Таяуда оңтүстіккореялық әйелдердің бойы Солтүстік Кореядағы еркектермен теңесуі мүмкін (ФОТО)
Таяуда оңтүстіккореялық әйелдердің бойы Солтүстік Кореядағы еркектермен теңесуі мүмкін (ФОТО)
8 жыл бұрын 3090 ҚазАқпарат Ерлан Қожакелдиев

Бір ұлт, екі мемлекет. Тағдыр тәлкегімен екі айырылған, екі жолды таңдаған кәрістер. Өткенге бірауық көз жіберсек, тар жол тайғақ кешуден өткен бұл халық талай-талай зобалаңды бастан кешті. 1910 жылдан бастап Екінші дүниежүзілік соғыстың аяғына дейін Жапония отары болды. 1945 жылдың 10 тамызында Жапонияның капитуляциясынан кейін түбек кеңестік солтүстік аймаққа және америкалық оңтүстік аймаққа бөлінді. Оңтүстік Кореямен арада туындаған шиеленістерге байланысты қорғаныс мәселелеріне қаржысының басым бөлігін жұмсаған Корей Халық Демократиялық Республикасының экономикасы өткен ғасырдың 80-жылдарында құлдырауды бастады. Содан бері бұл ел еңсесін көтере алмай келеді.

Ал Оңтүстік Корея 1960 жылдары қарқынды экономикалық дамуды алдына мақсат етіп қойды және көздегеніне жетті де. Сол кезеңде Кореяны "Ханган өзені бойындағы ғажайып" деп  те атады.

Тарихқа үңілсек, 1948 жылы Корей үкіметі жаңадан құрылған шақта елді кедейшілік пен жұмыссыздық жайлап, жан басына шаққандағы ЖІӨ небәрі 67$-ды құраған болатын. Ал қазіргі таңда бұл көрсеткіш 31700$-ға жетіп, Корея әлемдегі экономикасы дамыған 20 елдің арасынан ойып тұрып орын алды. Ал Солтүстік Кореядағы жағдай тым ауыр. Халық тойып тамақ жемейді, бұл балалардың бойларының өсуіне кері әсер еткен.

БАҚ-тарда Солтүстік Корея тұрғындарының  Оңтүстік Кореядағы ағайындарынан бойлары аласа екендігі жайлы ақпараттар қылаң беріп қалады. Тіпті 2010 жылы британдық-американдық саяси шолушы Кристофер Хитченс солтүстік корейлер оңтүстіккорейлерден бойлары 15 сантиметрге аласа деп те жазған болатын. Ал АҚШ сенаторы Джон Маккейн 2008 жылы сөзсайыс барысында Солтүстік пен Оңтүстік халқының бой айырмашылығы  жеті сантиметрден сәл жоғары деген еді.

Ал өткен аптада британдық Independent басылымы «Солтүстік Корея тұрғындарының бойлары Оңтүстіктегі ағайындарынан орташа алғанда 7 сантиметрден астам төмен» деп жазды. Бұл айтылғандар шындыққа жанаса ма? Зерттеушілердің  дәйектері не дейді?

Оңтүстік Кореядағы Сонгюнгван университетінің профессоры Даниель Швекендик КХДР-дан келген босқындардың бойларын өлшеген. Оның айтуынша, солтүстіккореялық ер адамдар оңтүстіктегі бауырларынан үш-сегіз сантимер төмен болған. Бұл олардың балаларына да тән. Профессордың сөзіне қарағанда, «мектепке дейінгі балалар оңтүстіктегілерден 4 сантиметр, ал қыздар - 3 сантиметр аласа».

1995 жылдан бері КХДР-ға азық-түлікпен көмектесіп келе жатқан Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының тамақтандыру мәселесі жөніндегі бөлімінің басшысы Мартин Блумның пікірінше, балалық шақтағы тамақтың кемшін болуы адам бойының өсуін тежейді.

Тоқсаныншы жылдардың ортасында Солтүстік Корея сұмдық аштықты бастан кешті. Тарихқа үңілсек, бұл зобалаң бірнеше миллион адамның өмірін жалмады.

Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы өкілінің сөзіне қарағанда,  бүгінгі таңда КХДР-да әрбір үшінші сәби тоя тамақ жемейді, соның салдарынан солтүстіккореялық балалар өздерінің кішкентай болуымен ерекшеленеді.

Ал Оңтүстік Кореяның бұл елден артықшылығы, бірнеше ондаған жылдар бойы ұдайы экономикалық өрлеуде болды. Мартин Блумның айтуынша, «экономиканың көтерілуі - халықтың өсуінің негізгі факторларының бірі». Яғни солтүстіктегілер аласа тартып жатса, оңтүстіктегілер өсу үстінде. «Осылай жалғаса берсе, таяуда орташа алғанда оңтүстіккореялық әйелдердің бойы Солтүстік Кореядағы еркектермен теңесуі ғажап емес», дейді профессор Швекендик.

«Әдетте, әйелдердің ерлерден бойларының биік болуы аса ерекше құбылыс».

25 жылдың ішінде оңтүстік жұртшылығы 6 сантиметрге өскен. Оңтүстік Корея сауда, өнеркәсіп және энергетика министрлігінің техникалық стандарт жөніндегі комитеті соңғы екі жыл бойы тұрғындардың дене бітімінің ерекшелігін зерттеген. Олар елдің әр өңірінде тұратын 21 мың еркек пен әйелдерді тексерген. Оның нәтижесін 30 қарашада  жария етті. Алынған мәліметтерге сәйкес, 20 мен 29 жас аралығындағы ер адамдардың орташа бойы 173 см (173,2 см), ал салмағы 70 келіге (69,8 келі) жуық болған. Бұл деректерді өткен ширек ғасырмен салыстырғанда 6 сантиметрге жуық (5,8 см) өскен және салмағы 9 келіге (8,8 келі) артқан. Ал 20-дан 29 жас аралығындағы әйелдердің орташа өсуі 160 сантиметрді құрайды, салмақ шамамен 54 келі (54,1 келі). Ал 1979 жылы  нәзік жандылардың салмағы 52 келіге  (51,9 кг) жуық, ал бойлары 155 сантиметрден сәл астам (155,4 см) болған.

Тағы бір айта кетер жайт, КХДР билігі 142 сантиметрге дейінгі жастарды әскер қатарына алуға шешім қабылдап отыр. Бұған себеп, шақырылатын жастардың көпшілігінің бойлары 145 сантиметрге жетпеуде.

Ал Оңтүстік  Кореяда керісінше, әскер қатарына шақырылатын жастардың бойлары 172 сантиметрді құрайды.

Ал Оңтүстік  Кореяда керісінше, әскер қатарына шақырылатын жастардың бойлары 172 сантиметрді құрайды.

                                          Ерлан Қожакелдиев

 null         

null     

null  

null

null

null

null

null

null

null

null

null

null

null

Дереккөздер: BBC News. www.bbc.com. "Сеульский вестник". NKDaily.

                                          

 

0 пікір
Мұрағат