Исі мұсылман енді бір күнтізбені ескереді
Исі мұсылман енді бір күнтізбені ескереді
8 жыл бұрын 3016

Естеріңізде болса, осыдан екі күн бұрын Ыстамбұл шаһарында өтіп жатқан әлем мұсылмандары жетекшілері мен дін қайраткерлерінің айтулы жиынында Түркияның дін істері жөніндегі басшысы Мехмет Гөрмездің мұсылмандардың ай күнтізбесін бір ізге түсіру турасында ұсыныс білдіргенін хабарлаған болатынбыз. Аталған ғылыми маңызы зор жиын барысында күнтізбені бір ізге түсіру бағытында астрономиялық есептер жүргізіліп, дайындық жұмыстарына табаны күректей үш жыл кеткені сөз болды. Үш күнге созылған жиында фикһ білгірлері, астрономдар және сарапшылар хижра жыл санауы бойынша мұсылмандардың ай күнтізбесін біркелкі ету мәселесін жан-жақты талқылады. Бұл шара бір үммет болып табылатын исі мұсылманның бірлігі үшін қажет екені де айтылмай қалмады. Сондай-ақ, батыс елдеріндегі мұсылмандардың да қасиетті Рамазан айын және түрлі мұсылман мерекелерін күнтізбе айырмашылығынан белгілі бір күнде атап өтпейтіні, осыған байланысты батыс елдерінде мұсылмандардың репутациясына кері әсерін тигізетіні де бұл мәселені қарастыруға өз ықпалын тигізді. Осынау айтулы шараның өтуіне Түркияның дін істері жөніндегі басқармасы, халықаралық астрономиялық орталық, пәтуа берумен және зерттеумен шұғылданатын еуропалық кеңес, 60-тан аса елдің фикһ бойынша бірқатар ғылыми ұйымдар мен академиялар, өзге де беделді астрономиялық институттар ұйытқы болды. Жиынға қатысқан ғалымдар мұсылман күнтізбесіне байланысты аса маңызды ережелер мен қағидаларда ортақ келісімге келді.

0 пікір
Мұрағат