Экологиялық қауіпсіз жобалардан да жануарлар қырылып жатыр
|
Жаңғыртпалы энегрия көздері қоршаған ортаға зиян келтірмейді деген түсінік өз мәнін жоя бастады. Десе де ауаны, суды ластап отырған энергия көздеріне қарағанда, әлбетте, жаңғыртпалы энергия көздерінің қоршаған ортаға тигізер залалы аздау. Мәселен, қоршаған орта мен экологияға барынша қауіпсіз энегрия көздеріне көшіп жатқан скандинавиялық елдер, соның ішінде, Швеция жел энергиясын белсенді пайдалана бастады. Алайда, желден энергия өндіретін генераторлар жемін түнде аулайтын жарқанаттардың қырылуына себеп болып отыр. Осыған байланысты шведтердің энергетикалық және табиғатты қорғаумен айналысатын мемлекеттік агенттіктер очсы бағытта арнайы зерттеу жүргізіп көрген екен. Нәтижесі мамандар мен экологтарды алаңдатып отыр: генератордағы әрбір «пропеллер» күніне орта есеппен алғанда 10-15 жарқанаттың өліміне себеп болады екен. Әдетте жарқанаттар мұншалықты көп қырылмас па еді, егер қорегі болып табылатын жәндіктер айналып тұратын генератор "қанатына" үйір болмағанда. Осы зерттеуге қатысқан Лунда университетінің орнитологы Мартин Грен (Martin Green) "желдиірменнен" жарқанаттардың да тұқымы құрып кетуі мүмкін екенін ескертіп отыр. Қазіргі уақытта аталған ел аумағында, дәлірегі, құрлықта жұмыс істеп тұрған 3 378 "желдиірмен" жарқанаттарға қауіп төндіруде. Жаңғыртпалы энергия көздерін көптеп өндіру үшін олардың саны да алдағы уақытта артатын болады. Бұл өз кезегінде жарқанаттардың қырылуына себеп болмақ. Бұл тығырықтан шығу үшін "желдиірмендердің" жұмысын түнде тоқтату турасында ұсыныстар айтылып жатыр. Яғни, түнде ондай құрылғылардың жұмыс істеуіне жергілікті билік арнайы рұқсаты берілетіндей жүйе енгізілуі мүмкін. Оның өзінде де желсіз түндерде ғана тоқтатуы мүмкін. Бұдан энергиямен қамтамасыз ету көрсеткіші кеміп қалмайды - 1 пайыздан төмен.