Сауд Арабиясы мұнай экспортын күрт азайтады – Bloomberg
Сауд Арабиясы мұнай экспортын күрт азайтады – Bloomberg
7 жыл бұрын 2655

«Қара алтын» экспортын азайту туралы шешім Сауд Арабиясы королінің Ресейге сапарынан кейін қабылданды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі. Бұл туралы Bloomberg агенттігі корольдік энергетика министрлігінің хабарламасына сүйеніп жазады. 

Мұнай экспортын күрт азайту туралы шешім жақында король Салман ибн Абдул Азиз Аль Сауданың Мәскеуге жасаған сапарынан кейін қабылданды. Король Ресейге жұмыс сапары барысында президент Владимир Путинмен кездескен еді.

Агенттіктің мәліметінше, мемлекеттік Saudi Aramco мұнай монополиясы келесі айда мұнай экспортын тәулігіне 560 мың баррельге қысқартады. Корольдік мұнайдың жаһандық қорын азайтып, сұранысты арттыру үшін осындай қадамға барып отыр. Қазіргі таңда Эр-Рияд тәулігіне 7,7 миллион баррель мұнай экспорттайды, ал қысқарту аясында бұл көлем 7,15 миллионға дейін азаймақ.

«Сауд Арабиясы 30 қарашада Венада өтетін ОПЕК кездесуі қарсаңында әлемдік мұнай нарығын тұрақтандыруға ұмтылуда тағы да айрықша көшбасшылық танытып отыр», - делінген министрлік хабарламасында.

Сауд Арабиясы ОПЕК+ келісімінің басқа қатысушылары да олардан үлгі алады деп үміттенеді.

Ведомствоның мәліметіне сүйенсек, қыркүйек айының қорытындысы бойынша корольдік сұраныстың жоғары болуына қарамастан күніне 6,7 млн баррель ғана мұнай экспорттаған.

5 қазанда Сауд Арабиясы королі мен Ресей президенті Мәскеуде келіссөз жүргізді. Кездесу қорытындысы бойынша қару-жараққа қатысты бірнеше келісімшарт, соның ішінде Эр-Риядқа С-400 ресейлік зымыран кешендерін жеткізу туралы келісім бекітілді.

Айта кетсек, Астана уақытымен 23:33-тегі жағдай бойынша, Brent маркалы мұнайдың желтоқсан айындағы фьючерстерінің бағасы 0,11%-ға, 55,86 долларға дейін өсті. Ал WTI мұнайының қарашадағы фьючерстерінің бағасы 0,68%-ға төмендеп, 49,64 долларды құрады.

0 пікір
Мұрағат