Көрген қорлығы игілікке айналды (видео)
Көрген қорлығы игілікке айналды (видео)
7 жыл бұрын 6125 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Сауд Арабиясының билігі мен банк әкімшілігі жазықсыз жапа шеккен бойжеткеннің жағына шығып, оған қолдау көрсетті. Тарқатып айтсақ, қасиетті Мекке қаласындағы бас мешіттің маңында шемішке сатып тұрған Сайда Мажрашиге жүргіншілердің бірі ел көзінше тіл тигізіп, жұдырық жұмсаған болатын. Мешіт маңында сауда жасағаны үшін. Әйел басымен әкесіндей ер адамнан қорлық көрген Сайда ешуақытта мектеп табалдырығын аттамаған хат танымайтын, тіпті, әкесі түрмеде отырғандықтан туу туралы куәлігін рәсімдемеген, тек жайма базарда ұсақ-түйек сатып күнін көріп жүрген әйел. Бұл оқыс оқиғаны куәгерлердің бірі таспаға тартып алып, ғаламторға жүктеген екен. Әлеуметтік желіде ер адамның әрекетіне наразылық білдіргендер қарасы көп болды. Сайдаға қорлық көрсеткен ер адамға тәртіп сақшылары іздеу жариялады. Ол ол ма, бұл іске Мекке қаласы басшысы, ханзада Халид әл-Файсалдың өзі араласты. Бұл жайында GulfNews ақпарат көзі хабар таратты. Жергілікті билік Сайданың құжаттарын жасатып, мектепте оқуына жағдай жасауға пәрмен берді. Ал осы қаладағы Social Development Bank қаржы мекемесінің жетекшісі Абдулла әл-Гамди оның отбасына қандай бизнес түрімен айналысамын десе де, инвестиция құятынына уәде етті. Көру мүмкіндігі шектеулі ағасына аталған бан емделуіне қаржы бөлді. 

0 пікір
Мұрағат