Шартарап: Британиядағы ең семіз кірпі диетаға «отырды»
Шартарап: Британиядағы ең семіз кірпі диетаға «отырды»
8 жыл бұрын 3474 24.kz Daily Mail Г.Абилова

Бакингемшир графтығынан табылған кірпінің салмағы қанша келі дейсіз ғой? Анау-мынау емес, 2 келі тартатын бұл жабайы табиғат өкілін жергілікті бақтан тауып алған тұрғындар аңдарға арналған «Tiggywinkles» клиникасына дереу жеткізіпті. Себебі, оның салмағы әдеттегіден екі есеге артық болып шыққан. Енді тікенекті аң қалыпты көрсеткішке дейін арықтағанша клиникада болады. «Қазір ол диетада отыр. Әзірге 280 грамға арықтады. Қалыпты салмаққа қайтып оралу үшін ол әлі 1 келіге арықтауы керек», - дейді «Tiggywinkles» клиникасының негізін қалаушы Лес Стокер.  Кірпінің неден мұнша семіргені белгісіз. Стокердің пайымдауынша, ол итке берілетін арнайы жемді жеген болуы керек. Себебі, бақты аралауға келген адамдар өздерімен бірге әкелген ит жемін «аш қалмасын» деп, кірпілерге қалдырып кетеді екен. Стокердің айтуынша, бұл кірпі осы жемді жеп, енді болмағанда жарыла жаздаған. Бірақ, ол дұрыс тамақтану мен арнайы қимыл-қозғалыстар арқасында жуық арада табиғатқа қайтып оралатын болады.

Сауд Арабиясында мысықтармен селфиге түсуге тыйым салынды

Сауд Арабиясында белгілі діни қызметкер Салах Бин Фаузан әл-Фаузан мысықтармен селфиге түсуге болмайтынын мәлімдеді. Бұл туралы «Newsweek» ақпарат көзі хабарлайды. Оның айтуынша, Сауд Арабиясы мұндай әрекетімен Батыс мәдениетіне еліктейді. Бұл ретте селфиге тек мысықтармен ғана емес, иттермен, қасқырлармен және өзге де жануарлармен түсуге тыйым салынады. Сондай-ақ «Покемон» мультфильмінің желісі бойынша пайда болған үстел ойындарын да ойнауға болмайды. Дін қызметкерінің айтуынша, мультсериал кейіпкерлері ел тұрғындарын ислам заңдарына қарсы келетін құмарлыққа үйретеді. Сауд Арабиясында бұдан бұрын өзінің «Twitter» парақшасында жүздеген хабарламалар арқылы атеистік көзқарасын білдірген ер адам 10 жылға сотталып, оған 2 мың дүре соғу жазасы берілген болатын. 

Италияда құс тұмауы өршіді (видео)

Италияда құс тұмауына шалдыққан 70 мың тауықтың көзі жойылды. Құс етін өндірушілердің шығыны шаш етектен. Соңғы екі аптада қауіпті вирус 3 ірі құс фабрикадан анықталды. Олардың маңындағы шаруашылықтарда карантин жарияланып, мамандар әр өндіріс орнын жіті тексеруде. Мұндай жағдайлар Италияда бұған дейін де болған. Қауіпті вирус құс түгілі, адамды да жалмауы мүмкін. Алайда, мамандар дәл қазір бұл дерт халық арасында таралмауы да ықтимал деп отыр. Антонио Мастино, Фармокология институтының директоры: - Бұл дерт тамақ, жұмыртқа, құс еті арқылы бірде-бір рет таралмаған. Мұндай оқиға еш жерде тіркелмеген. Қауіпті кеселді ең әуелі фабрика жұмысшылары жұқтыруы мүмкін. Бірақ, құс тұмауы адамнан адамға өтпейді.

 

0 пікір
Мұрағат