Түрік, парсы, араб қолжазбалар білгірі, тараздық ғалым - Насрулла ат-Тарази
Түрік, парсы, араб қолжазбалар білгірі, тараздық ғалым - Насрулла ат-Тарази
10 күн бұрын 366 www.muftyat.kz/
Омаров Б.

Тараз қаласының атын өзіне лақап еткен ғалымдардың саны өте көп. Солардың ішіндегі ең жасы, қазірге дейін танылып отырған ғалымдардың сонғысы Насрулла ат-Тарази болып отыр. Профессор Насрулла ат-Тарази әл-Хусейни (Қожа) 1922 жылдың 15 наурызында дүниеге келді.

Қожа деп жазуымды 2017 жылдың жазында Насрулла ат-Таразидің Тұңғыш ұлы "Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінің архив саласында Египет Араб Республикасымен өзара мәдени байланыс" атты ғылыми практикалық семинарда жолыққанымызда өтінген болатын. 1917-1930 жылдар аралығында Түркістанда совет өкіметінің отарлау саясатына қарсы, жасырын көтерілістерді ұйымдастыруға басшылық жасаған исламтанушы ғалым, Әбу Насыр Мубашширхан ат-Тарази әл - Хусейнидің ұлы (20.12.1896).

Тегі сұлтандармен жалғасатын Мубашширдің Нағашысы Базракхан солтүстік Түркістандағы ислам мемлекетінің соңғы әмірі болған. Әппәқ қожам деген атпен танылған нағашы атасы Хидаятулла ертеректе аталмыш мемлекетті құрған болатын. Осы мемлекетті бұл әулет тоқсан үш жыл басқарған.

Мубашшир ат-Тарази алғашқы білімін жеке ұстаздардан алып, кейінірек Ташкент қаласындағы Әбу Қасымхан медресесінде орта және жоғарғы білімін алады. Кейін Бұхара қаласына ат басын бұрып, мұндағы "Кукулташ" университетінде араб әдебиеті, тәпсір, фиқһ, логика ілімдерін менгеріп шығады. Осы ілімдермен қатар Ислам таблиғы алқасының басшысы, ұстаз Шейх Мұхаммед Әсли әш-Шәмидің жетекшілігімен диплом жұмысын жазып, хадис мамандығы бойынша ижазә куәлігін алды. Мубашшир оқуын тәмәмдағаннан кейін өзі туған қала Таразға оралып он екі жылдан астам уақыт патша өкіметіне қарсы қиында қанды күресін бастайды. 1917 жылы Түркістан азаттығын мақсат етіп, отандық әрекеттерге қолдау ретінде түркістандық студенттер бірлігін құрады.

Осы жылдың 20 қыркүйегінде Ферғананың астанасы Хоқан қаласының тәуелсіздігін жариялайды. Азаттық үшін қанша тер төккенімен халықтың барлығы да бұл ойды қолдамады. Түркістандықтар екі саяси топқа "жаңашылдар" мен "ескішілдер" болып бөлініп кеткен еді. Соққы үстіне соққы болғандай Нығмет Хаким есімді атейст "Мұхаммед Тәңірдің пайғамбары ма?" деген кітап жазып, Пайғамбарды соңынан Құдайды жоққа шығарады. Жаңашылдардың идеологияларын сынап қате екендерін ашып, бұл кітапқа қарсы Мубашшир ат-Таразиде "Құран және пайғамбарлық" атты түрік тілінде маңызы үлкен кітап жазды. Бұл кітаптағы идеяларды толық халыққа жеткізу үшін бөлім-бөлімге бөліп, әр жұма хұтбасына шыққан сайын уағыз ретінде айтып отырды.

