Жұқа шұлыққа мәсіх тартуға бола ма?
Жұқа шұлыққа мәсіх тартуға бола ма?
10 жыл бұрын 12107
Қайрат Жолдыбайұлы

Бүгінгі таңда кейбір жастар дәреттің төрт парызының бірі саналатын «аяқты жууға» жеңіл қарап, жаз болсын, қыс болсын жұқа шұлыққа мәсіх тарта салуды әдетке айналдырып, тіпті өзгелерді де осыған уағыздап жүр. Дәлел ретінде Муғира ибн Шуъбадан риуаят етілген:

عَنْ الْمُغِيرَةِ بْنِ شُعْبَةَ قَالَ تَوَضَّأَ النَّبِيُّ صَلَّى الله عَلَيْهِ وَسَلَّمَ
وَ مَسَحَ عَلَى الْجَوْرَبَيْنِ وَالنَّعْلَيْنِ

«Пайғамбарымыз (с.а.у.) дәрет алды және екі шұлығына және аяқ киіміне (наъл – аяқ киімнің тәбішке секілді тобықтан төмен келетін жеңіл түрі) мәсіх тартты» деген хадисті келтіреді. Алайда бұл хадис көптеген хадис ғалымдары бойынша «сахих» емес. Әбу Дәуід, ән-Нәсаий секілді хадис ғалымдары бұл хадисті «әлсіз» деген. әт-Тирмизидің хадис жинағына «Тухфатул-ахуази» атты кең түсіндірме жазған Мухаммед Абдур-Рахман ибн Абдур-Рахим да жоғарыдағы хадисті және пайғамбарымыз (с.а.у.) шұлыққа мәсіх тартты деген басқа үш хадистің де түгелдей «әлсіз» екенін білдірген. Негізінде Муғира ибн Шуъбадан Пайғамбарымыздың (с.а.у.) шұлыққа емес, мәсіге мәсіх тартқандығы дұрыс жолмен риуаят етілген [1]. Имам ән-Нәуауий жоғарыдағы хадис жайлы былай дейді: «Бұл хадис – әлсіз. Көптеген Хафыз ғалымдар әлсіз деген. әл-Бәйһақи бұл хадисті «мүнкәр» дей отырып Суфиян әс-Сәури, Абдур-Рахман ибн Мәһди және Ахмад ибн Ханбал, Али ибн әл-Мәдини, Иахия ибн Мағин, Муслим ибн Хажжаж секілді мәшһүр хадис ғалымдарының да «әлсіз» деп бағалағанын жеткізді [2]. Әт-Тирмизи бұл хадисті «хасан-сахих» деп бағалағанымен жоғарыда аты аталған хадис ғалымдарының деңгейі одан жоғары деп есептеледі. Тіпті ілім иелерінің келісілген пікірі бойынша бұл ғалымдардың қай-қайсысы да әт-Тирмизиден (хадис ілімінде) жоғары. Екіншіден, хадисті «сахих» деп қабылдағанның өзінде басқа қайшы дәлелдермен үйлестіріп дұрыс түсіну үшін онда айтылған «шұлықты» (аяқ киімсіз) жүруге жарайтын шұлық деп жорамалдау қажет. Себебі, хадисте жалпылай шұлықтың барлық түрін білдіретін сөз жоқ [3]. Үшіншіден, әл-Бәйһақи (кітабында) ұстаз Әбул-Уәлид ән-Нәйсабуридің былай дегенін жеткізді: Бұл хадистегі шұлық – жеке шұлық және жеке аяқ киім емес, асты терімен қапталған шұлық. Яғни, хадисті: «Пайғамбарымыз екі шұлығына және аяқ киіміне мәсіх тартты» деп емес, «табаны терімен қапталған екі шұлыққа мәсіх тартты» деп түсіну қажет. әл-Бәйһақи Әнас ибн Мәликтің де хадиске байланысты осы мағынаны меңзейтін сөзін жеткізді» [4].

