Ресей ядролық қарулануға тыйым салу келіссөзінен бас тартты. Неге?
Ресей ядролық қарулануға тыйым салу келіссөзінен бас тартты. Неге?
7 жыл бұрын 2860 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Ресей Федерациясы Нью-Йорк қаласында ағымдағы жылдың наурыз айының 27-і күні өтетін ядролық қарулануға тыйым салу жөніндегі алқалы жиынға қатысудан бас тартып отыр. Ресей билігі «ядролық қарулануға тыйым салуға әлі ерте, яғни, уақыты келген жоқ» деп есептегендіктен осындай шешім қабылдаған. Бұл жайында «Коммерсантъ» мерзімді басылымы РФ сыртқы істер министрлігінің қаруды таратпау және бақылау мәселелерімен айналысатын департамент директоры  Михаил Ульяновқа  сілтеме жасай отырып, хабар таратты. Михаил Ульянов РФ билігінің әлемнің ядролық қарулануына қарсы екенін жеткізе келе бұл шараның саналы түрде, кезең-кезеңімен және барлық жағдайды ескере келгенде ғана өз нәтижесін беретінін мәлімдеді. Дипломаттың түсіндіруінше, бұл мәселе соншалықты өзекті болып отырған жоқ бүгінгі таңда, өйткені, оның айтуынша, ядролық қару, бір жағынан, әлемдегі тұрақтылық және тепе-теңдіктің кепілі болып отыр. Айта кетейік, тек Ресей ғана емес, сонымен қатар, Қытай мен АҚШ-тың өзі де бұл мәселеде асығыстық танытпау керектігін алға тартып отыр. Нақтырақ айтқанда, АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік кеңесінің директоры Кристофер Форд аталмыш бастамаға түбегейлі қарсы екенін жеткізді. Естеріңізге сала кетсек, ядролық қарулануға тыйым салу конвенциясын әзірлеуді Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясы ұсынып, осы мақсатта халықаралық келіссөз жүргізу туралы шешім қабылдаған еді. БҰҰ-ның бұл бастамасын 2016 жылдың желтоқсан айының 23-і күні әлемнің 113 елі қолдады, 13 мемлекет қалыс қалып, 35-і қарсы шықты.

0 пікір
Мұрағат