Шетелдіктерге бөлек курорт ашып береді
Шетелдіктерге бөлек курорт ашып береді
6 жыл бұрын 2011 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Естеріңізде болса, Саудия билігі елдегі туризм саласын дамытуға барлық қолайлы жағдайды жасауға кіріскенін кезінде хабарлаған болатынбыз. Виза беруден бастап, басқасына дейін. Десе де Саудия ханзадасы Сұлтан бин Салман бин Әбдіәзіз визаны кімдер аштыруға құқылы болатынын және оны аштыру жолдарын анықтау мәселесі қалғанын мәлімдеген болатын. Елдегі туризм саласы - игерілмеген тың сала. Интеграциялану, жаһандану заманында туризмнің айы оңынан туып тұр. Ең бастысы, туризмді табыстың көзіне айналдырған елдердің қатарынан көрінгісі келген саудиялықтар тың жобаларды қолға алмақшы. Соның ішінде, шетелдіктерге арнайы курорт ашып беру. Бұл, бір жағынан, шариғат талаптары қатаң сақталатын елде наным-сенімі өзге шетелдіктерге де қолайлы жағдай болмақ. Былайша айтқанда, арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей, екі ортадан жол табудың амалы десе болады. Күнкөріс көзі тек шикізатқа, дәлірегі, мұнайға тұтастай тәуелді елдің экономиканы диверсификациялаудағы алғашқы қадамы деп бағалауға болады. Туризм саласына көңіл бөлгенін. Нақтырақ айтқанда, туризм саласын дамыту үшін Қызыл теңіздегі 50 аралды курортқа айналдыру турасындағы амбициялық мақсатын жария еткен елде бұрын туристік виза аштыру тек санаулы елдерге ғана рұқсат етілген болатын. Оның өзінде де бірқатар шектеулер мен талаптар бар болатын. Мәселен, тіркеуден өткен компания арқылы елге келуге және тоқтайтын қонақ үйі атап көрсетілгенде ғана рұқсат берілетін еді. Бұған қоса, аталған ел аумағына тек іскерлік мақсатта келетін бизнесмендерге, қажылығын өтеуге келетін мұсылмандарға, сондай-ақ, осы елде тұратын туыстарын көргісі келетін шетелдіктерге ғана виза ашатын. Бұл ретте жасы 30-ға толмаған шетелдік әйелдердің жанында қамқоршысы (ері, ағасы, т.б.) еріп жүруі тиіс-тұғын. 

0 пікір
Мұрағат