Тіпті, имам әт-Тирмизидің өзі аталмыш хадистегі шұлықты жай жұқа шұлық деп емес, «қалың байпақ» деп түсінген. Оған дәлеліміз, Имам әт-Тирмизи жоғарыдағы хадисті келтіргеннен кейін былай дейді: «Суфиян әс-Сәури, Ибн Мүбәрак, Шафиғи, Ахмад және Исхақ сияқты көптеген ғылым иелері: «Наъл (тәпішке тәрізді жеңіл түрі) болмаса да қалың шұлыққа [5] мәсіх тартуға болады» [6].

«Жұқа шұлыққа мәсіх тартуға» болады дейтіндердің дәлел ретінде келтіріп жүрген жоғарыдағы Муғира ибн Шуъбадан риуаят етілген хадисті түйіндер болсақ:

Біріншіден, хадис – Муслим ибн Хажжаж [7] сияқты көптеген мәшһүр хадис ғалымдарының пікірінше, «әлсіз».

Екіншіден, хадисті дәлел ретінде қабылдағанның өзінде онда айтылған шұлық жұқа емес, қалың шұлық. Тіпті хадисті «хасан-сахих» деп бағалаған әт-Тирмизидің өзі осылай түсінген.

Үшіншіден, Әбул-Уәлид ән-Нәйсабури сынды кейбір ғұламалар хадисте айтылған «екі шұлығына және аяқ киіміне мәсіх тартты» дегенді шұлығына жеке, аяқ киіміне жеке мәсіх тартты деп емес, «табаны терімен қапталған шұлыққа» мәсіх тартты деп түсінген.

Төртіншіден, хадисте тек шұлыққа ғана мәсіх тартты делінбеген, шұлықпен бірге тәпішкесіне (аяқ киімнің тобықтан төмен жеңіл түрі) де мәсіх тартты делінген. Осының өзі аталмыш хадистің тек шұлыққа мәсіх тартудың дұрыстығына дәлел бола алмайтынын білдіреді.

Ендеше, Құранда «аяқтарыңды жуыңдар» деп әмір етілген дәреттің төрт парызының бірі саналатын «аяқ жууды» – хадис ілімінің көптеген ғалымдары «әлсіз» санаған, тіпті, дәлел ретінде қабылдағанның өзінде әртүрлі түсінуге әрі жорамалдауға болатын күмәнді хадиспен айырбастауға болмайды. Төрт мәзһаб ғұламаларының ешқайсысы «жұқа шұлыққа мәсіх тартуға болады»- деп пәтуа бермеген. Яғни, бұл мәселеде ғұламалар арасында «ижмағ» бар.

 

Төрт мәзһаб ғұламалары шұлыққа мәсіх тартуға байланысты не дейді?

Ханафи мәзһабы бойынша:

Ханафи мәзһабының атақты ғалымы Имам әл-Кәсанидің «Бәдаиъус-санайъ» атты кітабында былай делінеді: «Мұхаммед пен Әбу Юсуф [8] бойынша жүруге жарайтындай[9] мықты, астын көрсетпейтіндей қалың және суды өткізбейтіндей тығыз, аяққа кигенде байламай-ақ өздігінен тік тұратын шұлыққа немесе үсті және табаны терімен қапталған мәсі тәріздес шұлыққа, яки, тек табаны терімен қапталған шұлыққа мәсіх тартуға болады. Ал, Әбу Ханифа бойынша тек табаны терімен қапталған немесе табаны да үсті де терімен қапталған мәсі тәріздес шұлыққа ғана мәсіх тартуға болады. Бірақ басқа бір риуаятта Әбу Ханифаның науқас кезінде бұл ойынан Мұхаммед пен Әбу Юсуфтың көзқарасына қайтып, қалың шұлыққа мәсіх тартқандығы айтылады» [10].

Мәлики мәзһабы бойынша:

Мәлики мәзһабында жұқа шұлықты былай қойғанда, терімен қапталмаған қалың шұлыққа да мәсіх тартуға болмайды. Яғни, Мәлики мәзһабында табаны терімен қапталған шұлыққа ғана мәсіх тартуға болады [11].

