Солтүстік Корея ядролық қарудан бас тартпақ
Солтүстік Корея ядролық қарудан бас тартпақ
6 жыл бұрын 5653

АҚШ Президенті Дональд Трамп Солтүстік Кореяның ядролық қарудан бас тартқысы келетін ниетін дұрыс деп тапты, ендігі кезекте Пхеньянмен кездесіп, бұл мәселені түбегейлі шешуді қолға алмақшы. Бұл туралы Baq.kz ақпарат агенттігі СNN басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Ақ үйдің ресми өкілі АҚШ Президентінің бірден келісімге бара салмайтынын айтты. Оған дейін Солтүстік Корея сенімге кіре алатындай іс-әрекет жасауы тиіс деп отыр.

«Денуклеаризация бағытына қарай толық шешім шығарғанша, сенімге кіре алған жағдайда ғана, біз бұл мемлекетпен келісімшарттар жасасамыз» деді шенеунік. Президент әкімшілігінің өкілі Солтүстік Кореяға тек ядролық сынақтарды тоқтату немесе баллистикалық зымырандарды сынауды доғару жеткіліксіз екенін білдірді.

«Егер Солтүстік Корея тек уақыт ұту үшін өздерінің «ақ ниетін» білдіріп жатса, бізге көзбояушылық танытса, онда мұның ғұмыры ұзаққа бармайды. Бұл «фильмді» біз бұрын да көргенбіз, сондықтан нәтиженің оң болатынына көзіміз жеткенде ғана АҚШ келісімге келеді», - деді.

Ал Президент Дональд Трамп та өз пікірін білдірді.

«Менің ойымша, Солтүстік Кореяның ядролық сынақтан түбегейлі бас тарту туралы ойлары - өте позитивті шешім. Бұл бүкіл әлем мүддесі үшін пайдалы болмақ. Ал нәтижесін көрерміз», - деді ол.

Сондай-ақ, Трамп Пхеньян жеріндегі қаруды талқандау ісінде кеш қалғанын айтады, яғни бұл қарулардың көзін жою өзінен бұрынғы президенттің кезінде шешілуі тиіс болатын деген ойын қайталап айтып өтті. Ал Солтүстік Кореяның ел қатарлы Олимпиада ойындарына қатысуын құптады.

Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын ядролық және зымыран сынақтарын доғаруға келісіп отыр. Бұл мәселені Пхеньян Сеул тарапымен де талқылаған. Оңтүстік Корея Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы Чун Ю Ен осы аптада АҚШ-қа сапар шегіп, ағайынды мемлекетпен ара-қатынасын реттеуде Ақ үйден көмек сұрамақ.

Ал АҚШ тарапы осыған дейін 27 жыл бойы Солтүстік Кореяның талай келісім жасап, артынан бас тартып кеткенін атап өтті. Яғни, сенімнен шыққан елдің бұл жолғы шешіміне де күмәнмен қарайтын саясаткерлер көп.

0 пікір
Мұрағат