Израил екі аралды Саудияға беруге келісімін берді
Израил екі аралды Саудияға беруге келісімін берді
2 жыл бұрын 3661 Материалды көшіріп басқан жағдайда islam.kz порталына сілтеме берілуі міндетті

Израил билігі Қызыл теңіздегі стратегиялық маңызы зор екі аралдың Мысырдан Саудияға өтуіне наразы емес. Мысыр жағы аталған теңіздегі Тиран және Санафир аралдарының Саудияға өтуіне бұрын, дәлірегі, 2017 жылы ресми келісімін беріп қойған. Бұл жайында islam.kz порталы Agence France-Presse (AFP) ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Ал Израилдің бұған не қатысы бар дейсіз ғой? Алдымен Израил мұндай қадамға Саудиямен арадағы қатынасты реттеу үшін барып отырғанын айта кету керек. Мысыр мен Израил арасындағы 1979 жылғы бітімгершілік келісімдерінің шарттарына сәйкес тасымалдауды Израил де мақұлдауы керек. Тиран және Санафир - Сауд Арабиясы мен Египет арасындағы Тиран бұғазында орналасқан аралдар.Стратегиялық маңызға ие болуының астарында географиялық орналасуы ғана емес, үш елдің де тікелей мүддесі жатыр. Бұл бұғаз – тар кеме дәлізі және Иорданияның Акаба айлағы мен Израилдегі Ейлат айлағынан Қызыл теңізге шығатын жол. Есесіне Саудия жағы өз әуе кеңістігін израилдік барлық авиакомпания ұшақтарына ашты. Яғни, бұдан былай израилдік ұшақтар Саудияның әуе кеңістігінен ұшып өте алады. Саудия билігі бұл тараптағы мәлімдемесінде: «Королдіктің үш құрлықты байланыстыратын жаһандық хаб ретіндегі позициясын нығайту және халықаралық әуе қатынасын жақсарту үшін Королдіктің Азаматтық авиация жөніндегі бас басқармасы ұшу органының талаптарына сәйкес келетін барлық әуе тасымалдаушыларына өзінің әуе кеңістігін ашу туралы шешім қабылдағанын хабарлайды», деп айтылған. Азаматтық авиация басқармасы Израил үшін әуе кеңістігін ашып жатқанын тікелей жариялаған емес, дегенмен, Саудия бұған дейін Израил әуе компанияларына Біріккен Араб Әмірліктері мен Бахрейнге және одан шығатын рейстер үшін арнайы әуе дәлізінде өз аумағы арқылы ұшуға рұқсат берген еді. Осы уақытқа дейін Израил Саудияның әуе кеңістігін пайдалана алмағандықтан Азия құрлығындағы бірқатар елдерге, соның ішінде Қытай мен Үндістанға шыға алмайтын еді. Бұдан бөлек, Израилден қажылыққа келетіндер үшінші ел арқылы транзитпен келуге мәжбүр болатын. Яғни, өзге ел арқылы Саудия аумағына ене алатын еді.

0 пікір
Мұрағат