Бұдан хабардар болған Ресей өкіметі ат-Таразиді қамауға алуға және түрік, парсы, араб тілдерінде жазылған еңбектерін тәркілеу туралы қаулы шығарды. Ресей өкіметінің жүргізген жаңашылдар саясаты өте жымысқылық пен айлалы жасалғанын, бұл саясатқа ашық қарсы тұруға шамасы жетпейтінін осы бір қаулы  анғартқандай болған ды. Әйтсе де, ол Самарханд пен Ташкентте «әл-Исләх» (тәрбие) және «Айна» секілді Ислами басылымдарға, журналдарға үзбей мақалалар жариялап жүріп, имамдық және хатиб қызметін атқарды. Осы арада 1922 жылы Насрулла ат-Тарази дүниеге келеді. Түркістан ғұламаларының ахуалынан сыр шертетін "Идахул-марам" (ойды ашық айту) журналының бас редакторы, 1923 жылы шариғи сот қызметінде, 1924 жылы Таразда діни басшы болып тағайындалды. Бірақ атейзмге қарсы күресі, ресей өкіметінің дінге араласуы, Мубашширдің әкесі ашқан діни бастауыш ошақтарын ресей өкіметінің  жабуына қарсы  шәкірттері мен бірге ереуілге шығуы ресей өкіметіне ұнамады. Нәтижесінде Тарази өз қызыметінен толықтай босап қалды. Осы уақыт аралығында үш рет қамауға алынып өлім жазасына да кесіліп үлгерді. Бұл күресте бес миллион адам қаза тапты, тағы бес миллионға жуығы сібірге жер аударылды және үш миллионға жуық Түркістан өкілдері ата-мекендерін тастап басқа жерлерге бас сауғалап қашуларына тура келді. Қанды таяқттан Мубашир ат-Таразиде зорлық көрді.

1930 жылы сәуір айында Мубашир, Насрулла ат-Тарази (баласы) мен Ауғаныстанға қашып өтеді. Бұл уақытта Насрулла бұғанағы қатпаған 8 жасар бала еді. Сол кездегі Ауғаныстан шахына араб тілінде қасида жазып, онда елінен неге қашқандығы туралы айтылады. Шах Мухаммед Надир Мубашир жазған хатқа ресми жауап қайтарып, өз астанасына шақырады. Кабул қаласына дейінгі жолда Мубашшир мен баласы Насрулланы Ауған шенділері қонақ қылып Кабулде шах өзі қабылдайды. Бұл уақытта Насрулланың бауырлары және анасы Тараз қаласында қалуға мәжбүр болды.

1930 жылдан бастап Насрулла ат-Тарази өз білімінің алғашқы баспалдағына қадам қоя отырып жаңа өмірінің алғашқы кезеңін бастаған болатын. Насрулла ат-Тарази бастауыш, орта білімдерін Ауғанстанда француз  мектебінен алды. Кейін Кабул университетіне оқуға түсіп ғылыми білімін шыңдады. Шәкірт болып, Ауған әдебиетшілерінің бас қосуларына, ашық сабақтарына және поэзия кештеріне барып, ұстаз Абдурахман Бисуак және Салахуддин әс-Сулжуқи және Фикри Сулжуқи және Абдулхақ Бәйтәб сияқты тағы басқа атақты ұстаздардың сұхпаттарына қатысуға зор ықылас танытты. Мұндай мүмкіндік оған әр-Рудаки, әл-Әбқари әл-Бәлхи және Фарахи Систәни, Мәнужәһри Дәмғәни, Синәий әл-Ғазнәуи және Фәруриддин әл-Әттар, Низами әл-Кунжууи, Жәләлуддин әр-Руми және Абдурахман әл-Жәми, Мирза Абдул Қадир, Бәйдәл сынды парсы ақындарының диуандарын оқып, жаттауға жол ашты. Бұған қоса Насрулла өз әкесінен ислам ғылымдары мен араб әдебиетін қоса менгерді. Осылайша оның ғалым ретіндегі тұлғасы қалыптасып, Ауғаныстанға танылды. Жоғары оқу орнын бітіре сала, Кабул университетінде оқытушы болып қызмет атқарды.

