Намаз оқымайтын ата-ананың әзірлеген асын ішпеу керек пе?
Намаз оқымайтын ата-ананың әзірлеген асын ішпеу керек пе?
3 жыл бұрын 2510 islam.kz
Қайрат Жолдыбайұлы

Намаз оқымайтын, діннен алыстау әке-шешелерінен безіп, олармен қатынастарын үзіп жатқан жастарды естіп жатамыз. Тіпті намаз оқымайтын шешесінің жасаған асын  «кәпірдің тамағы» деп жеуден бас тартатын көрінеді. Сұрайын дегенім, дінге бет бұрған бұл жастар неліктен мұндай қателікке ұрынуда? Олар неге дін насихатында мұншалық қатал? Жоқ әлде шынымен де шариғат жүктеген парыздарға салғырт қарайтын, тіпті тыйған күнәларды жасап жүргеннің бәрі дініміздің үкімі бойынша «кәпір» ме? Дін насихатының нәтижелі болуы үшін қандай тәсілді таңдаған дұрыс?

Сіз сұрақта айтып отырған әрекеттер көбіне «тәкфир» жамағатының уағызына уланған жандарда кездеседі. Сонымен қатар кейде жүрегі иманға жаңа оянған, діни білімі таяз әлдекімдер осыған ұқсас қате әрекеттерге жол беріп жатады. Кісіге осындай кезде дұрыс бағыт берілмесе, бара-бара жүрегі қатайып, қатігез мінезге ұрынады. Мұндай адамға өзінің айтқан уағызын  жылы қабылдамаған айналасындағылардың бәрі дұшпан болып көріне бастайды. Әуелі жанұясымен сыйыспай, кейіннен жора-жолдастарынан айырылып, артынан туысқандарынан суи бастайды. Сөйтіп өзі өмір сүрген қоғамнан түбегейлі жиреніп, тек өз-өзімен шектеледі де, аяғында тарығып, тығырыққа тірелгенде діннен безіп кетуі де мүмкін. Алла елшісі (с.а.у.) бір хадисінде: «Шын мәнінде, дін –  жеңіл. Кімде-кім дінде қатты кетіп, шектен шығатын болса, діннің толық талабын орындай алмай оған жеңіледі», деп ескерткен.

 Ең әуелі адамдардың жүрегіне иман нұрын құятын жалғыз Алла екенін ұмытпағанымыз абзал. Біздікі бар болғаны себепкер болу. Асықпау қажет. Біз дінге бет бұрмаған айналамыздағылардың бәрін «кәпір» десек, олар осыдан кейін мұсылмандықты, исламды жақсы көруі мүмкін бе? Тіпті, жақсы көруі былай тұрсын өзімізге шаптығып, дұшпанға айналады. Ал дұшпанға айналған адамға дінді қалай түсіндірмекпіз?!

Алла елшісінің (с.а.у.) өміріне бір мезет үңіліп көрелікші. Өзіне қиын сәттерде ұдайы қамқор болған немере ағасына ислам дінінің ақиқатын, өзінің шынайы пайғамбар екенін айтқанда, оны бірден қабылдай кетті ме? Әрине, жоқ. Ал Алла елшісі оның осынау күпір  жауабын естігеннен кейін «сен кәпірсің» деп оған қатал түрде қарсы шықты ма? Қиын кезеңде өзіне жасаған жақсылықтарын жиыстырып қойып, ұлғайған жасын да сыйламастан үйінен безіп,  қатынасын мүлде үзді ме? Әрине, жоқ. Керісінше, Әбу Талибқа бұрынғы құрметінен артық ізет көрсетпесе, кем көрсеткен жоқ. Алла елшісінің басқаша әрекет етуі де мүмкін емес еді. Өйткені ол Рахман иеміз тарапынан күллі ғалам үшін  рақым етіп жіберілген рақым пайғамбары еді. Ол адамзатты «кәпірге» санап, тозаққа топырлату үшін емес, мейірім қанатын жайып, жұмаққа кіргізу үшін келген-ді. Сегіз жылдан кейін Әбу Талип жан тәсілім етер сәтте Алла елшісі тағы да: «Уа, көкешім, «Лә иләһа иллаллаһ» деші, мен саған ақыретте шапағатшы болайын» деп жалынғаны көп нәрсені көкейімізге салады.

Иә, Алла елшісінің (с.а.у.) адамзатты жақсылыққа бастау жолында көрсеткен мейірім толы өнегесін айтып тауысу әсте мүмкін емес.

