Жаһан жаңалықтары: Австрияда «Ислам діні туралы» заң қабылданды
Жаһан жаңалықтары: Австрияда «Ислам діні туралы» заң қабылданды
2 жыл бұрын 929
Христиан елінде мұсылмандар алғашқы қарттар үйін ашады

Австралияның астанасындағы мұсылман жамағаты осы елде тұңғыш рет қарттар үйін ашпақшы. Сидней қаласынан. «Рахма» ислами орталығының аталмыш жобасының жүзеге асуына 20 000 000 доллар жұмсалады. 2017 жылға дейін құрылысы аяқталуы тиіс жобаға жұмсалатын қаражат түрлі ұйымдар мен қорлардан жиналады.

 

Селфи жасаймын деп мерт болды

Өткен аптаның соңында АҚШ-тың Вашингтон штатында ер адам теміржолда селфи жасаймын деп, мерт болды. Бұл жайында CBS News ақпарат көзі хабар таратты. Округ шерфінің көмекшісі ажалына селфи себепкер болған ер адам оқиға орнында тіл тартпай кеткен көрінеді. Ал оның жанындағы құрбысы зардап шекпеген. Пойыз қағып, қаза тапқан адамның кесірінен теміржолдағы қозғалыс кестесі бұзылған. Естеріңізде болса, сайтымыздағы жаңалықтар бөлімінде Үндістанда орын алған осыған ұқсас қайғылы жағдайды хабарлаған едік. Кейінгі кезде селфи жасаймын деп, мерт болып жатқандар туралы ақпарат көбейіп кетті. Тіпті, селфидің қасиетті орындарда да рухани атмосфераны бұзатыны жайында да хабар таратқан едік. Селфи жасау мәдениеті қалыптаспайынша мұндай келеңсіздіктер қайталана береді.

 

Торонто мүфтиі Канада билігіне қандай талап қойды?

Үйеңкілер еліндегі Торонто қаласының мүфтиі Хамид Слими (Hamid Slimi) Канаданың федералды билігінен ислам дінін террормен байланыстыратын сөздерді немесе сөз тіркесін қолданбауға шақырды. NationalPost ақпарат көзінің хабарлауынша АҚШ-тағы Ақ үй қожайыны мен оның қоластындағылар «ислами», «жиһад» деген ұғымдарды экстремизмге таңып сөйлемейтін болған. Исламды асыл дінімізбен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын лаңкестікпен байланыстырудың еш қисыны келмейтінін, ислам терминдері мен ұғымдарын жанамалап болса да қасақана бұрмалаудың арты жақсылыққа апармайтын ескертті. Өйткені, хақ діннен хабары жоқ, ол ол ма, ислам жайында жаңсақ ұғымға бой алдырған адамдарды одан сайын жаңылдырып, мұсылмандарды құбыжық етіп көрсету арқылы қолдан жау жасап алудың оңай екенін, алайда, бұл қателікті түзету үшін қаншама уақыт пен күш-жігер керек екендігін, сондай-ақ, мұның өзі өз кезегінде татулық пен өзара сыйластыққа сызат түсіріп, сына қағатанын да мәлімдеді Канада мұсылмандары кеңесінің атқарушы директоры Ықсан Гарди.

 

