Амал қыл басың аманда
Амал қыл басың аманда
2 жыл бұрын 1721
Ерболат Қарақойшы

Ашылу үшін - Ұлы Есік, 
Амал қыл басың аманда. 
Шайтанмен күнде күресіп, 
Шыққан жөн шаршы алаңға. 
Ол да әлсіз емес, сүйектен, 
Жаралмаса да, ескер, ұқ. 
Қайралсаң бірақ Ниетпен, 
Қалады қатты сескеніп. 
Төндіріп түрлі дауылын, 
Көрсетсін күштің ортасын. 
Бапкерің - Құран, бауырым, 
Ендеше неден қорқасың? 
Тек жасап жүріп құр амал, 
Күресу қиын онымен, 
Ең мықты тәсіл - Дұғалар, 
Қолдана білсең жөнімен. 
Тигенше дұрыс арқасы, 
Жық та алып оны жат жерге. 
Періште-қазылар алқасы, 
Жазады бәрін дәптерге..
Ішінде кетіп әттеңі, 
Жеңілген небір серілер. 
Диплом- "Амал дәптері", 
Соңында саған берілер... 
Дайындал досым, жарақтан, 
Еңбекті күшің ақтайды. 
Себебі жеңсең-Жаратқан, 
Жәннәтпен марапаттайды...

2 пікір