Шафиғи мәзһабы бойынша:

Шафиғи мәзһабында асты көрінбейтіндей қалың, су өткізбейтіндей тығыз және жүруге жарайтындай мықты болмаған, тіпті, кейбір пәтуалар бойынша терімен қапталмаған шұлыққа да мәсіх тартуға болмайды. Имам ән-Нәуауий былай дейді: «Біздің мәзһабымыз (Шафиғи) бойынша дұрысы – егер шұлық жүруге жарайтындай мықты болса, онда оған мәсіх тартуға болады. Әйтпесе, жоқ... Ал (аяқ киімсіз) жүруге жарамайтын жұқа шұлыққа мәсіх тартуға болмайтыны даусыз» [12].

Ханбали мәзһабы бойынша:

Ханбали ғалымдары табаны терімен қапталмаған шұлыққа мәсіх тартуға болатындығын айтқан. Бірақ ол шұлық – жұқа шұлық емес, аяқ киімсіз жүруге жарайтын қалың әрі мықты шұлық. Кейбір адамдар ханбали ғалымдарының шұлыққа «мәсіх тартуға болады» деген сөзін дұрыс түсінбегендіктен жүруге жарамайтын жұқа шұлыққа да мәсіх тартуды дұрыс санап жүр.

Алайда көрнекті ғалым Абдуллаһ ибн Ахмад ибн Қудама «әл-Муғни» атты кітабында Имам Ахмадтың: «Аяқта өздігінен мәсі тәрізді тік тұратындай қалың емес байпаққа мәсіх тартуға болмайды. Ал кейбір адамдардың шұлыққа мәсіх тартуының астарында – ол шұлықтардың мәсі тәрізді (аяқ киімсіз) жүріп тұруға жарайтындай болуынан» деп мәсіх тартуға болатын шұлықтың жұқа емес, қалың шұлық екенін айқындап айтқан сөзін жеткізді [13].

Бұған қоса, Ханбали мәзһабының белді ғалымы Шәмсуддин ибн Қудама «әш-Шархул-кәбир» (кең түсіндірме) атты кітабында: «...Егер өздігінен (байлаусыз) аяқта тік тұратын әрі жүруге жарайтын (шұлық) болса, оған мәсіх тартуға болады. Ал жұқа болса болмайды» [14] – деп Ханбали ғалымдарының «шұлыққа мәсіх тартуға болады» деген пәтуаларындағы шұлықтың жұқа емес, жүруге жарамды қалың әрі мықты шұлық екенін айқындап түсіндірген.

Ибн Тәймия да шұлыққа мәсіх тарту мәселесінде ханбали мәзһабынан шықпаған. Сондықтан ол да аяқ киімсіз жүруге жарамайтын жұқа шұлыққа мәсіх тартуды дұрыс санамаған. Ибн Тәймия өзінің «Мәжмуъатул-фәтәәуа» атты пәтуалар жинағында «мәсіге мәсіх тартқанымыздай шұлыққа да мәсіх тартуға бола ма?» – деген сұраққа: «Иә, табаны терімен қапталса да, қапталмаса да егер жүруге жарамды болса, болады...» [15] -деп жауап берген. Ал шұлықтың жүруге жарамды болуы үшін қалың әрі мықты болу керектігі айтпаса да түсінікті.

Жоғарыда төрт мәзһаб ғұламалары пәтуаларынан байқағанымыздай, мәсіх тартуға болатын шұлық – аяқ киімсіз жүруге жарайтындай мықты, су өткізбейтіндей әрі асты көрінбейтіндей тығыз және қалың, жуылуы парыз болған, яғни, аяқтың тобыққа дейінгі жерін жауып тұруы шарт. Тіпті, Мәлики мәзһабы бойынша табаны терімен қапталған болуы қажет.

