Еріккеннің ермегі де заң болыпты...
Еріккеннің ермегі де заң болыпты...
4 жыл бұрын 2333 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Осыдан он шақты күн бұрын Ресей Федерациясы президенті Владимир Путин қол қойған вольерлік аңшылық туралы заңның шикілігі турасында сөз қозғалып отырған жоқ (бұлай болса, оның кем-кетігін түзеуге болар еді), тұтас заңның өзі күмән тудыратынын, керітратпа, өркениетке жат екенін айта кету керек. Ресей қоғамында талас-тудырған, дау-дамайға бастағанынан-ақ заңның түпкі мәні мен мақсатының бұлыңғыр екенін бағамдай аласыз. Заң жасанды қалыптастырылған ортаға жіберілген жартылай еркіндіктегі жануарларға әуесқойлық және спорттық мақсатта аңшылық құрудың ережесін анықтауды көздейді. Мұндай жерде аңшылық құрғысы келетіндерге жолдама беріледі. Аталмыш заң авторы 2004 жылдан бері Ресей Федерациясы кеңесінің мүшесі, Курган облысынан Думаға депутат болып сайланған, аграрлық - азық-түлік саясаты бойынша федерация кеңесі комитеті жетекшісінің бірінші орынбасары Сергей Лисовский. Ол онсыз да құрып бітуге таяған аң-құсты заңдастырып қыруға рұқсат беретін құжатты дайындағанда белгілі бір топтардың сойылын соқты, дәлірегі, еріккен байлардың ермегі үшін барды мұндай қадамға. 

«Жануарларды қорғау альянсы» деп аталатын басқарма жетекшісі Юрия Корецкихтің айтуынша, бұл заң қолданыстағы «Аңшылық туралы» заңға енгізілген түзетулер жиынтығынан басқа түк те емес. Бар айырмашылы – вольерлік аңшылыққа қатысты барлық шектеулер алынып тасталған. Вольерлік аңшылықта жабық аумақтағы жануарларды қарудың көмегімен кез келген уақытта қырып салуға болады. Тіпті, апанында ұйықтап атқан аюды да атуға рұқсат етілген. Жазықсыз әрі қорғансыз жануарларды қызық үшін әй-шай жоқ қырып салуға заң жүзінде "заңсыз" рұқсат беріліп отыр. Яғни, жолдамасы бар адам қанша қырам десе, оның қолын ешкім қақпайды. Бұл арада қандай да бір шектеу немесе квота жоқ. Осынша аңды ғана атуға рұқсат дейтін. Өйткені, барлық жануар кәсіпкердің өз меншігі болып саналады. Қолдан қырылған жануарлардың орнын табиғи жолмен өсіру, көбейту мүмкін емес. Оған уақыт кетеді. Бұл онсыз да жойылудың алдында тұрған жабайы жануарлардың азаюына алып келмек.

Аумағы кем дегенде 50 гектарды алатын воьлердегі жануарлар орман-тоғайдан, даладан ауланады. Яғни, олардың орнын толтыруға кәсіпкер бас ауыртпайды, Күмәнді заңның ең бір шикі тұсы осында. Аталмыш заңның қабылдануына қарсы change.org сайтында ұйымдастырылған, 200 мыңнан аса адам қолын қойған петицияны депутаттар елеген жоқ. Ресейдің өзінің ерекше жолы барын алға тартқан депутаттардың меңзегені кеңес одағы кезіндегі жабайы әдетті жаңғыртудан өзге ештеңе де емес. Бұл арада сөз КСРО басшысы Леонид Брежнев бастаған саяси бюро мүшелерінің өзінше бір көңіл көтерудің жоралғысына айналған аң аулауы турасында болып отыр. Коммунистік партия көсемдері көздей алмаса да, көздегеніне тигізе алмаса да вольерде аң аулауды әдетке айналдырған еді. Олар көздегеніне тигізе алмаса, мемлекеттік қауіпсіздік қызметкерлері тасадан атып, сұлатып беретін. Осылайша көсемдер аңдығанын атып түсірген деген атаққа тоғайып қайтатын.

Қызықты деректер: Вольерлік аңшылық рұқсат етілген елдер: АҚШ, Африканың бірқатар елі, Аргентина, Чехия.

0 пікір
Мұрағат