Бутстрэппинг: инвестицияны қажет етпейтін бизнес
Бутстрэппинг: инвестицияны қажет етпейтін бизнес
7 жыл бұрын 3985 7kun.kz Айару Өтенбаева

Әлем бойынша бутстрэппинг кәсіпкерлердің арасында үлкен танымалдылыққа, беделге ие. Бүгінгі күні өз кәсібін бутстрэппинг арқылы бастап, сәтті жүргізіп жүрген кәсіпкерлердің саны күннен күнге артып келеді.

Әлемдегі экономикалық дағдарыстың салдарынан бутстрэппинг бізге белгілі бизнес стартаптардың ішінде жетекші орынды иемденеді. Бутстрэппинг отандық кәсіпкерлеріміздің арасында енді таныла бастағандықтан, оның қазақ тіліндегі тура мағынасын дөп тауып айту қиын. Ағылшынша ол  “аяқ киімнің бауы” дегенді білдіреді. Алайда, Ұлыбританияда бұл сөз ерте кезден тура мағынада емес, “өз дегеніне ешкімнің көмегінсіз жету” деген ұғымда қолданылған.

Әрине, жас кәсіпкерлердің басым бөлігі инвестордың көмегіне жүгінуді жөн көреді. Көпшіліктің пікірінше, инвестиция арқылы кәсіптің табысқа кеңелу ықтималдығы жоғары. Дегенмен, бұл әдісті 100 пайыз тиімді деп санау қателік. Себебі, кәсібіңіз шығынға ұшыраған күннің өзінде инвестордың қаржысын қайтаруға міндеттісіз. Бүгінгі күні бизнесте бутстрэппинг кәсіпті өз қаржыңа, инвестордың қолдауынсыз жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Бутстрэппингтің тиімділігі неде?

Кәсіптен түскен қаржының 100 пайызы өзіңізге тиесілі.  Тәжірибе жинап, бюджетіңізді тиімді жұмсап үйренесіз. Бюджетін ұтымды пайдаланатын бизнесмендер инвесторлардың арасында жоғары бағаланады. Сәйкесінше қаржылай сақтандырусыз жетістікке жеткен кәсіпкерге инвестор табу қиын емес.

Бутстрэппинг сізге өз еркіңізбен кеңес шығаруға, өз ойыңызды еркін жүзеге асыруға көмектеседі. Инвестор немесе кредитордың пікірінен тәуелсіз жұмыс істей аласыз.

Бутстрэппингтің кемшіліктері

Жұмысты тым баяу жүргізсеңіз, кәсіптің қоғамға қажеттілігі төмендеп, банкрот болуыңыз мүмкін. Ісіңіз алға баспаған жағдайда ұзақ уақыт бойы жинаған қаржыңыз желге ұшады. Бутстрэппингпен жұмыс істеу үшін мойныңыздағы үлкен жауапкершілікті сезінуіңіз керек.

Беделді бутстреппер болғыңыз келсе

Ең алдымен жас бутстрэппер ретінде өз аудиторияңызды зерттеңіз. Кейбір кәсіпкерлердің сөзінше, бутстреппинг бизнес-жоспар бойынша жұмыс істеуді талап етпейді. Алайда, жоспар арқылы өз кәсібіңізді басқару, бақылау жеңілдей түседі. Сіз көпшілікке қажетті, бәсекеге қабілетті кәсіппен айналысқаныңыз абзал. Мүмкіншілік бар жерде өз өңіміңізді, қызметіңізді жарнамалағаныңыз дұрыс. Қаржыңыз аз болса да өз кәсібіңізге максималды табыс әкелудің жолдарын қарастырыңыз. Кәсібіңіз “аяққа тұрғаннан” кейін инвестор, ірі компаниялар сізбен қуана серіктестікке отырады. Интернет пен инновациялық технологиялардың дамыған заманында кәсібіңізді Facebook, “Вконтакте”, Instagram сынды әлеуметтік желілерде жарнамалаңыз. Экономист Бижой Госвамидің ойынша, бутстрэппер “дәл жерде, дәр мерзімде” жұмыс істеу қағидасын ұстануы қажет. Сондай-ақ, көп ақша табуды емес, адамға қажетті өнім өндіруді басты мақсатыңызға айналдырғаныңыз абзал. Қаржы аз кезде креативті ойлардың негізінде сапалы инновациялық өнімдер туындайды.

Біліміңізді жетілдіріңіз. Нақтырақ айтқанда, бутстрэппинг туралы дәрістерді тыңдап, кітаптарды көптеп оқысаңыз, кәсібіңізге пайдасын берер тиімді нәтиже шығарасыз. Бірінші кезекте бутстрэппердің кім және қандай қызмет түрімен айналысатынын түсіну үшін Годин Сеттің “Библия бутстреппера” деген кітабын оқуға кеңес береміз.

Үнемшіл болыңыз. Бутстреппер үшін аз ғана қаржының өзі маңызды екенін жоғарыда ескердік. Сондықтан, банктік шотыңыздағы ақшаны дұрыс пайдаланыңыз. Нақтырақ айтқанда, қажет емес құрылғыларға қаржы жұмсамаңыз. Мысалы, офисті, серверді жалға алудың қажеті жоқ. Үйіңізде отырып жұмыс істей аласыз. Қызметкерлерге келер болсақ, ойыңызды құптайтын, бірақ, алғашында тегін немесе шағын жалақыға көмек көрсетуге дайын серіктесіңіз болса, мақсатыңызға жету жеңілдейді.

Асығыс шешім қабылдамаңыз. Кейде бос уайымның салдарынан жас кәсіпкер бұрыс шешім қабылдап жатады. Сондықтан бірінші кезекте абыржымауға кеңес береміз. Адам үшін аса қажетті өнім өндіруге тырысыңыз. Бұрын-соңды болмаған ерекше қызмет көрсету жүйесін де ойластырыңыз. Осы ретте Жапониядағы үй жануарларымен бірге тамақтануға мүмкіндік беретін зоо-дәмханаларды мысалға алайық. Ең алғаш зоо-дәмхана 2004 жылы Осака қаласында пайда болды. Қазіргі таңда олардың танымалдығы Жапониядан бөлек, күллі әлемге тараған. Негізінен жапондықтар үй жануарларын қатты жақсы көреді. Алайда, бұл қызмет түріне дейін тығыз жұмыс уақытына байланысты олардың жануарға күтім жасауға жағдайы жоқ еді. Зоо-кафе қоғам сұранысын анықтай отырып, мемлекет азаматтарының сұранысын қанағаттандырды. Жалпы, осы сынды тың идеядан жоба бастасаңыз, міндетті түрде жетістікке жетесіз.

0 пікір
Мұрағат