Ресей де, Қытай да әлемдік экономикаға қауіпті ойын бастады
Ресей де, Қытай да әлемдік экономикаға қауіпті ойын бастады
6 жыл бұрын 5496 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Валюталық бағам әлемнің түрлі елдерінің сыртқы саудасына елеулі әсер етеді. Яғни, экспорт пен импорттың бағалары арасындағы арасалмаққа әсер етіп, елдің ішкі экономикалық ахуалында өзгерістер тудырады. Сондай-ақ, кәсіпорын табысына да, олардың арасындағы бәсекелестікке де өз ықпалын тигізеді. Валюта бағамына қарай кәсіпкер өзінің өндірістік шығынын әлемдік нарықтағы бағамен салыстыра алады. Бұл өз кезегінде сыртқы экономикалық операциялардың нәтижесін шығаруға көмектеседі. Валюта бағамы бірден көтеріліп немесе күрт құлдырап, қатты ауытқыса халықаралық экономикада тұрақсыздық тудырады. Соның ішінде, валюталық-несие және қаржы секторында. Сондай-ақ, әлеуметтік-экономикалық салдары ауыр болып, өзге елдердің ұтылып, шығынға батуына алып келеді. Қысқасы, салдары ауыр болмақ. Әлем экономикасы долларға байланған. Әлемнің кез келген елі қаласа да, қаламаса да, долларға қарап "бой түзейді" - макроэкономикалық және микроэкономикалық, т.б. көрсеткіштерін долларға шағып есептеуге мәжбүр. Естеріңізде болса, кезінде АҚШ-тың федералды қорының айналымнан артық ақшаны алып тастағаны жөнінде хабар таратқан едік. Тіпті, Ресей билігі ақшаның құнсыздануына алып келетін әрекетке барды деп, дәлірегі, өз бас пайдасы үшін АҚШ станогы "сабан ақша" басып шығарып жатыр деп айыптаған да болатын. Соңғы уақытта геосаяттағы жағдайдың ушығуына байланысты, соның ішінде, Ресейге үсті-үстіне санкция салынуына байланысты Ресей экономикасы көп шығынға батуда. Бұл тарапта нақты статистикалық көрсеткіштерді келтіріп жатпаймыз. Өйткені, бұл көрсеткіштердің дені "қолдан жасалған". Былайша айтқанда,бір елдің саяси бағытын өзгертуі үшін көрсетілетін экономикалық қысым санкция деп аталса, АҚШ-тың Ресейге салған санкциясынан келген шығын, яғни, Ресейдің жалпы ішкі өнімі шамамен 1,2 пайызға кеміген. Өткен жылы. (Бұл дегенің орасан зор шығын - жалпы ішкі өнімнің тек 1 пайыз өсуінің өзіне қол жеткізу үшін жылдар кетенін ескерсек)) Бұл мәліметті Ресейдің сыбайлас жемқорлықпен, яғни, коррупциямен күрес қоры келтіріп отыр. Санкция астында қалған Ресей де, сауда соғысына байланысты Қытай да түрлі қулыққа барып отыр ма? Экономикасын құтқару үшін. Бұл жайында Ақ үй қожайыны Дональд Трамп Twitter әлеуметтік желісіндегі өзінің парақшасында екі елді өздерінің ұлттық валюталарының бағамын жасанды жолмен төмендетіп отыр деп айыптаған екен. "АҚШ пайыз ставкасын көтерген сайын Ресей мен Қытай валютаны девальвациялау ойынын жүргізуде",- деп жазыпты. Ресей Федерациясының қаржы министрлігі, міне, төртінші күн қатарынан ішкі нарықта валюта сатып алған емес: сәуір айының 11-13 күндері. Бұл жайында Ресей банк статистиканан көре аласыздар. Бұған қоса, аталған елдің қаржы министрі Антон Силуанов сәуірдің 10-ы күні АҚШ санкциясына байланысты валютаны сатып алу тетігін өзгертпейтінін мәлімдеді. Қысқасы, әлемдік экономикаға әсері онша сезіле қоймайтын шағын ел емес, әлемдік экономиканың бір-бір тірегіне айналып отырған екі ірі державаның жасанды жолмен валюта бағамын төмендетуі ертең дисбаланс тудырып, дағдарысқа алып келуі мүмкін. Бұл ойынның қауіптілігі осында. 

0 пікір
Мұрағат