Израиль сарбазы 19 жастағы палестиналық бозбаланы мерт қылды

Израил сарбазы Иордан өзенінің батыс жағалауында 19 жастағы түбіт иек бозбаланы қыршынынан қиды. Бұл қасақана әрекеттен туындаған қайғылы оқиға Палестинаға қарасты Дхейша елді-мекеніндегі босқындарға арналған лагерде қақтығыс кезінде орын алды. Сондай-ақ, еврей келімсектері Бейіт-Лақым елді-мекені маңындағы мешіттердің біріне от қойды. Түріктердің «Анадолы» ақпарат көзінің хабарлауынша, израилдіктер жаулап алған Иордан өзенінің батыс жағалауында орналасқан Жаба елді-мекеніндегі «әл-Һуда» мешітіне шабуыл жасаған. Жергілікті кеңес басшысы Нұман Һамаданның сөзіне қарағанда қаскүнемдер «Арабтарға өлім келсін» деп, мешіт қабырғасына жазып кеткенімен қоймай, артынан от қойған. Бұл қастық сәрсенбі күні орын алса, келесі күні еврей келімсектері Құдыс шаһарындағы шіркеуге де от қойды және Иса пайғамбар (р.а.) тіл тигізген. Бұл жайында «әл-Арабия» ақпарат көзі хабар таратты.

 

Ауғанстандағы түрік елшілігінде жарылыс орын алды

Ал Baq.kz сайтының BBC News ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып, таратқан хабарына қарағанда Ауғанстан астанасы Кабулде орналасқан Түркияның елшілік ғимаратының алдында жарылыс болып, бір адам қаза тапты, екіншісі ауыр жараланған.
Ауғанстан ішкі істер вице-министрі Мұхаммед Аюб Салангидің айтуынша, лаңкес Түркия елшілігінің алдында тұрған көлікті жарып жіберген. Салдарынан көліктің жүргізушісі оқиға орнында қаза тауып, екінші адам ауруханаға жеткізілген.
Оқиға орын ала салысымен Талибан қозғалысы оны өз мойнына алды. Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарына таратқан мәлімдемесінде лаңкестік ұйым өкілдері шетелдік көліктерді жара беретіндігін мәлімдеген.

 

Австрияда «Ислам діні туралы» заң қабылданды

Австрия парламенті ислам ұйымдарын шеттен қаржыландыруға тыйым салатын заң қабылдады. Бұл жайында Reuters ақпарат ресурсы хабар таратты. Аталмыш заң талаптарына сәйкес қасиетті Құранның тек ресми түрде неміс тіліне аударылған нұсқасын ғана пайдалануға болады. Австранияның 28 жастағы сыртқы істер министрі Себастьян Курцтың мәлімдеуінше, «өзге елдер таңған ислам емес, австралиялық нұсқасы» ғана мемлекетте рұқсат етіледі. Бұл заң Түркия тарапынан сынға ұшырады. Түркияның дін істері жөніндегі басқарма жетекшісі Мехмет Гөрмез аталмыш заңға қатысты «Австриядағы наным-сенім бостандығын жүз жылға кері кетірді», - деп мәлімдеме жасады. Австрияда жарты миллионға жуық мұсылман жамағаты өмір сүріп жатыр. Австрия халқының санына шаққанда шамамен алты пайызды құрайды. Бұл елден ИСИМ содырларының қатарында соғысуға 170-ке тарта австриялық азамат аттанған.

 

Мұсылман бойжеткеніне сикхтер де, иудейлер де, адвентистер де қолдау білдірді

2008 жылы АҚШ-тағы Abercrombie&Fitch сауда орындары желісінің әкімшілігі басындағы шариғат шәлісі үшін жұмыс беруден бас тартқан америкалық мұсылман бойжеткеніне сотта христиандар да, сикхтер де, иудейлер де, тіпті, адвентистер де қолдау білдірді. Естеріңізге сала кетейік, шариғат шәлісін жамылғаны үшін әлгіндей кемсітушілікке ұшыраған 17 жастағы Саманта Елиауп Оклоһамо штатындағы аталмыш сауда орнының балалар тауарын сататын дүкенге жұмыс сұрап келмей ме. Персоналдармен жұмыс істейтін менеджер оны жұмысқа қабылдаудан бас тартқан.

 

Лордтар палатасы «Мұсылмандар манифесіне» қолдау білдірді

Апта басында британдық лордтар палатасында «Мұсылман манифесті» атты бастама көтеріліп, қызу қолдауға ие болды. Бастама көтерген мұсылман көшбасшылары мен саясаткерлері британдық мұсылман жамағатының қажеттіліктерін тізімге алып, с аяси партиялардың сайлау алдында аталмыш мәселердің шешімін табуды ескертті.

