Жасанды интеллекті және гомеостаз
Жасанды интеллекті және гомеостаз
4 жыл бұрын 3651 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Жасанды интеллекті технологиясына қатысты талас-тартыс әлі толастаған емес, сақтыққа шақырғандар мен оған тыйым салуды жақтағандардың аталмыш технология төңірегіндегі дау-дамайды әлсін-әлсін қоздырып отырғанына қарамастан бүгінгі таңда жасанды интеллекті технологиясы өмірдің барлық саласына біртіндеп енгізіліп жатыр. Ол ол ма, бұл технологияны одан ары жетілдіру үшін кей ғалымдар өз концепцияларын ұсынуда. Мәселен, Оңтүстік Калифорния университетінің ғалымдары Кингсон Мэн (Kingson Man) мен Антонио Дамасио (Antonio Damasio) келесі деңгейге өтіп, жасанды интеллекті технологиясының негізгі «тұтынушысы» роботты оған қауіп төніп тұрғанын әрі кез келген сәтте, абайламаса, «өліп кетуі мүмкін» екенін «сездіретіндей» етіп жетілдіре түсуді ұсынды. Осылайша үрей дегеннің не екенін білмейтін жасанды интеллектіге әлгіндей сезім дарыту арқылы жетілдіруді көздеп отыр. Таяқтың екі ұшы бар, бұл дегеніңіз, қауіпті жете бағаламайтын жасанды интеллекті осылайша өзіне қатер төнген жерден айналып өтіп, адамнан жасырынуды үйренеді, бұл өз кезегінде адамдармен жанжалға келіп қалған кезде (бәзбіреулердің айтуынша, жасанды интеллектімен адам түбінде қайшылыққа келеді) өзін қорғай отырып, адамнан айласын асырып, бой бермей кететін болады-мыс. Бұл енді өз алдына бөлек тақырып, десе де сарапшылардың ұсынып отырған идеясы гомеостазға негізделгенін айта кету керек, яғни, жасанды интеллектіден қауіптенетіндердің сөзінің жаны бар екенін осыдан аңғарасыз. Гомеостаз тіршілік иелерінің әрі тірі ағзалардың түрлі популяцияларының өз-өзін қалпына келтіретін, жоғалтқан тепе-теңдігіне қол жеткізе алатын, қоршаған ортаның агрессиялық ахуалына төтеп бере алатын қабілетін сипаттайды. Бұған температура өзгергенде жылу бөлу қабілеті, қан қысымының тұрақтылығын сақтау қабілеті, ас пен суға қажеттілік, сонымен қатар, тіршілік етудің өзге де аспектілері кіретінін айта кеткен жөн. Онсыз да адамға ұқсас роботтарды одан ары жетілдіре берудің қаншалықты қажеті бар? Өздігінен көп нәрсеге қабілетті болған сайын адамдарға тигізер пайдасы алдымен ауызға алынады. Аргумент ретінде. Бірақ, бұл жеткілікті уәж емес. Мұның тағы бір кілтипаны – жасанды интеллектінің өзінің «тіршілігін» ғана ойлап, бар есіл-дерті осы мәселе төңірегінен аспай қалса, онда бұл оның терең зерделеуге жол ашатын ойлау машығының одан ары дамуына кедергі келтірмек. Осылайша ол интллектісін жоғалтып алмақ. Ал Кингсон Мэн мен Антонио Дамасионың бұл тараптағы ойы басқаша: олардың айтуынша, ағзаның тіршілікке қабілеттілігін қамтамасыз ету арқылы адамның ойлау деңгейі бүгінгі деңгейге жеткен. Яғни, адам ең алдымен өзінің жағдайын жақсарту үшін ойланады. Бұл фактор оның жаңалықтар ашуға, ізденуге, т.б. итермелеп, шығармашылық, тәжірибелік дағдысын қалыптастыруға септігін тигізбек. Жасанды интеллектіні осылайша «эволюциялық» жолмен жетілдіруді ойлайтын ғалымдар, кім біледі, түптеп келгенде сезім мен сана табиғатын зерттеп, зерделеудің өзгеше моделін қалыптастыруы да мүмкін. Жұмсақ робот жасау технологиясымен қатар терең машиналық зерделеуге дейін елеулі прогреске жеткенімізді ескерсек, роботтың өз-өзін сақтау идеясы қисынсыз қиял көрінбеуі тиіс. Америкалық мамандардың келтірген уәжіне құлақ түрсек, жасанды интеллектінің жанасу, т.б. секілді мәліметтерді өңдей алатын деңгейге жеткенін ескерсек, оны қауіп-қатер төніп тұрғанына, соның ішінде, оның өзіне «үйретуге» болады. «Өміршеңдігін жақсарту үшін қорғаныстық қабілеті мен қуатын арттырудың орнына біз қанша жерден кереғар болса да осал тұсы бар роботтарды жасауға кірісеміз»,- деп жазды ғалымдар Nature Machine Intelligence мерзімді басылымында. Ғалымдардың пайымдауынша, «өлім алдындағы үрей» машинаға дайын шешімі (бұрыннан программаланып қойылған шешім) жоқ тапсырмалар мен міндеттерді жақсы орындауға көмектеседі, яғни, бұл арада адамның ерік-жігеріне эквивалентті қабілет турасында сөз болып отыр.

0 пікір
Мұрағат