Йемен қасіреті
Йемен қасіреті
6 жыл бұрын 4585 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Араб түбегіндегі осынау шағын мемлекетте соғыс жүріп жатқанына қарамастан әлемнің назары Сириядағы адам қолымен жасалған апатқа ауып, бұл тарапта біржақтылық танытып отырғаны жасырын емес. Негізгі айтарымызға кіріспес бұрын күні кеше Йемендегі шиғалық бүлікшілердің көсемі, яғни, хусит тайпасының жоғарғы саяси кеңесінің төрағасы Мәһді әл-Машаттың Ресей Федерациясының президенті Владимир Путинге шілде айының 19-ы күні жеделхат жолдап, ел аумағында жүріп жатқан азаматтық соғыстың тоқтатуына атсалысуын сұрапты. Бұл жайында йемендік SABA ақпарат агенттігі хабар таратты. Мәһді әл-Машат Ресей билігінен халықаралық беделі мен ықпалын пайдаланып, блокаданы алынып тасталуына жәрдемдесуін, сондай-ақ, ел аумағында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге шақырыпты. Йемендік бүлікшілердің көсемі тек Ресей билігінен ғана көмек сұрап қоймай, Франция президенті Эммануэл Макронға да шілденің 23-і күні осы мазмұнда хат жолдаған екен. Сүнниттік мемлекеттердің одағымен, соның ішінде, Парсы шығанағындағы монархиялық елдермен соғысып жатқан хуситтер маусым айының 13-і күнгі "Алтын жеңіс" деп аталатын халықаралық мұсылман елдері коалициясының әскери операциясынан кейін жеңілістің ашшы дәмін тата бастады. Сол ұрыста Қызыл теңіздегі стратегиялық маңызы зор айлақты Ходейд қаласы коалицияның қолына өтті. Бұл айлақты қаланы хуситтік «Ансар Аллах» қозғалысы бақылауда ұстап келген еді. 

Хуситтер тайпасының жанұшыра тал қармайтындай жөні бар: түбі жеңілетінін мойындағанынан хабар береді бұл әрекеті (Ресей мен Франция билігінен көмек сұрап, хат жолдағанына қарағанда), бұдан бөлек аталған елдегі азық-түлік тапшылығы, тырысқақ індетінің өршуі (оны жұқтырғандар қарасының 1 млн-нан асып кеткені турасында кезінде хабарлағанбыз - ред.), коалициямен арадағы күштердің теңсіздігі, т.б. себептер Мәһді әл-Машатты осындай қадамдарға итермелеп отыр.

Йемендегі азаматтық соғыс 2014 жылдан бері созылып келеді. Йемендегі соғыстың алғы шарттары мен себептері хуситтік бүлікшілерден бұрын 2011 жылы араб әлемін шарпыған, батыстық бұқаралық ақпарат құралдары "Араб көктемі" деп ат қойып, айдар таққан "түрлі түсті революцияларда" жатыр. Осынау аласапыран нәтижесінде қатал болғанымен барынша тұрақты саналған арабтардың саяси режимі күйреген еді. Мысыр, Тунис, Либия... Сирияда Башар Асадты тағынан аударып тастай алмағанымен, ондағы алты жылдан аса созылған соғыс миллиондардың өмірін қиып кетті. Мұндай жағдай Йеменнің басында да бар. Сөз орайы келгенде мынаны айта кетпеске болмайды: аталған ел аймақтағы ең артта қалған, барынша орта ғасырлық салт-дәстүрін берік ұстанған архаикалық ел болатын. Мұнай қорының болмауынан әрі бір жағы ашық теңіз, бір жағы бірыңғай Саудиямен шектесіп жатқан - араб әлемінің тұйық өңірінде орналасуынан экономикалық қиындықтардан бас көтере алмаған ел. Йемендені әлеуметтік жағдай оңалған емес. Соған қарамастан бұл елде демографиялық жағдай жақсы, табиғи өсім мен туу көрсеткішінің жоғары болуы әлеуметтік жағдайды одан ары кері тартуда. Тұрғындарының дені жас әрі пассионарлы ел. Тіпті, әлемнің әр түкпірінде, дәлірегі, Африка құрлығының батысынан бастап, Ауғанстанға дейін, Пәкістанда да, ол ол ма, сонау Филлипинге дейін йемендік содырлардың қарасы көп. Әсіресе, руаралық тартыс ішкі саяси жанжалдарға себеп болып жатады. Йемендіктер діни сенімі бойынша үшке бөлінеді: аталған елдің солтүстігін жайлаған шииттік хусит тайпасы, сүннетті ұстанатын шафиғи мәзхабындағы мұсылмандар және салафшылар. Олардың әрқайсысының өз саяси мүддесі мен мақсаты бар. 

Мәселен, 1990 жылы Солтүстік Йемен (Йемен араб республикасы) мен Оңтүстік Йеменнің бірігуі нәтижесінде түрлі саяси үштер арасындағы талас-тартыс өршіп кеткен болатын. 2004-2010 жылдар аралығында Йеменнің солтүстік-батысында үкімет әскері мен жергілікті шиғалар тайпасының арасындағы қарулы қақтығысты атасақ та жетіп жатыр. Оны басып тастағанымен 2011 жылы Таяу Шығыс пен Солтүстік Африканы оппозиционерлердің бас көтеруі салдарынан бұл елдегі ахуал тағы нашарлады. 2012 жылы Йемен араб республикасын 1978-ші жылдан, ал біріккен Йеменді 1994 жылдан бері басқарып келген Әлі Абдалла Салех (1942 жылығ туған) биліктен кетуіне тура келді. Әлі Абдолла Салехтың тағдыры тақтан күшпен тайдырылған Муаммар Кадафи, Хосни Мүбәрак, Хафез Асадтың тағдырына ұқсас. Әскери маман, зайырлы араб ұлтшылдарының өкілі Салех 1978 жылы, яғни, Таиз әскери округын басқарып тұрған 36 жасында әскери төңкеріс жасап, билікті өз қолына алған тұлға. 

(жалғасы бар)

0 пікір
Мұрағат