Мәзһаб ғұламалары мәсіх тартуға жарайтын шұлықта болуы тиіс бұл шарттарды қайдан алған деген сұраққа әт-Тирмизи жинағына «Тухфатул-ахуази» атты кең түсіндірме жазған фиқһ әрі хадис саласының білгір ғалымы Мухаммед Абдур-Рахман ибн Абдир-Рахим әл-Мубәракфури былай дейді:

«Дәрет алуда негізгі нәрсе – Құранда келгендей екі аяқтың жуылуы. Ал, Құран үкімін «мәсіге мәсіх тартуға болатындығын білдіріп» келген хадис сияқты барлық хадис ғалымдарының бірауыздан «сахих» деп бағалаған хадистерімен ғана айырбастауға болады. Ал енді шұлыққа мәсіх тартуға болатындығын білдіретін (жоғарыдағы) хадистің сахихтығына (дұрыстығына) байланысты бұл саланың мамандары арасында сынға толы түрлі пікір бар. Ендеше, қалайша ғана (аяқтарыңды жуыңдар деген) Құран бұйрығын мұндай әлсіз хадиспен айырбастауға болады? Осыны меңзеген Муслим [16]: «Әбу Қайс, Һузәйл («шұлыққа мәсіх тартты» деген жоғарыдағы хадисті риуаят еткен кісілер) сияқты кісілердің риуаятын негізге алып Құранның заһири үкімінен (аяқты жуудан) басқа үкімге (шұлыққа мәсіх тартуға) баруға болмайды» дейді [17].

Міне, сондықтан ғұламалар мәсіх тартуға жарайтын шұлықтың мәсі орнына жүруі әрі мәсіге байланысты хадистердің аясына кіруі үшін жоғарыдағы шарттарды қосқан...» [18].

Жоғарыдағы Мухаммед Абдур-Рахман ибн Абдир-Рахим әл-Мубәракфуридің сөзін тарқатып түсіндірер болсақ, төрт мәзһаб ғұламалары бойынша жоғарыдағы хадис Құранның парыз еткен «аяқты жуу» үкімінің орнына жүретіндей қуатта болмағандықтан жұқа шұлыққа мәсіх тартуға болмайтындығын бірауыздан білдірген. Ал мәсіге мәсіх тартуды білдіріп келген хадистер өте көп әрі бірауыздан хадис ғалымдары бойынша «сахих» болғандықтан қажет кезде «аяқты жуудың» орнына жүре береді. «Ал су өткізбейтіндей әрі асты көрінбейтіндей қалың әрі тығыз және аяқ киімсіз жүруге жарайтындай мықты шұлыққа мәсіх тартуға рұқсат берулерінің астарында мұндай сипаттағы шұлықтың мәсіге ұқсатылуында (қияс қылынуында). Яғни, шұлықтың мәсі орнына жүруі үшін, шұлықта мәсідегі суды өткізбеу әрі жүруге жарамдылық секілді ерекшеліктер болуға тиіс. Міне, сондықтан ғұламалар мәсіх тартылатын шұлықта жоғарыдағы шарттардың болуын талап еткен.

Бір ескеретін жайт, тоғызға жуық сахабаның шұлыққа мәсіх тартқандықтарына байланысты келген риуаяттарды «жұқа шұлыққа мәсіх тартуға» дәлел ретінде келтіруге болмайды. Себебі, сахабалар жұқа шұлыққа емес, аяқтарын жылы ұстау мақсатында киген қалың шұлықтарына мәсіх тартқан. Әбу Мәсғуд әл-Ансаридің (р.а.) қылдан тоқылған қалың шұлығына мәсіх тартқандығы сахих жолмен риуаят етілген [19].

Ендеше, қазіргі жұқа шұлықтар, тіпті қолдан тоқылған кейбір байпақтар пайғамбарымыздың (с.а.у.) заманындағы шұлыққа ұқсамағандықтан, оған мәсіх тартуға болмайды. Мәсіх тартуға жарайтын шұлықта болуы тиіс шарттар әһлус-сунна уәл-жәмаъа ғалымдарының «ижмаъына» (бірауыздан келіскен шарттарына) жатады. Сондықтан бұл шарттары жоқ шұлыққа мәсіх тартқан кісінің дәреті толық болмағандықтан намазы да «жүмһүр» яғни көпшілік ғұламалар бойынша дұрыс емес.

