Қытай қарызы: стратегиялық артықшылық па әлде қатерлі қауіп пе (жалғасы)
Қытай қарызы: стратегиялық артықшылық па әлде қатерлі қауіп пе (жалғасы)
5 жыл бұрын 2270 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

(Басы мына сілтемеде: http://islam.kz/kk/news/alem/qytai-qaryzy-strategiyalyq-artyqshylyq-pa-alde-qaterli-qauip-pe-11609/#gsc.tab=0)

Экономикасы қақынды даму үстінде болғанымен қытай экономикасының орташа табысы біртіндеп құлдырап келеді. Мұны 2015 жылғы көрсеткіштен байқауға болады: жалпы ішкі өнім өскенімен өнеркәсіп кәсіпорындарының жиынтық табысы 973 млрд долларға кеміп кеткен болатын. Екінші жағынан, аталмыш елдің банк жүйесі 9 жыл ішінде 11 рет өсу көрсеткішіне қол жеткізгенімен (34 трлн долларға дейін) бүгінгі таңда таза табыс 245 млрд доллардан аспай қалған еді. Яғни, XXI ғасырдың алғашқы он жылдығындағы 12−15%-дық табыс бүгінгі таңда 0,72%-ды құрап отыр. Бұдан бөлек, «нашар» несиелер мөлшері қатері артқан. Соның ішінде қайтарып алу мүмкін еместігі мойындалған несие мөлшері ел несие портфеліне шаққанда 0,57%-ға жеткен. Бір қарағанда, бұл көп сома да емес, десе де 2012 жылдан бері жыл сайын қайтпай қалатын несие мөлшерінің үлесі тұрақты түрде артып келе жатқанын ескерсеңіз, қаншалықты қауіп төндіретінін аңғарасыз. Әзірге ел билігі қатерлі шекке жеткен бұл мәселені түрлі шаралармен, соның ішінде қайта қаржыландыру, қаржыны қайта құрылымдау арқылы шешіп келе жатыр. Мұның өзі уақытша екенін, түбінде бұл қатердің бой бермей кететінін де ескерген жөн. Ел билігінің бұл қатердің бетін біржола қайтаратын басқа баламасы бар ма? Бұл жағына нақты жауап қату қиын. Егер қытай билігінің түрлі қаржылық оңалту шаралары ойдағыдай нәтиже бермесе, «нашар» несие мөлшері жалпы несие портфеліне шаққанда 22%-ға бір-ақ секірмек. Әзірге Қытай  экономикасының пайдасына негізгі екі фактор өз әсерін тигізіп отыр: біріншіден, сыртқы сауда балансының жағымды сальдосы – 2018 жылдың қорытындысы бойынша 351,76 млрд доллар. Яғни, бір жыл бұрынғы көрсеткішке қарағанда 1,7 есе көп. Десе де бұл сыртқы сауда экспанциясына тәуелді етіп тастайтын қатерлі қадам. Бұл экспанциядан айырылса, Қытай экономикасы кері кетеді. Осыны жақсы білетін ел билігі тарихи «Жібек жолының» осы заманғы жаңартылған нұсқасына – «Бір белдеу – бір жол» ғаламдық жобасына басымдық беріп отыр. АҚШ-пен арадағы сауда соғысы кезінде Қытайдың жалпы экспорты бірден 4,4%-ға құлдырап кетінін де айта кету керек. Есесіне, ел импортының деңгейі сарапшылар болжағандай 3 пайызға емес, бірден 5%-ға шырқап кеткен еді. Екіншіден, 15,6 трлн корпоративтік қарыздың шамамен жартысы (48,6%) ішкі қарыздан құралған. Оның ішінде заңсыз жолмен алынғаны қаншама. Бұл ішкі қарыз сырттан алынбағандықтан, яғни, ел ішіндегі қаржы жүйесіне «байланбағандықтан», яғни, резерві болмағандықтан бұл қарыздың қайту мүмкіндігі азайып, экономикаға қатер төндірмек. Ең тиімдісі - сырттан алынған қарыз емес. Ішкі қарызды түрлі балаламалы жолдармен шешуге болады. 

(Жалғасы бар)

0 пікір
Мұрағат