1949 жылы Насрулла ат-Тарази Ауғанстандағы Кабул университетінде парсы тілі бойынша доктор дәрежесін иемденді. Насрулла ат-Тарази 1920 жылы қыркүйек айында орыс коммунистері тағын жаулап алған Бұхараның ең соңғы әмірі әс-Сәйід Әлімханның қызы Махбижамға осы жылы үйленеді. Бұл әйелінен Мубарак, Сурия және Мариям атты ұл қыздар дүниеге келді. Махбижам ертерек дүние салып Насрулла екінші рет Мысырлық әйелге үйленеді, бірақ бұл әйелден ұрпақ өрбімеді. 

1949 жылдың қыркүйек айында ол әкесі және тараздық отбасымен Пәкістан арқылы Мысырға қоныс аударады. Осылайша Мысыр Насрулла ат-Таразидің екінші отанына айналды . Мубарак ат-Таразидің айтуына қарағанда Мубашшир ат-Тарази Ауғанстан жерінен Пәкістанға сапар шегіп, осы жерге отбасы бала шағасын қалдырып, өзі Мысыр еліне әуелі жалғыз барып, баспана, елдегі ахуалмен танысып қайтқан көрінеді. Оған себепте бар шығар. 1950 жылы кароль Фарукты тақтан тайдырған әскерилердің әрекетінің қызу талқысы жүріп жатқан уақыт болатын.

Мысырдағы жағдайға қаныққан Мубашшир ат-Тарази қайта Пәкістанға оралып отбасын және баласы Насрулланы 1950 жылы бірінші қаңтар күні Мысырға алып келді. Мубашширді бұл жылы тек жаңа қоныс қана қуантпады, сонымен қоса бұл жерде Мубашшир немерелі Насрулла мұрагерлі болып, Мубарак ат- Тарази дүниеге келді. 1951 жылы Насрулла ат-Тарази Дәрул- Кутуб әл-Мысрияға (Мысырлық кітаптар үйіне) шығыс тілдер бөліміне тізімдемеші (каталогшы) болып қызметке алынды. Біртіндеп ол аға тізімдемеші, одан кейін бөлім бастығының орынбасары, бөлім бастығы дәрежесіне дейін қызметін жоғарылатады. Ал 1970 жылы осы кітап үйінің барлық тармақтары бойынша басшы, бас маман болып тағайындалады. Содан кейін ол жасы келумен зейнеткерлік демалысына шығады. Бірақ оған қарамастан 1984 жылға дейін шығыс тілдерінің тізімдеме бөлімін басқарып келді.

Насрулла ат-Тарази қызмет жасаған жылдарында жиырма үш мың қолжазба (түрік,шағатай, парсы, араб тілдеріндегі) және шығыс басылымдары басылып, ол он алты томнан тұратын энциклопедиялық тізімдеме ретінде жарық көрді.

1983 және 1984 жылдарғы жазғы демалысында Стамбул қаласындағы тарих пен өнерді және ислам мәдениетін зерттейтін IRCICA орталығының кітапхана және қолжазба саласында маман болып қызмет атқарды.

1967 жылдан бастап, парсы тілі мен түрік тілдерін және олардың әдебиеттерін Айн Шамс университетінде, содан кейін Каир университеті мен әл-Әзһар университетінде дәрістер оқыды. 1970 жылы университеттер кеңесінің жоғарғы кеңесінің шешімі бойынша Насрулла ат-Таразиге профессор атағы берілді.

1967 жылы Түркия Мәдениет министрлігі атынан Түркияға келуге ресми шақырту хат алды. 1973 жылы Болгарияға үш апталық мерзімге келуге ресми шақырту хат келді.

Ал 1977 жылы Иран мемлекетінің Мәдениет министрлігі Иранға үш аптаға ресми шақыру жіберді. Осы үш ресми сапар барысында аты аталған мемлекеттерде кездесулер ұйымдастырылып, дәрістер оқылып, Мысыр мен басқа бауырлас елдер арасындағы мәдени байланыстардың арта түсуіне, нығайуына өзіндік үлес қосты.