Мұсылмандарға қарсы соғыста мүшрік әскерлерінің қолбасшысы болған әрі мұсылмандарға үлкен соққы берген Халид ибн Уалидтің де тозақтық емес, жұмақтық болуын қалаған Алла елшісі (с.а.у.) Мекке шаһарына умраға барғанда «Халидтай ақылды адамның исламнан жырақ жүруін түсінбеймін. Халидтағы ақыл оны міндетті түрде исламға әкеледі», - деп оған жүрек жарды сәлем жолдағаны бар. Алла елшісінің (с.а.у.) өзіне жолдаған осынау сәлемін естігенде, батыр Халид алып-ұшып, рақым пайғамбарының құзырына  жетеді. Алдында тізе бүгіп, тілін калимаға келтіріп мұсылман болады.

Ал өзінің тісі сынып, дулығасының темірі мүбәрак жүзіне қадалып, үсті-басы қан жоса болған әрі мұсылмандар қатарынан жетпіс саңлақ сахабаның, оның ішінде Хақ елшісінің сүйікті немере ағасы Хамза шейіт болған сол сұрапыл Ұхыт соғысында ше? Ардақты елші (с.а.у.) өздерін осындай ауыр халге душар еткен мүшріктерге қарата: «Уа, Алла Тағалам! Менің мына қауымымды кешіре көр! Олар менің шынайы пайғамбар екенімді білмейді»[1] деп Жаратқаннан олар үшін кешірім тілеп, дұға еткені біздерді  бір сәт ойландырмай ма? Алла елшісі (с.а.у.) өзінің әрі күллі мұсылмандардың өмірін қатерге тіккен мүшріктерді қарғаған жоқ. Өйткені ол адамзатты жұмаққа жеткізуге келген мейірім пайғамбары еді.

Ардақты пайғамбарымыздың алдына (с.а.у.) Әбу Бәкірдің қызы Әсма (Алла екеуінен де разы болсын)  келіп: «Уа, Алланың елшісі, шешем әлі пұтқа табынатын жан. Маған келіп тұр. Қалай қарсы алайын?» деп сұрағанда, Алла елшісі: «Шешеңе қолыңнан келер бар жақсылығыңды жаса!»[2] дегенін қалай ғана ұмытуға болады?! Ал енді пұтқа табынатын шешесіне жақсылық жасауды бұйырған бұл дін қалайша саған ақ адал сүтін беріп, мәпелеп өсірген, ғұмыр бойы сенің өміріңді тілеген ата-анаңа «кәпір» деп қарсы шығуға шақыруы мүмкін?

Тіпті Аллаға сенбейтін адамдарға жақсылық жасауға дініміз тыйым салмайды. Керісінше олардың өзіне әділдікпен қарым-қатынас жасауға шақырады. «Мұмтахина» сүресінде былай делінеді: «Дін турасында сендермен соғыспаған әрі сендерді өз отандарыңнан қумаған адамдарға жақсылық жасауларыңа және оларға әділетті болуларыңа Алла тағала қарсы емес. Өйткені Алла тағала әділеттілік жасағандарды жақсы көреді»[3].

Кісінің намаз оқымағандығы яки қандай да бір басқа ауыр күнәні жасауы оны діннен шығарып, кәпір қатарына қоспайды. Мәселен, мына бір оқиғаға қарап көрейік.

Бұхаридың риуаятында арақ ішкен бір кісіні жазалау үшін Алла елшісінің (с.а.у.) алдына алып келгендігі айтылады. Сонда сол жердегі бір кісі «Қарғыс атқыр, осы-ақ осы әдетін қоймайды екен», - деп қалады. Мұны естіген Алла елшісі (с.а.у.):  «Оған лағынет айтпа, ол Алланы және елшісін жақсы көреді»[4] деп араша түседі.

Иә, ол сахаба арақ ішкен әдетін әлі қоя алмаса да, Аллаға және оның әз елшісіне иман келтірген әрі іштей жақсы көретін шынайы мұсылман-ды. Оған қарғыс айту «жығылғанға жұдырық» болар еді. Алла елшісі оған да араша түсіп, аяққа тұрып кетуі үшін  мейірім қолын созды. Бәлкім ол сахаба одан кейінгі өмірінде түгелдей тақуалыққа бет бұрып, нашар әдетін тастаған болар. Ол жағы бізге беймәлім. Бір білетініміз, Алла елшісінің аузынан оған қарата айтылған «Алланы әрі оның елшісін жақсы көреді» деген сүйінші сөзі еді.

