Кісі өлімінің дәл уақытын анықтайтын тәсіл табылды
Кісі өлімінің дәл уақытын анықтайтын тәсіл табылды
4 жыл бұрын 2927 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Бұл ең алдымен криминалистер үшін жақсы жаңалық - қылмысты ізін суытпай ашуға көмектесетін тәсіл болғаны үшін. Амстердам қаласындағы UMC, Амстердам университетінің және Нидерландының сот сараптамасы институтының (NFI) ғалымдары қылмыскердің қолынан мерт болған адамның өлген уақытын дәл анықтауға мүмкіндік беретін тәсіл тапты. Осы уақытқа дейін қолданыста болған әдіс адамның өлген уақытын айырмашылығы бірнеше сағатты құрап, шамалап анықтауға мүмкіндік берсе, тың әдісте бұл айырмашылық бір сағатқа жетпейді. Бұл жайындағы зерттеу нәтижесі Science Advances мерзімді басылымындажарияланды.

Қылмыс орын алған жерде өлі күйінде табылған мәйітке қатысты тергеу барысында полиция қызметкерлері кісі қолынан мерт болған адамның өлген уақытын барынша дәл болжауға ділгір. Оның өлген уақыты неғұрлым дәл анықталса, тергеу жұмысын соғұрлым жеңілдетеді: күдіктінің алибиін, яғни, қылмыскердің қолынан қаза тапқан адамның жантәсілім еткен уақытын күдіктінің сол уақытта қайда болғанына қатысты келтірген уәжімен) салыстыруға мүмкіндік береді. Өлгеніне 5-тен 50 сағатқа дейін уақыт кеткен адамның қай уақытта жантәсілім еткенін айырмашылығы 45 минутқа дейінгі аралықта дәл анықтауға мүмкіндік беретін тың тәсіл. Осы уақытқа дейін полиция қолданып келген тәсіл қаза тапқан адамның денесі суығанша күтуге негізделген. Мәйіттің салмағы мен қоршаған орта жағдайын ұштастыратын тәсіл арқылы адамның өлгеніне қанша сағат өткенін анықтауға саяды. Алайда, бұл тәсілдің тағы бір олқылығы сонда – адам денесінің суу процесінде оның толық немесе арықтығы қаперге алынбайды. Адам дене бітімінің мұндай ерекшеліктері қаза тапқаннан кейін денесінің суу уақытына өз әсерін тигізбей қоймайды. Барлығында бір стандарт қолданылады. Бұдан бөлек, аталмыш әдістің тағы кемшілігі - инвазивтік өлшеу процедурасы айғақ ізін жойып жіберуі мүмкін. Адамның қаза тапқан уақытын анықтау әдісін барынша жетілдіру үшін сот медицина сарапшылары көптеген балаламалар мен нұсқаларды қарастырып көргенін айта кету керек. Соның ішінде көздегі калия мен тіндегі ақуыз мөлшерін талдау нұсқасы да қаперге алынған болатын. Полиция мына жаңа тәсіл бойынша қылмыс орын алған жерде тепловизорды немесе денеге бекітілетін датчикті пайдалана отырып, мәйіттің төрт-бес жерінен температурасын өлшейді. Содан соң қылмыс орын алған жердегі жағдайға мейлінше бейімделетін моделге деректер келіп түседі. Мәселен, киімге қатысты ақпарат, я болмаса мәйіт (немесе оның бір бөлігі) Судан табылды ма, судан табылса, оның бетінде қалқып жүрген жерінде ме, т.б. мәліметтерді қамтитын болады. Жаңа тәсіл өлген уақыты белгілі мәйітке қатысты сынақтан өткізіліп көрді. Нәтижесінде ауытқу айырмашылығы 45 минуттан аспағанын айта кету керек.

0 пікір
Мұрағат