Сөз түйіні, жеңілдікті желеу етіп, дәреттің төрт парызының бірі саналатын «аяқ жууды» жұқа шұлыққа мәсіх тарта салумен айырбастауға болмайды. «Пайғамбарымыз (с.а.у.) екі нәрсенің біреуін таңдар болса, сөзсіз күнә болмаған жағдайда жеңілін таңдайтын еді. Ал егер күнә болса, адамдардың арасындағы одан ең аулағы болатын...» [20] деген хадисте де көрсетілгендей жеңілді таңдау үшін, ол нәрсенің ең алдымен «күнә» болмауы шарт. Пайғамбар (с.а.у.) заманында қазіргідей жылуынан гөрі сәні үшін киілетін жұқа шұлықтардың болмағанын ескерер болсақ, аталмыш «шұлығына мәсіх тартты» деген хадисті «жеңілдікке» айғақ ретінде келтіре алмайтынымыз ақиқат.

Ал ауа-райының суықтығына, яки басқа да түрлі жағдайларға байланысты аяқ жууға қиналған жандар теріден тігілген шұлық тәрізді жұқа мәсіні қолдануларына әбден болады.

Сондай-ақ, ғибадаттардың қиындығына қарай сауабының да болатынын ескерер болсақ, дәрет алуға байланысты кейбір қиыншылықтарды мол сауаптың қазынасы деп түсінгеніміз жөн. Пайғамбарымыз (с.а.у.) сахабаларына: «Сендерге Алла Тағаланың қателеріңді кешіріп, дәрежелеріңді көтеретін істі көрсетейін бе?, – деді. Сахабалар: «Әрине, уа Алланың елшісі!», – деді. Сонда Алла елшісі (с.а.у.): «Қиыншылықтарға қарамастан дәретті толық дұрыстап алу...» [21], – деп, дәрет алу кезінде кездесер кейбір қиыншылықтардың күнәларымыздың кешіріліп, дәрежелеріміздің көтері-луіне себеп екенін білдірген.

Құрметті ізгі оқырман! Пайғамбарымыздың (с.а.у.): «Саған күмәнді боп келген нәрселерді таста да күмәнсізді ұстан...!» [22] немесе «Харам нәрсе де, адал нәрсе де – анық. Бірақ екеуінің ортасында адамдардың көбі біле бермейтін «күмәнді» нәрселер бар. Кімде-кім күмәнді нәрселерден сақтанса, дінін де, ар-ұят, абыройын да сақтаған болады. Ал кімде-кім күмәнді нәрселерге түсер болса, харамға түскені...» [23] делінген хадистерінде ескертілгендей күмәнді нәрселерден сақ болғанымыз жөн.

Ендеше, намазымыздың кілті саналған дәреттің төрт парызымен тікелей қатысы бар күніміздегі кейбір күдікті «шәзз» [24] пәтуаларды тастап, күдіксізін таңдау парасатты әрі ықтиятты мұсылманның ісі болса керек.