Бұхари мен Мүслим және басқа да хадис жинақтарында тағы да мынандай оқиғаға куә боламыз. Алла елшісі (с.а.у.): «(Сендерден бұрынғы бір қауымда) күнәсі көп бір кісі бар еді. Әлгі кісі өлер алдында балаларына былай деп өсиет қалдырды: «Мен өлген соң, мәйітімді өртеңдер. Сүйегімнің күлін боранға және теңізге шашыңдар. Ант етейін, егер Алла менің денемді құраса, қатты азаптай ма деп қорқамын» дейді. Балалары айтқанын орындайды. Қайта тірілту басталғанда Алла тағала жерге: «Денесінен не алсаң, соны алып кел» деп бұйырғаны сол екен дереу әлгі адамның тәні жиналып тұра қалды. Алла тағала оған: «Сенің бұлай өзіңді өртетіп, күліңді шаштыруыңа не итермеледі?» дейді. Сонда әлгі кісі: «Саған деген қорқыныш» деп жауап береді. Алла тағала осыған бола оны кешірді»[5].Бұл оқиғадан ұққанымыз  Алланың құлдарына деген рақымының кеңдігі.

«Егер Алла менің денемді қайта жинай алса, онда мені ешкімді азаптамаған азаппен азаптайды» деп Алланың денесін қайта жинай алатын шексіз құдіретіне білместікпен шәк келтірген адамның өзіне Жаратқан иеміз кешірімін берді. Неге? Өйткені оны ондай іске итермелеген Алланың азабына деген жүрегіндегі зор қорқынышы еді. Міне, оның осы ниеті үшін Алла тағала оны  рақымына бөлеп, күнәсін кешірді.

Ал намаз оқымағандығын желеу етіп шешесінің әзірлеген тамағынан бас тарту тіпті өрескел қателік. Құранның «Маида» сүресінің бесінші аятында намаз оқымақ түгілі мұсылман емес кітап иелерінің тамағын жеуге де рұқсат етілген. Ал енді Алладан басқа тәңір жоқ деген, жүрегінде иманы бар, ең жақын адамың анаңның әзірлеген тамағын тәрк ету – оны еврей мен христиан құрлы көрмеу деген сөз.

Айналасындағыларды жаппай кәпір санап жүргендер «Лә иләһа иллаллаһ» сөзінің қадіріне жетіп, оны бағаламаса да, Алла елшісі бұл сөздің кісіні түбі жұмаққа кіргізетіндігін «Кімде-кім Алладан басқа тәңірдің жоқтығына иман келтірсе, жұмаққа кіреді» деп сүйіншілемеп пе еді?

 Ұсама ибн Зәйд сахабаның басынан өткен мына бір оқиға «Лә иләһа иллаллаһ» сөзінің салмағын көрсетеді. Ұсама ибн Зәйд (р.а.) қиян-кескі соғыста жаудың бір әскеріне енді қылышын көтеріп, басын шабуға ұмтылғанда әлгі кісі «Лә иләһа иллаллаһ» деп қалады. Ұсама оның бұл сөзін қорыққандағы айласы деп ұққандықтан, әлгіні сол мезет өлтіреді. Кейіннен оқиға баяндалғанда, Алла елшісі (с.а.у.) қатты кейіп Ұсамаға «Алла  деген бір адамды өлтірдің бе?» – дейді. Ұсама: «Ол оны қорыққаннан айтты» – дегенде, Пайғамбарымыз: «Оның қорыққаннан яки шын ниетімен айтқанын сен қайдан білдің, жүрегін жарып көрдің бе?! Ертең ақыретте «Лә иләһа иллаллаһ» сөзі жағаңа жабысса жағдайың нешік?» деп қатты кейіс білдіреді. Бұл сөзін бірнеше рет қайталағаны соншалық, Ұсама ибн Зәйт «Қап, осы оқиғаны басымнан өткізбегенімде ғой. Осы сәтке дейін мұсылман болмай тұра тұрғаным әлдеқайда артық па еді?!» деп өмір бойы қатты өкінеді[6].

Иә, тіпті соғыс сәтінде дұшпанның айтқан күмәнді  «Лә иләһа иллаллаһ» сөзінің мұншалық салмағы болса, шынайы айтылған бұл сөзді елемей, ата-анаң мен айналаңдағыларды кәпір санаудың күнәсін өзіңіз салмақтап көріңіз.

Ендеше, айналамыздағыларға «кәпір» деп кінә таққаннан гөрі әрдайым оларға дін шындығын қалай жеткізсек деген уайым көкейімізде тұруға тиіс.

