Зерттелетін тірі ағзаларды мөлдір етудің жылдам және оңай әдісі табылды (видео)
Зерттелетін тірі ағзаларды мөлдір етудің жылдам және оңай әдісі табылды (видео)
2 жыл бұрын 1602 Материалды көшіріп басқан жағдайда islam.kz порталына сілтеме берілуі міндетті. Жаңа әдіс бойынша өңделген тышқанның мүшелері – тіпті бауыры мен бүйрегі де мөлдір болды / © 10.7554/eLife.77419

EZ Clear инновациялық технологиясын қолдана отырып, ғалымдар зертханалық тышқанның тіндерін немесе, тіпті, бүкіл ағзасын тез және оңай мөлдір етіп, оларды микроскоп астында зерттеуді жеңілдете алды. Бұл жайында islam.kz порталы аталмыш зерттеу материалы жарияланған eLife мерзімді басылымына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Болашақта бұл технологияны қолдана отырып, зерттеушілер қауіпті хирургиялық жолмен араласуды барынша азайтып зерттеудің тиімді әдісіне жүгінетін болады, зақымдалмаған ағзалардың үш өлшемді кескіндерін жасай алады. Микроскоп жарығымен қандай да бір ағзаны немесе ұлпаны зерттеу үшін оны мөлдір ету керек, әйтпесе окулярда күңгірт масса ғана көрінеді. Әдетте мұндай зерттеу кезінде ғалымдар ағзаны немесе тінді өте жұқа қабаттарға кесуден бастап (бұл тіннің бастапқы архитектурасына ішінара зақым келтіретін қауіпті тәсіл) ағартуға дейін бірнеше әдістерді қолданып келген еді. Бұдан бөлек, зерттеудің мұндай тәсілі көп еңбекті әрі қымбат тұратын медициналық құрал-жабдықты қажет етеді, бұған қоса, мұндай процедура кезінде зерттеушіге де, зерттелушіге қауіпті ерітінді пайдаланылады. Енді жағдай өзгерген секілді. EZ Clear деп аталатын биологиялық тіндерді ағартудың жаңа әдісі әлдеқайда аз уақытты алады (бар болғаны 48 сағат) және арнайы температуралық жағдайларды қажет етпейді, сонымен қатар, ағзалар тетрагидрофуранның сулы ерітіндісінде кептірілмей және пішінін өзгертпей бүкіл процесте сақталады. Ол ол ма, осы әдіспен түссізденген тышқанның ішкі мүшелерін ары қарай зерттеу үшін иммунофлуоресцентті бояуға болады. Осы әдіспен алынған мөлдір ағзалар өздерінің пішіні мен көлемін сақтайды, ал тіндер іс жүзінде өзгеріссіз қалады, бұл бұрын-соңды болмаған кең мүмкіндіктерге жол ашады. Бұдан былай, тіпті, ең нәзік ішкі мүшелердің құрылымын зерттеп қана қоймай, сонымен қатар, мысалы, ми мен көз арасындағы нейрондық байланыстарды немесе бауыр мен бүйректегі қан тамырларының ең жұқа желісін де нақты көруге болады.

0 пікір
Мұрағат