[1] Муслим ибн Хажжаж, Сахих Муслим, 1-том, 229-бет. «Дәру Ихиа’ит-турасил-араби» баспасы, Бәйрут.
[2] Мәғрифатус-сунан уәл-әәсаар лил-Бәйһақи, 1-том, 349-бет. «Дәрул-кутубил-илмия» баспасы, Бәйрут.
[3] Жалпылай барлық шұлықты білдіретін сөз жоқ деуі – Пайғамбарымыздың (с.а.у.) «Шұлыққа мәсіх тартыңдар» деген әлсіз де болса, ешбір хадисі жоқ. Бар болғаны Муғира ибн Шуъбаның «пайғамбарымыз шұлығына және тәбішкесіне мәсіх тартты деген» оқиғаны баяндау сөзі ғана. Ал мұндай түрлі жорамалдауға болатын әрі бірнеше ықтималға жүкті оқиғаларды баяндау – Усулул-фиқһ ілімінде жалпылықты білдірмейді. Себебі баяндауда қолданған сөздер мен оқиғаны бағалау – баяндаушының көзқарсына тікелей қатысты.
[4] Имам Әбу Зәкәрия ән-Нәуауий, әл-Мәжмууъ, 1-том, 566-бет. «Дәрул-фикр», Бәйрут, 1997 ж.
[5] әт-Тирмизи жинағының «Тухфатул-ахуази» атты түсіндірмесінде әт-Тирмизидің: «Наъл» болмаса да деген сөзімен – табаны терімен қапталған шұлық болмаса да» деп айтқысы келгендігі жазылған. (Тухфатул-әхуази Шарху жамиъит-тирмизи, 398-бет, 1-том, «Байтул-афкарид-даулия» баспасы).
[6] Мухаммед ибн Иса Әбу Иса әт-Тирмизи, Сунанут-тирмиз, 1-том, 167-бет. «Дарул-ихиаайт-турасил-араби» баспасы, Бәйрут.
[7] Сунанул-Бәйһақил-кубра,1-том, 284-бет. «Мәктабату Дарил-Бәз» баспасы, Мекке, 1994 ж.
[8] Әбу Ханифаның ең үлкен мүжтаһид шәкірттері. Ханафи мәзһабында осы екі кісінің пікірлері мен пәтулары көп жағдайда ескеріледі, тіпті негізге алынады.
[9] Ханафи мәзһабында ұзақ жол мөлшерін 1 фарсах деп көрсеткен. 1 фарсах –5565 метр.
[10] Алауд-дин Әби Бәкір ибн Мәсъууд әл-Кәсаний, Бәдайъус-санаайъ, 1-том, 141-бет. «Дарул-кутубил-илмия» баспасы. Бәйрут, 1997 ж.
[11] Әбу Омар Юсуф ибн Абдиллаһ әл-Қуртуби, әл-Кәфи, 1-том, 27-бет. «Дәрул-кутубил-ъилмия» баспасы, Бәйрут, 1982 ж. Және қараңыз; Әбу Омар Юсуф ибн Абдиллаһ әл-Қуртуби, әл-Истизкәәр, 1-том, 222-бет. «Дәрул-кутубил-ъилмия» баспасы, Бәйрут, 2000 ж.
[12] Имам Әбу Зәкәрия ән-Нәуауий, әл-Мәжмууъ, 1-том, 564-бет. «Дәрул-фикр», Бәйрут, 1997 ж.
[13] Абдуллаһ ибн Ахмад ибн әл-Қудама, әл-Муғни, 1-том, 182-бет. «Дәрул-фикр» баспасы, Бәйрут, 1985 ж.
[14] әш-Шархул-кәбир, 1-том, 281-бет.
[15] Ибн Тәймия, Мәжмуғату фәтаауаа, 11-том, 123-бет. «мәктабатул-ъабикан» баспасы, Риад қаласы, 1998 ж.
[16] «Сахих Муслимді» жинақтаған әл-Бухариден кейінгі беделді хадис ғалымы Муслим ибн Хажжаж (Һижри, 204-261).
[17] Сунанул-Бәйһақил-кубра,1-том, 284-бет. «Мәктабату Дарил-Бәз» баспасы, Мекке, 1994 ж.
[18] Мухаммед Абдур-Рахман ибн Абдур-Рахим әл-Мубәракфури, Тухфатул-әхуази Шарху жамиъит-тирмизи, 1-том, 401-бет, «Байтул-афкарид-даулия» баспасы.
[19] Әбу Бәкір Абдур-Раззақ ибн Һумам әс-Санъани, Мусаннафу Абдир-Раззақ, 1-том, 199-бет. «Әл-мәктәбул-ислами» баспасы, Бәйрут, 1977 ж. Қосымша қараңыз: Мұхаммед Шамсул-Хақ әл-азим Әәбаади, Ъаунул-маъбууд, «Дарул-кутубил-ъилмия» баспасы, Бәйрут, 1995 ж.
[20] Сахихул-Бұхари, 3-том, 1306-бет. «Дару ибни Кәсир» баспасы, Бәйрут, 1987 ж.
[21] Муслим ибн Хажжаж, Сахих Муслим, 1-том, 219-бет. «Дәру Ихиа’ит-турасил-араби» баспасы, Бәйрут.
[22] Сунанут-Тирмизи, 4-том, 668-бет. «Дәрул-ихиайтурасил-араби» баспасы.
[23] Муслим ибн Хажжаж, Сахих Муслим, 3-том, 1219-бет. «Дәру Ихиа’ит-турасил-араби» баспасы, Бәйрут.
[24] Шәзз пәтуа – барша ғұламалардың пәтуаларына қайшы пәтуа.

1 пікір