үшін қандай жұмыстар істелуде?

– Осыдан 2-3 ай бұрын өзіміздің микрокредиттік ұйымдарды аштық. Қазіргі кезде алты облыста жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта Қазақстанның барлық өңірін қамтуды жоспарлап отырмыз. Банктер ауылға бармайды. Ауылдағы азаматтар несие алайын десе, кепілдікке қаладағы пәтеріңді немесе басқа мүлкінді қой деп айтады. Ал ауылдағы саман үй немесе жер учаскесі жарамайды деп қайтарып жібереді. Сондықтан ауыл кәсіпкерлері несие ала алмай жүреді. Біз осы мәселені оңтайлы шешу үшін микрокредиттік ұйымдарды аштық. Ол ұйымдарда 16 миллионға дейін несие алуға болады. Кепілдікке ауылдағы кез келген үйді болмаса, жер учаскесінде қояуыңызға болады. Ешқандай кедергі жоқ. Егер кепілдікке қоятын мүлкіңіз 5 миллион теңгеден аспай, 10 миллион несие сұрасаңызда бере береміз. Бастысы, сол ауылдағы кәсіпкерлер кеңесі бұл азаматты танимыз, қолынан іс келеді деп айтса жетіп жатыр. Ауыл азаматтары бұл несиелерді алуда аса белсенділік танытуда. Қазірдің өзінде 1 млрд теңгеден астам несие бердік.

– Отандық өнімдерді экспорт шығару жағы қалай болып жатыр?

– Ауыл шаруашылығы оның ішінде тамақ өнеркәсібіне келетін болсақ, кейбір кезде бізбен бәсекелес болатын елдерде де жоқ. Сондықтан біздің қасымызда Қытайдың нарығы ашылып отыр. Өткен жылы Елбасы Қытайға барған сапарында Син Цзиньпин мырзамен біраз келісімге қол қойған еді. Оның ішінде Қытай мемлекеті қазақстандық кәсіпкерлерге өз нарығын ашу керек деген келісім болды. Одан кейін де біраз мемарандумдарға қол қойдық. Өздерінің стандарттарын берді. Біздің тауарлар олардың талаптарына сәйкес болу керек. Сол стандарттарды қазір үш тілге аударып, отандық кәсіпкерлерге таратып жатырмыз. Егер Қытай нарығына шыққысы келетін кәсіпкерлер болса, тауарлары стандарттарға сай болуы тиіс. Жақында ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевпен Шанхай қаласына барып келдім. Ол қалада Қытай елінің белді бизнесмендерімен кездесу өтті. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы «JUMORE» электронды сауда орталығымен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Қазіргі кезде өздеріңіз білесіздер, сауда негізінен электронды түрде жүргізіледі. Әсіресе, Қытай мемлекетінде қарқынды дамып кеткен. Олар біздің тамақ өнімдеріне өте үлкен қызығушылық білдіріп, ғаламторда саудалап беруге дайын екендіктерін аңғартты. Жақын арада palata.kz сайтында арнайы терезе ашпақпыз. Онда кәсіпкер қажетті анкетаны толтырып, әрі қарай біз сүйемелдеп, кеңес бермекпіз. Өңірлік палаталар да көмек көрсетуге әзір.

– Қытай нарығы несімен қызықтырып отыр?

– Қытай нарығынде Ресейге қарағанда қаражат көп. Оның үстіне, Қытайда 1,5 млрд xалық бар екенін жақсы білесіздер. Осы көктемде Қытайға 2 мың тонна көкөніс майын жіберген болатынбыз. Сол 2 мың тонна көкөніс майы 2 күннің ішінде сатылып кетті. Бұл жерде «Қазақстан майы» деген таза қазақстандық бренд шықты. Олар енді қанша көлемде болса да аламыз деп отыр. Бірақ бізде оны өңдеп шығаратын онша өндіріс те жоқ. Қазақстанда негізінен барлығы шикізат күйінше Еуропаға кетіп жатыр. Біздің жоспар бойынша ол шикізатты өндеп, Қытай нарығына шығару басты мақсат.

0 пікір
Мұрағат