Адамның дүниеден ерте озуының ең басты себебі анықталды
Адамның дүниеден ерте озуының ең басты себебі анықталды
9 жыл бұрын 9597

АҚШ-тың Health Metrics and Evaluation (IHME) институтының ғалымдары адамның ерте дүниеден озуына не себеп болатынын анықтады. Бұл жайында The Independent ақпарат көзі хабар таратты. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі 108 елде ширек ғасырға жуық уақыт бойы, дәлірегі, 23 жыл бойы жүргізілген зерттеу нәтижесі көрсеткендей, адамның ерте үзілуіне ең алдымен дұрыс тамақтанбауы әсер етеді екен.  Ғалымдар дұрыс тамақтанбауға адамдардың жеміс-жидек пен көкөністі, соның ішінде, жаңғақты аз тұтынатынын, есесіне, майлы, ащы тағамдар мен тәтті сусындарды жиі қолданатынын жатқызған. Дұрыс тамақтанбау адамның бойында түрлі әрі қатерлі ауруларды тудырады екен, атап айтқанда, жүрек аурулары, инсульт, диабет және созылмалы сырқат түрлері. Адамның ерте бақиға аттануына әсер ететін факторлардың біреуінің өзі әр елде әрқалай болатынын да анықтаған болатын. Мәселен, Оңтүстік-шығыс Азияда және Үндістанда адамдар қоршаған ортаның қатты ластанғанынан, яғни, экологиялық фактордан ерте көз жұмады. Ал Латын Америкасында және Таяу Шығыста семіздік ерте өлудің себебі ретінде белгілі болып отыр. Африка елдерінде бірнеше фактор адамның өмірден ерте кетуіне себепкер болып отыр: ұдайы ашқұрсақ жүру, ауызсудың болмауы, төсек қатынасында сақтық шараларын қолданбауы, т.б.  

 

Ауаның ластануынан ерте өлетіндердің саны қанша?

Ауаның ластануынан жыл сайын әлем бойынша үш миллионға тарта адамның ерте дүниеден озатынын анықтады ғалымдар. Бұл жайында Nature басылымында жазылды. Йос Леливелд (Jos Lelieveld) пен оның әріптестері әлем бойынша халықтың орналасуына, денсаулығына және өлу көрсеткіштеріне қатысты статистиканы негізге ала отырып, атмосфераның химиялық құрамына талдау жүргізіп, мәліметтерді салыстырған. Зерттеудің нәтижесінде адамның ерте бақилық болуына үй шаруашылығындағы, дәлірегі, тұрмыстық қалдықтар (ошақтағы оттан бөлінетін түтін, ыс және өзге қалдықтар) әсер ететініне көз жеткізген. Тұрмыстық қалдықтардың әсерінен өмірден ерте өтетіндер, әсіресе, Үндістан мен Қытайда көп кездеседі. Ал АҚШ-тың және өзге де дамыған елдерде автокөлік пен электр стансаларынан бөлінетін зиянды қалдықтар адамдардың ерте қайтыс болуына әсер ететін себептердің бастысы болып табылады. Ғалымдардың есебінше, атмосфераның ластануынан қаза табатындар қарасы 2050 жылға қарай екі есе артып, осыған қатысты көрсеткіш алты миллионға жетуі мүмкін. Әсіресе, ауаның ластануынан Оңтүстік-шығыс Азия мен батыс Океания елдерінде ерте өлетіндер қарасы артады. 

2 пікір
  • адамзат - біртұтас ағза секілді
    9 жыл бұрын
  • Баланс бұзылған соң, осылай болатын шығар.
    Апам айтушы еді, бәленің бәрі жердің бетіне шығып кетті ғой, деп.
    9 жыл бұрын
Мұрағат