АҚШ Сауд Аравиясына берілетін әскери көмекті қысқартпақ
АҚШ Сауд Аравиясына берілетін әскери көмекті қысқартпақ
7 жыл бұрын 2324 inform.kz bbc.com

АҚШ Сауд Аравиясына жоғары технологиялы қару-жарақ жеткізуді қысқартпақ. Америка билігі Йеменде бейбіт тұрғындардың көп қырылуына байланысты осындай тоқтамға келген. Йеменде араб коалициясы саудиялықтардың жетекшілігімен көтерілісшілерге қарсы күрес жүргізіп жатыр.
 
Вашингтон болса әуеден жасалатын соққылар кезінде жіберілетін қателіктерге алаңдаулы. Себебі, әуе соққыларынан жапа шегетіндер көп. Бір ғана 8-қазанда әуе соққысынан 140 адам қаза тауып, бес жүзден астамы жарақат алған. Басым бөлігі бейбіт тұрғындар.
 
Бұл оқиғаны Ресей президенті Владимир Путин де тілге тиек етіп: «Қазір Йеменде не болды?  Қаралы жиында бір соққыдан 140-170 адам қаза тауып, 500 адам жараланды»-деген болатын.
 
Қару-жарақ жеткізілімі қысқарғанымен, америкалықтар Эр-Риядпен әскери серіктестігін жалғастырады. Бұл арадағы әңгіме саудиялық оқытылған барлаушы ұшқыштар туралы болып отыр. Сондай-ақ, Американың сомасы 3 млрд доллардан асатын әскери тікұшақтарын Сауд Аравиясына жеткізу жөніндегі келісімшарт та күшінде қалмақ.
 
Йемендегі азаматтық соғыс 2014 жылдан бері жүріп жатыр. Йемендік көтерілісшілер Иранның қолдауымен билікке қарсы күресуде. Ал араб коалициясы, оның ішінде, Сауд Аравиясы ел билігін қолдап отыр. Екі жылда мыңдаған адам қаза тауып, үш миллионға жуығы үйлерін тастап кеткен.

0 пікір
Мұрағат