Айыппұлды қалай мүлде төлемеуге болады?
Айыппұлды қалай мүлде төлемеуге болады?
7 жыл бұрын 4703 Baq.kz

Жаңа жылдан бастап бір айлық есептік көрсеткіш мөлшері 2269 теңгеге жетті. Бұл бірінші кезекте жол ережесін бұзғандарға салынатын айыппұл мөлшерін шарықтатып жіберді. Бүгінгі күні еліміздегі ең қымбат айыппұл жарты миллион теңгеге жуықтап қалған. Ал заңгерлер мерзімі 1 жылдан асып кеткен, алайда, өзіңізден сот орындаушылар арқылы өндірілмеген айыппұлдарды мүлде төлемеуге болады деп отыр.

18 жылдан бері темір тұлпар тақымдап жүрген Ержан Қабыкенов тәжірибелі жүргізуші болсам да, ара-тұра қасқайып тұрған камералардың қырағы көзіне ілігіп қалам деп отыр. Орташа жалақыға өмір сүріп жүрген Алматы тұрғыны дәл осындай жағдайда, отбасымның аузынан жырып 80-100 мың теңгені бюджетке аударуыма тура келеді деп налиды. Бір жағынан, жұмыссыздық, екінші жағынан, дағдарыс қыспаққа алған, тұрғындарының тұрмысы оңалып үлгермеген мемлекетте айыппұлдар мөлшерін аспандатып қою халықты тонаумен тең, дейді ол.

«Мемлекеттегі жалақының мөлшері мен анау Еуропа елдеріндегі жалақының мөлшері әртүрлі, жер мен көктей. Соған байланысты бұл айыппұлдардың көлемі әділетсіздеу деп есептеймін негізінде», - дейді жүргізуші Ержан Қабыкенов.

Көлікті мас күйінде айдаған немесе мас адамға автомобиль тізгінін ұстатқан зейнеткерлер, жүкті әйелдер сияқты әкімшілік арест қолданылмайтын жүргізушілерге 200 айлық есептік көрсеткіш, яғни 453 800 теңге айыппұл салынады екен. Тоқтау ережесін бұзған немесе мүгедектерге арналған тұрақты пайдаланған жүргізушілерге 113 450 теңге. Ал жылдамдықты 20-40 шақырым сағатқа дейін арттырғандар 22 690 теңгеден 68 070 теңгеге дейін айыпталмақ.

«Авто ЦОН-ның базасының бір проблемасы ол 5 жыл, 6 жыл, 7 жыл өтіп кеткен де штрафтар шыға береді. Кейбір кездерде төленіп кеткен айыппұлдар да шығады. Ал ол айыппұл бойынша ГАИ не ескерту, ештеңе жібермеген», - дейді Е.Қабыкенов.

Ал заңгер Серік Айтбаев өзіңізден 1 жыл бойы өндірілмеген айыппұлдарды төлеуден мүлде бас тартуға болады дейді. Ол үшін электронды үкімет порталынан айыппұлдың мерзімі көрсетілген көшірме қағаз шығарып, еркін формада өтініш жазып, Әкімшілік полиция басқармасына тапсыру қажет екен. Алайда, бұдан бұрын атқарушылық іс жүргізу бойынша борышкерлер тізімінде өзіңіздің жоқ екеніңізге көз жеткізіп алыңыз дейді маман.

«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 890 бабына сай, әкімшілік айыппұлдың орындалу мерзімі 1 жылға тең. Егер бұл мерзім өтіп кетсе, іс сот орындаушыларға тапсырылмаса, оны мүлде төлемеуге болады. Өтініш жазып, бұл айыппұлды жүйеден алдыртып тастай аласыз», - дейді заңгер Серік Айтбаев.

Өтініш өткізілгеннен кейін 30 күннің ішінде өкілетті органнан жауап хат келуі тиіс. Егер өтінішіңіз қанағаттандырылмаса, сотқа немесе прокуратураға шағымдануға болады екен.

0 пікір
Мұрағат