Иә, кешегі құдайсыздықты насихаттаған кеңестік кезеңнің кесепаты мен егіп қалдырған күпірлік күдігі әлі де санадан толық кеткен жоқ. Бұған әрине бәрінен бұрын уақыт, даналықпен жасалған насихат, көркем мінезге негізделген қарым-қатынас, хикметке толы түсіндіру жұмыстары қажет.

Рас, кейде білімі саяз әлдекімдердің айтқан дөрекі уағыздары тыңдаушының құлағына түрпідей тиіп, жағымсыз әсер етіп жатады. Тыңдаған адамы айтқанына бас шұлғып мақұлдамаса немесе бірден намаз оқып кетпесе, оларды «кәпір» санап, тозаққа ысырып жататындарды да кездестіріп жүрміз.

Дін түсіндіруде қаталдыққа, дөрекілікке жол беру аса қауіпті. Бұл тұрғыда Ибраһим пайғамбардың (а.с.) өз әкесі Әзарды дінге шақырған сәті ойланғанға ғибрат. «Ибраһим Әзарға:   Уа, әкешім! Неліктен (мұңыңды) естімейтін, (мұқтаждығыңды) көрмейтін, саған ешқандай пайда тигізе алмайтын мына пұттарға табынудасың? Әкешім! Саған бұйырмаған бір білім маған берілді. Өтінем, маған ерсең, сені түзу тура жолға бастаймын. Әкешім! Шайтанға табынба! Өйткені ол Рахманға асылық етіп, күнә жасауда. Әкешім, саған Рахманның азабы тие ме деп қорқамын,  шайтанның досы болып кетерсің деп соны уайымдаймын».

Байқасаңыздар, Ибраһим пайғамбар пұтқа табынушы әкесін жалғыз Аллаға ғана құлшылық жасауға шақырғанда, ең әуелі ерекше мейірімге, жанашыр ниетке толы «Әкешім» деген сөзімен бастап отыр. Одан кейінгі аяттарда да дәл осы сөзді жиі пайдаланғанын, тіпті әрбір сөйлемін осы сөзбен бастағанына куә боламыз. Алғашқы аятта қолдан жасалған пұттардың адамға еш пайдасы жоқтығын, сондықтан құлшылыққа лайық емес екенін түсіндіреді. Яғни ақылға салып, қисынға жүгінуге шақырады. Кейінгі аяттарды да Ибраһим пайғамбардың әкесін «кәпір» деп кінәлау емес, Алланың азабына душар боласың ба деп қорқамын, ақыретіңді ойлап мазам қашады, шайтанның қатарынан табыласың ба деп соны уайымдаймын деген секілді шынайы жанашырлығын түсінеміз. Ал енді Ибраһимнің осынша мейірімге толы жанашыр жылы сөздеріне әкесі не деп жауап қатты? Келесі аятта  әкесі сөзін «ботақаным» деп емес, «Ей, Ибраһим!» деп қатқыл бастайды: «Жоқ әлде, сен менің құдайларымды тәрк етіп, олардан теріс айналдың ба? Егер сен бұдан бас тартпасаң, мен саған тас боратамын. Қараңды батыр, кет!».

Әкесінің осынау ауыр жауабын естігенде, Ибраһим пайғамбар ашуға ерік беріп, әу бастағы мейірімге толы сөзінен айнып, биязы мінезінен жаңылып қалған жоқ. Керісінше «Саған есендік пен амандық тілеймін. Сен үшін Раббымнан кешірім сұраймын»[7] деп тағы да жанашыр ниетін аңдатты.

Ибраһим пайғамбардың пұтқа табынған әкесіне көрсеткен осынау ғибратқа толы іс-әрекеті уағыз-насихатта біздерге үлгі болуға тиіс. 

Ендеше, дінде әрқашан байып сақтап, айналамыздағы адамдарға көркем мінез, мейірім мен игі істеріміз арқылы үлгі болуымыз қажет. Айналамызды бір күнде түзетеміз деп шалалық танытқаннан гөрі насихатымызды ұзақ мерзімді адамгершілікке толы қарым-қатынасқа негіздегеніміз жөн. Бүгін теріс айналып, сізден аулақ жүруге тырысқан адамдар бес жылдан, тіпті, он, жиырма жылдан кейін сізді іздеуі мүмкін. Сондықтан арадағы бүгінгі қарым-қатынаста ертең олардың сізге қымсынбай келетін мүмкіндігін болдырмай тастайтын  қатал әрекетке барудан абай болған жөн. Бүгін «кәпір» деп теріс айналған адамдарымыз ертең бізден де тақуа, бізден де Аллаға жағымды адам  болуы әбден мүмкін екенін ескеру керек.

