Қытай АҚШ-пен соғысуға дайын
Қытай АҚШ-пен соғысуға дайын
7 жыл бұрын 8806

Ақ үй қожайыны болып Дональд Трамп сайланғалы бері АҚШ-тың Қытаймен арадағы дипломатиялық қарым-қатынасына сызат түсе бастады. Және бұл сызат күннен күнге ұлғайып, жарықшаққа айналып барады. Дональд Трамптың Тайван көсемімен сөйлескенінен кейін әлемдегі екі алып елдің арасынан мысық жүгіріп өтті. Тайванды өз провинциясындай көретін қытай билігіне Дональд Трамптың бұл қадамы ұнамай қалды. Дәлірегі, қытай билігі АҚШ-тың бұл әрекетін өздеріне жота күдірейтіп, қыр көрсетуі деп түсінді. Тура мағынасында. Содан кейін қытайлар өз жағалауында америкалықтардың пилотсыз суасты кемесін қолға түсірген болатын. Дональд Трамп дереу мәлімдеме жасап, қытайлардың қытығына тиді: «Қытай халықаралық су айдынында АҚШ-тың Әскери теңіз күштерінің зерттеуші суасты кемесін қолды қылды. Шектен шыққан әрекет». Оның бұл мәлімдемесі Twitter әлеуметтік желісінде жарияланды да. АҚШ-тың жаңа сайланған президентінің бұл мәлімдемесі онсыз да жарылуға шақ қалған екі елдің арасындағы сыздауықты инемен түртіп жібергендей болды: қытайлар да қарап қалмай АҚШ-пен сауда соғысына дайын екендіктерін мәлімдеп үлгерді. Қытай Халық Республикасының қаржы министрінің орынбасары Чжу Гуанъяо Қытай экономикасының даму келешігіне арналған алқалы жиында мінберден сөз алып, АҚШ-пен арадағы сауда соғысына апаратын алғышарттар турасында айтты. «Сауда соғысы ары кеткенде бір жылға созылуы мүмкін. Сауда соғысы бола қалған жағдайда Қытай да қарап қалмайды. Яғни, АҚШ-тағы жұмыс орындарының қысқаруына алып баратын шаралар қолданады. Десе де біз мұны қалмаймыз, өйткені, бұл екі елді де зиынға ұшыратады»,- деді ол. 

0 пікір
Мұрағат