«Менің саясатпен айналысқаныма 38 жылдан асса да, мұсылман жамағатының өз талаптарын ұсынғанын еш кездестірмедім», – дейді палата мүшелері алдында сөз сөйлеген лорд Назир Ахмед.
«Британия – азаматтары заң алдында тең құқықты мемлекет.қазіргі уақытта біздің елімізде 3 млн мұсылман жамағаты өмір сүреді. Бұл дегеніміз халықтың 4,4 пайызын құрайды».
Үндеу оқылуында парламентарий мүшелері, ғалымдар мен журналисттер, мұсылман жетекшілер қатысты. Бастамаға көптеген депутатар қолдау білдіріп, оң көзқарастарын танытты.

 

СИРИЯҒА АТТАНБАҚ БОЛҒАНДАР ҰСТАЛДЫ

E-islam.kz ақпарат көзінің хабарлауынша ИШИР-дің қаймықпайтын ең қаныпезер мүшелері тунистік лаңкестер болып табылатынын бұған дейін де жазған болатынбыз. Бұл ретте лаңкестер ордасында болып келген азаматтардың пікірі негіз болған еді. Қазіргі уақытта Сирия мен Ирактағы "ИШИР" тәкфірлік тобына мүше болуға мүдделі азаматтар осы тунистіктер екені анықталды. Тунис Ішкі істер министрлігі Сирия мен Иракқа кетпек болған 10 мың тунистіктің жолын кесті.
Тунис газеті «Аш-Шурук» халықаралық әуежайдан ИШИР-дің жеті мүшесі ұсталғанын мәлімдеген. Оның бірі Сирия жерінде жараланған әскерилерді емдеумен айналысқанын мойындаған. Қалған алтаудың да Сирияда болғаны анықталды. Олар жергілікті билік байқамауы үшін Түркия және өзге да араб мемлекеттері арқылы Сирияға жол тартып отырған. Тунис ІІМ мәліметінше Сирия мен Ирак жерінде лаңкестер сапында соғысқан 500 тунистік өз отандарына оралып үлгерген.

 

«ЖИҺАД-ҚАЛЫҢДЫҚТАРДЫҢ» САНЫ АРТТЫ

Британ соты Вилесден қаласындағы әйелдер ісін қарап жатыр. Олар лаңкестік ұйымдарды қаржыландырды деген айыпқа таңылған.
Айта кету керек, бұл әйелдер Таяу Шығыста соғысып жүрген таныстарына ақша салған. Мәселен, айыпталушы 23 жастағы Хана Хан Джафар Турай есімді лаңкес досына 1000 фунт көлемінде қаржы аударған. «Daily Mail» жазғандай, Турайға өз елінде адам өлтіргені айып таққанымен, ол 2012 жылы Ұлыбританиядан қашып кетіп ұстатпаған екен. Сонымен бірге "Джихад жолындағы қалыңдықтар" қатарына түсетін қыздар саны да артыпты. Соңғы жеті айда "джиһад-қалыңдық" атауына іліккендер саны сегіз. Билік назарына ілікпеген қыздардың саны қаншама...

 

ҚЫРҒЫЗСТАНДА ДІНИ ЖУРНАЛ ЖАРЫҚ КӨРДІ

Қырғызстанда «UMMA» деп аталатын алғашқы ислам журналының таныстырылымы өтеді.
Жастарды дәстүрлі исламмен сусындатуға бағытталған журналдың форматы да ерекше деседі. Оның ерекшелігі сол, орыс тілінде шығатын журнал ғылым, спорт, денсаулық, геосаясат, отбасы, экономика салаларын ислам шеңберінде қарастырмақ. Шығарушылар оның теңдессіз медиа-өнім болатынына сендіріп отыр.

0 пікір