Ғалымдар зілзаланың болатынын бес күн бұрын болжауды үйренді
Ғалымдар зілзаланың болатынын бес күн бұрын болжауды үйренді
5 жыл бұрын 1993 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Ғалымар ықтимал жер сілкінісін жасанды жер серігінен атмосфераны бақылау арқылы анықтайтын болады. Бұл жайында осы бағытта бірігіп зерттеу жүргізген Ресей, Германия және Қырғызстан ғалымдары мәлімдеді. Аталмыш зерттеу нәтижесі Doklady Earth Sciences ақпарат көзінде жарияланды. Мамандар 2013 жылдың мамыр айының 23-і күні Өзбекстанда, 2007 жылдың қаңтар айының 8-і күні Қырғызстанда, сондай-ақ, 2013 жылдың қаңтар айының 28-і күні еліміздің аумағында орын алған жер сілкінісі қарсаңында спутникпен алынған мәліметтерді зерделеген екен. Белгілі болғандай, Бұл үш жағдайда да бес күн бұрын ішкі гравитациялық толқын деп аталатын параметрлер өзгерген. Бұл арада гравитация әсерімен дыбыс секілді тек ұзағынан ғана емес, сонымен қатар, көлденеңінен де қозғалатын толқын турасында сөз болып отыр. Ғалымдар зілзала орын алардан бұрын атмосферадағы орташа температураның қалай өзгеретінін қадағалаған болатын. Осыдан соң ішкі гравитациялық толқынның көлденең ұзындығын анықтаған: оның максималды мәні 14,2 және 18,9 шақырымға дейін жеткен. Сонымен бірге, ғалымдар жер бетіндегі табиғи апаттан (зілзаладан) атмосфераның жылыну кезеңінде гравитациялық толқынның көлденең ұзындығының 10 шақырымнан асып кететініне көз жеткізген. «Литосферадағы процесс шарықтау шегіне жеткенде төменгі атмосферада конвективті, яғни, жылу тұрақсыздығы пайда болады. Бұл құбылыс өз кезегінде сейсмикалық белсенді аймақтарда ішкі гравитациялық толқынның пайда болуына себепкер болмақ. Мезосфераға жеткенде оның ырғағы бұзылып, гравитация энергиясы жылы ауаға тап болады да температурағы әсерін тигізеді»,- деді осынау зерттеуге қатысты баяндама жасаған авторлардың бірі Сергей Попель. Осылайша гравитациялық толқынның ұзындығы жер сілкінісі орын алардан бес күн бұрын арта бастайды. Зілзалаға екі күн қалғанда барынша ұзарып, жерасты дүмпуінен бір күн бұрын күрт қысқарады. Сөз орайы келгенде айта кету керек, бүгінгі таңда жер сілкінісін бірнеше ай бұрын, тіпті, бірнеше жыл бұрын болжауға болады. Алайда, адамдарды қауіпсіз жерге көшіру әрі қауіпсіздігін дер кезінде қамтамасыз ету үшін зілзаланың қай күн орын алатынын нақты көрсетіп беретін қысқа мерзімді болжамның маңызы зор.

0 пікір
Мұрағат