Сахара күллі әлемді энергиямен қамтамасыз ете алады (видео)
Сахара күллі әлемді энергиямен қамтамасыз ете алады (видео)
4 жыл бұрын 3407 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Энергияға деген қажеттілік тұтынушылық сұраныстың артуына байланысты жылдан жылға өндіріс қуатының ұлғаюына байланысты артып келеді. Осындай себеппен қоршаған ортаға зиянсыз баламалы энергия көздерін іздеу бір сәтке де тоқтатылмайды. Бұл жолы ғалымдар әлемдегі ең үлкен шөлге – Сахараның әлеуетіне назар аударып отыр. Ұшы-қиырына жету үшін құстың қанаты талатын ұлан-ғайыр аумақтағы шөлдің географиялық орналасқан орны да, яғни, күн сәулесі мол түсетін ендікте орналасуы да жаңғартпалы энергия көзін артығымен өндіруге қолайлы. Сахараның көп бөлігі иен жатыр. Герхард Нис есімді неміс ғалымының есебі бойынша бар-жоғы 6 сағат ішінде аталған шөлде адамзат бір жылда тұтынатын энергиядан артық энергия өндіруге болады. Жалпы ауданы 8 600 000 шаршы шақырымды алып жатқан шөлдің тек 1,2% аумағына ғана күн батареяларын орнатса, күллі әлемді энергиямен қамтамасыз етуге осының өзі жеткілікті көрінеді. Әлбетте, орасан зор жобаны жүзеге асыруға едәуір қаражат кетеді. Осы мақсатта түрлі компаниялармен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Сахарада күн панелдерін орнатуға арналған «Desertec» жобасы 2009 жылы қолға алынған. Дәлірегі, аталмыш жоба 400 млрд еуро инвестицияны қажет етеді. Есесіне ол бірнеше жылдан кейін өз-өзін ақтайды. Десе де бұл жобаны жүзеге асыру жолында кездесетін түрлі логистикалық әрі саяси кедергілерді еңсеру керек алдымен. Бұған қоса, мұнай шикізатына иек артқан Африка солтүстігіндегі елдер бұл жобаға құлшыныс танытып отырмағанын айта кету керек.

0 пікір
Мұрағат