Атмосфераның парникті газбен ластану қарқынын тежеудің бір амалы табылды
Атмосфераның парникті газбен ластану қарқынын тежеудің бір амалы табылды
2 жыл бұрын 1826 Материалды көшіріп басқан жағдайда islam.kz порталына сілтеме берілуі міндетті

Кембридж университеті ғалымдары жетекшілік еткен халықаралық ғалымдар тобы атмосфераға көмірқышқыл газынының бөліну қарқынын тежейтін, әлем бойынша экологиялық ахуалды жақсартатын амал ойлап тапты. Бұл жайында islam.kz порталы аталмыш зерттеу материалы жарияланған Nature Communications Earth & Environment мерзімді басылымына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Ғалымдар бұл тарапта ауыл шаруашылығын қолайлы аймақтарда дамыту нұсқасын ұсынып отыр. Дәлірегі, мол өнім беретін, суды да көп қажет етпейтін, т.б. қолайлы өңірлерде ауыл шаруашылығын жүргізу арқылы атмосфераның ластану деңгейін төмендетуге болатынын алға тартып отыр. Бұл бағытта білікті мамандар ауыл шаруашылығын жүргізуге тек экономикалық жағынан ғана емес, сонымен  қатар, экологиялық тұрғыдан да тиімді өлкелердің картасын сызды. Осылайша мейлінше мол астық алуға, суды үнемдеуге, ауаға бөлінетін зиянды қалдықтарды азайтуға, содай-ақ, биологиялық әр алуандылықты сақтауға мүмкіндік беретін өңірлерді бірыңғай ауыл шаруашылығына пайдаланбақ. Соның ішінде, АҚШ-тың орта батысын, әйгілі Сахара шөлінің оңтүстік белдеуін, Үндістан мен кәрі құрлықтағы ұлан-ғайыр аумақты ауыл шаруашылығын оңтайлы жүргізуге қолайлы аймақ ретінде танып отыр. Сарапшылардың есебінше, ауыл шаруашылығын оңтайландыруға бағытталған аталмыш жүйе атмосфераға бөлінетін парникті газдың мөлшерін 71 пайызға дейін азайтуға мүмкіндік бермек (орман-тоғайдың табиғи жолмен қалпына келтіру арқылы). Бұл көрсеткіш атмосфераға 20 жыл бойы бөлінетін деңгейге сай келеді. Осылайша осы уақытқа дейін ауыл шаруашылығы үшін пайдаланылған аумақтар алғашқы қалпына келіп, көміртектің қалыпты айналымын қалыптастырады әрі биологиялық әр алуандылықтың бірнеше жыл көлемінде толық қалпына келуіне ықпал етпек.

0 пікір
Мұрағат