Өмірідің өзі қарызбен өлшенетін кезең – әлем алапат дағдарыс қарсаңында
Өмірідің өзі қарызбен өлшенетін кезең – әлем алапат дағдарыс қарсаңында
6 жыл бұрын 5212 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Әлемдік экономикаға тағы дағдарыс қаупі төніп тұр. Себеп – үкіметтердің, кәсіпкерлердің, халықтың қарыз мөлшері тым ұлғайып кеткен. Кейбір жекелеген мемлекеттердің банк секторы тұтас халықаралық қаржы жүйесіне қатер төндіретін жағдайға дейін жеткен. Жаһандағы қарыз мөлшері 233 трлн доллардан асып кетті. Адамзат қарызбен өмір сүруге бой үйретіп, әдетке айналдырды. Халықаралық есеп айырысу банк сарапшылары келтірген мәліметке қарағанда, Қытай, Гонкгонг және Канада қарызға бату қатеріне тез ұшырайтын елдердің қатарында көш басында тұр. Мәселен, канадалықтардың өзі банкке 1,8 трлн доллар қарыз. Яғни, бір канадалық азаматқа шаққанда (ипотекалық қарызын ескермегенде) 22,8 мың доллардан айналады. Бұл өз кезегінде аталған елдің банк секторын «мұрттай ұшыруы» мүмкін қатерлі көрсеткішке айналып отыр. Егер экономикадағы қолайсыздыққа қарсы шаралар қолданылмаса, қолданған күннің өзінде одан оңды нәтиже шықпаса, үйеңкілр елі көп ұзамай дағдарысқа ұшырайды. Осыған ұқсас жағдай Қытайдың басында да бар: өткен жылы S&P және Moody’s халықаралық рейтинг агенттіктері Қытайдың ұзақ мерзімге арналған несиелік рейтингісін төмендеткені бекер емес. Несие көбіршігі америкалықтар мен Белгия, Оңтүстік Корея, Австралияның экономикасына да көлеңкесін түсірген. Бір ғана АҚШ-тың сыртқы қарызы 21 трлн долларға жеткен. Әлемдегі ең алып державаның түбіне жететін факторлардың бірі ретінде оның осы шектен тыс қарызы аталып жүр. «Инфлацияның кесірінен немесе қарыздың кешірілуі ойламаған жерден ғаламдық қаржы дағдарысына апарып соқтыруы мүмкін»,- деді әлемдік экономиканың қазіргі жай-күйін бағамдаған сарапшылар. Қазіргі уақытта жаһандағы қарыз мөлшері 233 трлн-ға жетсе, осыдан небәрі 17 жыл бұрын ғана, яғни, 2000 жылы бұл көрсеткіш 87 трлн доллардан аспап еді. Яғни, санаулы жылдардың ішінде үш есе артқан. Өткен жылы жаһандағы қарыз мөлшері әлемдік жалпы ішкі өнімнің 327%-н құраған болатын. Ал 2015 жылы - 225%. Сарапшылар бұл апатқа алып келетін жағымсыз құбылысты, яғни, ғаламдық қарыз мөлшерінің аз жылдың ішінде осыншалық шапшаң өсуін реттеу ставкілерінің өте төмендігімен байланыстырып түсіндіріп отыр. 2008 жылы әлемнің көптеген орталық банктері ұлттық экономиканы қолдау үшін ставкіні төмендкен болып шықты. Орталық банктер жұмсақ ақша саясатынан бас тартпайынша жағдай түзелмейді. Осыдан кейін ставкіні көтеріп жіберсе, бұл қарыз алушылардың қарызды қайтаруында проблема тудырады. Ресей банкі қаржы ұйымының бұрынғы жетекшілерінің бірі Константин Корищенконың пікірі осындай. Сөз орайы келгенде айта кету керек, әдетте әлемдік қаржы дағдарысы АҚШ-тан бастау алып жатады. Сарапшылардың пйтуынша, осы жолы да АҚШ әлемдік дағдарысқа себеп болуы мүмкін. Өйткені, АҚШ-тың сыртқы қарызы әлдеқашан макисмалды шегінен асып кеткен, екіншіден, АҚШ бюджетінің тапшылығы рекордтық деңгейге, яғни, қатерлі деңгейге жеткен. Ақ үй қожайыны Дональд Трампның корпорациялар үшін салықты азайтқаны да бұған сеп болып отыр. Биылдың өзінде Атлант мұхитының арғы жағындағы алып елде бюджет тапшылығы 1 трлн доллардан асады. Әдетте жыл сайын ары кеткенде 150-200 млрд доллардан аспайтын бюджет тапшылығы. Арзан несиенің күні батуға таяу. Биыл АҚШ-тың федералды резерві ставканы бірнеше есеге көтеруге бел байлап отыр. Өзге елдер де АҚШ-тың ізімен жүретіні белгілі. Өйткені, әлем қаржысы долларға байланған. Ресейлік «Финама» сарапшысы Алексей Кореневтің сөзіне қарағанда, жақын қалған алдағы дағдарыстың ауырлығы мен ұзақтығы және салдары әлемдік экономиканың қарыз мөлшеріне байланысты өрбиді. Осы орайда мынаны естеріңізге сала кеткенді жөн көріп отырмыз: ел билігі мен халықаралық қаржы институттарының дағдарысдың алдын алу мен қарсы тұру шаралары шектеулі – пайыздық ставка, нашар активтерді сұраптау, еңбек нарығына, тұтынушылар секторына ықпал ету, т.б. Болды. Тағы бір жолы - G20, Біріккен Ұлттар Ұйымы, т.б. халықаралық ұйымдар күш біріктіріп, экономикасы кенжелеп қалған кедей елдердің қарызын кешіру жолдарын қарастыру да дағдарысты жеңілдетуге септігін тигізеді. Сарапшылардың тағы бір қауіптенетін тұсы дағдарысқа байланысты: экономикалық проблеманы шеше алмаған биліктің дені саяси тетіктерге жүгіреді, атап айтқанда, санкция салу, жанжал тудыру, арандату, сауда соғысы, т.б. Бұл дағдарысты шешпейді, керісінше шиеленістіреді.

0 пікір
Мұрағат