Бірде ардақты пайғамбарымыздың жанына бір бәдәуи келіп: «Уа, Мұхаммед! Маған жақсылық жаса, жәрдем бер» деп дүние сұрайды. Алла елшісі сол сәтте әлгіге жанындағы бар дүниесін береді. Бәдәуи азырқанған кейіп танытып: «Сен маған түк те жақсылық жасамадың», - дейді. Бәдауидің бұл дөрекілігіне сол жердегі сахабалар ренжігенде, Алла елшісі бәрін сабырға шақырады. Сосын әлгі кісіні ертіп үйіне барады да, тағы да бір нәрселерді қолына ұстатып, «Енді риза бол!» - дейді. Бәдәуи ризашылығын білдіріп, алғысын айтады. Сонда Алла елшісі (с.а.у.) бәдәуиге:  «Әлгінде айтқан сөздеріңе сахабаларым ренжіді. Осы ризашылығыңды солардың алдына барып тағы да білдірсең», - дейді. Бәдәуи сахабалардың алдына барып тағы бір рет Алла расулына (с.а.у.) ризашылығын білдіреді. Бәдәуи кеткеннен кейін адамзаттың асыл тәжі Мұхаммед (с.а.у.) сахабаларына былай дейді: «Сендермен мен және үмбетімнің мысалы мынаған ұқсайды. Бір кісінің аты қаша жөнеледі. Мұны көргендер әлгі кісіге көмектеспек ниетпен атын ұстап беруге ұмтылып, артынан қуады. Ал ат одан бетер үркіп қаша түседі. Сонда аттың иесі әлгілерге: «Уа, жарандар! көмектеріңе рахмет. Атты үркітпей, былай тұрыңдар» деп етегіне жем салып, құрау-құраулап, атын өзіне мәлім әдіспен ақырын барып ұстап алады. Міне, сендер және үмбетімнің мысалы дәл осыған ұқсайды. әлгі бәдәуиге ренжіп, ашуландыңдар. Егер мен сендерге ергенде, бәдәуи наразы күйде кетіп, исламнан мақұрым  қалар еді», - дейді»[8].

Ендеше, сөзден бұрын үлгілі ісіміз, салиқалы амалымыз жүруі керек. Әрине, оңтайлы сәттерді пайдаланып, тіліміздің жеткенінше дініміздің құндылықтарын жеткізуді яки бізден де жақсы түсіндіретін кісілермен сұхбаттасуға жағдай тудыруды ұмытпауымыз керек.

Мүмкін дін насихатын жақсы кітап сыйлау арқылы жеткізу ұтымды әрі әлдеқайда пайдалы болуы мүмкін.

Көбіне жасы үлкендеу, қоғамда өзіндік орны бар, жеке пайымы қалыптасқан адам діннен мүлде хабары жоқ болса да, сенің дін жайында айтқан әңгіме, уағызыңа атүсті, кейде мұрын шүйіре «мен де білемін» деген кейіпте қарауы мүмкін. Сондықтан уағыз айтқанда әр адамның жеке жағдайы мен табиғатына, білім деңгейі мен қоғамдағы орнына  сай ыңғайлы тәсілді таңдай білу насихаттың оң әсерін арттыру тұрғысынан өте маңызды.

Әрбіріміз қай салада болсақ та өз ісіміздің шебері, майталман маманы бола білсек, білімімізді әрдайым шыңдап, бойымызды барша адами қасиеттермен безендіре білсек, мұны байқаған айналамыздағы адамдар жетістігіміздің астарын ұстанып отырған дінімізден іздейтіні сөзсіз. Өз ісін тыңғылықты атқаратын, жығылғанға сүйеу, қиналғанға қамқор, айналасына мейірбан бола білген мұндай жанның айтар қарапайым сөзінің өзі айналаға әсерлі уағыз, қалыпты іс-әрекетінің өзі ғибратқа айналады.

[1]
[2]
[3] «Мүмтахина» сүресі, 7-аят.
[4] Сахихул-Бұхари. 1-том, 137-бет. «Дәру Ибни Кәсир баспасы», Бәйрут, 1987 ж.
[5] Сахихул-Бұхари. 3-том, 1282-бет. «Дәру Ибни Кәсир баспасы», Бәйрут, 1987 ж. Сахих Мүслим, 4-том, 2110-бет. «ДәруИхиа`ит-турасил-араби» баспасы, Бәйрут.
[6]
[7] «Мәриям» сүресі, 42-47 аяттар.
[8]

1 пікір