Иммунитетті көтеретін сусындар
Иммунитетті көтеретін сусындар
9 жыл бұрын 13013 Baq.kz

Әлемде қаншама аурудың түрі бар және олардың қатары жыл сайын артып отырады. Сол кеселдердің көпшілігі адам ағзасының әлсіздігінен, иммунитетінің төмендгінен жұғатыны немесе пайда болатыны белгілі. Ал, иммунитетті қалай көтеру керектігін қарапайым адамдар біле бермейді. Дәрігерлердің айтуынша, адам иммунитетін көтерудің ең тиімді тәсілі – жеміс-жидектің шырынын күнделікті тұтыну. Жеміс пен көкөністердің шырынын үзбей ішу түрлі аурудың алдын алып, ас қорытуға көмектеседі.

Назарларыңызға иммунитетке пайдалы сусындарды ұсынамыз. 
1. Сәбіз шырыны. Сәбіз сусыны дәмді және арзан. Оның құрамында В тобындағы дәрумендер, С дәрумені, натрий, калий, фосфор, темір бар. Сәбіз шырыны бауырыңыздың жақсы жұмыс жасауына әсер етеді.
2. Қызылша сусыны. Оны көбіне алма немесе сәбіз сусындарымен араластырып ішкен дұрыс. Алайда қызылша сусынының емдік қасиеті ерекше. Оның құрамында кальций, темір, марганец, хлорлы калий, С дәрумені секілді пайдалы заттар бар. Қызылша сусыны қаныңызды тазалап қана қоймай, миыңыздың да дұрыс жұмыс істеуіне де көмектеседі. Қызылша сусының көбіне шығармашылық жолында жүрген адамдар сүйіп ішетін көрінеді.
3. Лимон сусыны. Лимон сусынының құрамында С дәрумені және антиоксиданттар өте көп. Дәмі қышқыл бұл сусынды күнде тұтыну адамның бойына сергектік сыйлайды. Бір стақан лимон сусынының өзі сіздің иммунитетіңізді көтере алады.
4. Брокколи сусыны. Қызылша сусыны сияқты бұл сусынды да басқа шырындармен араластырып ішу керек. Әйтпесе денсаулығыңызға зақым келуі мүмкін. Құрамында иммунитетті әлдендіретін күкірт, калий және В1 мен С дәрумендері бар. Сонымен қатар брокколи сусыны белоктарға бай. Бұл сусынды көбіне спортшылар ішеді.
5. Мүкжидек сусыны. Бұл сусынды араластырудың қажеті жоқ. Өйткені ол онсызда тәтті. Құрамында С дәрумені мен мықты антиоксиданттар бар. Иммунитетіңізді нығайтуға көмектеседі. 
6. Киви сусыны. Ішінде салмасы бар үлпілдек жеміс сізді жүрек ауруларынан құтқарады. Сонымен қатар иммунитетіңізді А, С, Е, К дәрумендерімен байытып, әлдендіреді. Және ол өте дәмді. 
7. Алма шырыны. Алма шырынының пайдасы оның құрамында ағзаның иммунды күшін арттыратын А, В, және С дәрумендерінің мол болуында. Алма шырынының құрамында сонымен қатар, биотин, пантотен және фолий қышқылы бар. Соңғысы шаш пен тырнақты қатайтып, жақсы әсер етеді. Онымен қоса, алма шырыны темір, магний және фосфор біріккен минералды заттарға бай. Бұл керемет шырынды жиі ішіп тұратын болсаңыз, ұзақ жылдар бойы есте сақтау мен интеллектуалды қабілетіңізге шағымданбайтын боласыз. 
8. Көк шай. Көк шайдың құрамында вирустарды жоятын галлат және эпигаллокахетин атты химиялық қосындылар бар. Соңғы зерттеулерге сүйенетін болсақ, көк шай тіпті қатерлі ісіктің де алдын алады екен. 

0 пікір
Мұрағат