Қытай қарызы: стратегиялық артықшылық па әлде қатерлі қауіп пе
Қытай қарызы: стратегиялық артықшылық па әлде қатерлі қауіп пе
5 жыл бұрын 2770 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Бүгінгі таңда Қытай халық республикасының жалпы жиынтық қарызы 28 трлн долларға жеткен. 

Соған қарамасатан Қытай экономикасы әлемдік экономиканы алға сүйрейтін локомотив ретінде қабылданады. Бір қарағанда, Қытай билігі коммунистік идеология мен капиталистік жүйені ұштастырып, толағай табысқа жеткендей болып көрінеді. Шындығында, солай ма? 1980 жылы жылдық жалпы ішкі өнімі 0,3 трлн-нан 2018 жылы 19 трлн (кей дерек көздерінде 20,1 трлн) долларға дейін өскен. Десе де 38 жыл ішінде Қытай мұндай толағай табысқа оңай қол жеткізген жоқ: яғни, осынша уақытаралығында жалпы ішкі өнімін 33 есе арттыру үшін «тар жол, тайғақ кешуден» өтті. Қытай экономикасының дамуына шешуші ықпалын тигізбесе де несиенің әсері айтарлықтай болғанын айта кету керек. Бұрын, дәлірегі, 1998-2004 жылдар аралығында аталған елде бизнесін ашқан немесе ұлғайтқан негізінен шетелдік компаниялар ақшаға ие болса, соңғы он жыл ішінде Қытай экономикалық экспанцияны өз қолына алды. Формалдытүрде Қытай инвестициялық рейтингте А1 көрсеткішіне ие, яғни, несие қатері төмен ел атанған. 2017 жылдың мамыр айында Moody's агенттігі аталмыш рейтинтегі Қытай мәртебесін Аа3-ке өзгертті (несие қатері өте төмен ел). Аталған елдің мемлекеттік қарызының жалпы ішкі өнімге қатынасы (49,32%) жағынан 185 елдің арасында 95-ші орынға табан тіреген. Халықаралық валюта қорының есебі бойынша. Салыстыру үшін айтсақ, өзге мемлекеттердің жалпы ішкі өнімінің қарызына шаққандағы көрсеткіші былайша өрнектеледі:Жапония - 250,91%, Италия - 131,7%, АҚШ - 107,78%, Франция - 98,8%, Германия - 65,88%. Былай қарасаң, Қытайдың қаразы жоғарыда аталған мемлекеттердің қарызынан әлдеқайда кем. Алайда, Қытайдың қарыз көрсеткішінде қытайлық жекеменшік компаниялардың қарыз мөлшері ескерілмеген. Financial Times келтірген мәліметке қарағанда, Қытайдың мемлекеттік және корпоративтік қарызы 2015 жылдың соңында 20 трлн долларға жеткен, яғни, аталған елдің жалпы ішкі өніміне шаққанда 230%-ды құраған. Financial Times келтірген бұл деректі Қытай халық банкі жетекшісі Чжоу Сяочуан 2016 жылы өткен China Development Forum жиынында растады. Қытай осылайша экономикалық экспанциясы үшін жекеменшік бизнесіне де аса ірі мөлшерде қарыp алуға рұқсат берген болып шықты: елдің жалпы ішкі өніміне шаққанда 180% мөлшерінде немесе шамамен 15,6 трлн доллар. Бұл қарыз мөлшері бүгінгі таңдағы Еуроодаққа мүше елдердің бәрінің қарызын қосқандағы көрсеткішпен бірдей. Содан бері Қытай экономикасы 1,8 есеге өскен, сонымен қатар, жиынтық қарызы да осынша өскен. Сыртқы сауда-саттығындағындағы басымдығына сенген Қытай өз ақша массасын арттырған болатын, яғни, ештеңемен қамтамасыз етілмеген ақшаны айналымға көптеп шығарды. Аталған елдің ақша массасы 2015 жылдың соңында 2007 жылғы деңгеймен салыстырғанда (40,3 трлн-нан 139,2 трлн юанға дейін) 3,5 есеге өскен. Бұл аралықта елдің жалпы ішкі өнімінің мөлшері бар-жоғы 2,4 есеге ғана артқан еді. Қытайдың сауда-өнеркәсіп экспанциясы артып, өз кезегінде инвестицияның артуына ықпал етті. Жаңа компания ашу, өндірісті ұлғайту, бәсекелесті нарықтан ығыстыру инвестициясыз жүзеге аспайды. Бұл шығынның орнын болашақта түсетін пайда толықтыруы тиіс. Қытай нақты табысқа емес, болашақтағы пайдасына қарай көсіліп отыр. Бұл бағытта еңсерілуі күрделі сипат алмаса да өсе түскен едәуір қиындықтармен бетпе-бет келіп жатыр. 2003-2008 жылдар аралығында несиеге берілген әрбір юан жалпы ішкі өнімнің бір юанымен «кепілдендірілген» еді.

(жалғасы бар)

0 пікір
Мұрағат