Насрулла ат- Тарази өз өмірін білім ғылымға арнаған жан. Ол кісі тұңғышы әрі мұрагері Мубарак ат-Таразиге мұра ретінде дүние мүлік қалдыра алмады, есесіне тек қана Мубарак емес, барлық өзінен кейін келетін адамзат баласына ғылым мұрасын қалдыра білді. Насрулла өзінің өмірінің екінші кезеңін Мысырда бастады. Өмірінің бірінші кезеңі болған Ауғанстан оған білім мен тәрбие берсе, Мысыр елі оған үлкен ғылым жолындағы тәжірбиені үйретті.

Оның ең алғашқы кітап ретінде басылып шыққан еңбегі «Нуриддин Абдурахман әл-Жәми, дарул- кутуб әл мысрияда (мысырлық кітаптар үйінде) сақталған еңбектерінің тізімдемесі еді. Бұл каталог 1964 жылы баспадан 78 бет болып басылып шықты. Ең соңғы баспадан басылып шыққан еңбегі "Түркиядан тыс жерлерде жарық көріп, дарул- кутуб әл-Мысрияда сақталған, сонау XV ғасырдан бастау алып, 1980 жылдарға дейінгі кезеңді қамтитын османлы түрік тілінде жазылған кітаптардың тізімдемесі.

Бұл тізімдеме 1998 жылы аяқталып, кітаптың бір нұсқасын Ататүрік атындағы жоғары ұйым жанындағы мәдениет орталығына, түрік тіліндегі нұсқасын басып шығару мақсатында тару етілді. Жалпы өз өмірінде Насрулла 29 кітапты баспадан басып шығарып үлгерді. Олардың ішінде әдебиет, шығыс тілдерін оқыту құралдары, мысыр ұлттық кітапханасындағы орта азияға (Түркістан) қатысты, Османлы түркілеріне қатысты каталогтар, араб колеграфиясы тағы да басқа ғылым салалары жайлы қалам тартты.

Насрулла ат-Тарази өзінің мағыналы өмірінде шәкірттер де тәрбиелеп үлгерді. Өз білімі мен тәжірбиесін өзі ғана пайдаланып қана қоймай, жас буынмен бөлісе білді. 1967 жылы Айн-Шамс университетінде парсы және түрік тілдері және оның әдебиеттерінің ұстазы ретінде дәрістер жүргізді. Осы жылдың өзінде Айн-Шамс университетімен қоса Каир, тарихы терең әл-Әзһар университеттерінде де аталмыш салалар бойынша дәрістер оқыды. Бұл кісінің дәрістік мақсатта жинақталған құжаты 1985 жылы Ыстамбұл университетінде өткен "Халықаралық түркі зерттеулері» атты конференцияда түрік тілінде конференциялық жинақта басылып шығарылды.

Парсы және Османлы түрік әдебиеттері арасындағы байланыстар деген тақырыпта. Жалпы саны жиырма екіге тарта дәрістер және конференция материялдары жинақталды. Жыл көрсеткіші бойынша ең соңғысы 2000 жылы әл – Матрудия ақидасы (сенімі) бойынша белгілі ғалым имам әл-Матруди. Бұл Өзбекстан Республикасында өткен халықаралық конференцияға жіберілген материялы еді. Өкінішке орай Насрулла ат- Тарази бұл конференцияға қатыса алмады, ондағы басты себеп, Өзбекстан Республикасынан шақырту келмей тұрып, Сауд Арабиясынан әр-Рияд қаласында өтетін қолжазбалар көрмесіне ресми шақырту алған болатын. ол жерде де Насрулла ат-Тарази дәріс оқитын еді. Өз шығармашылығында Насрулла ат-Тарази жиырмаға жуық мақалалар жариялады.

Мақалалары әр түрлі тақырыптарды қозғап отаншылдық, капитализм, коммунизм, ислам, Түркістан және түркістандықтар, Ауғанстан жайлы, ислам мұраларын дамытудағы Түркістандық ғұламалар секілді ауқымы үлекн салмақты мақалалар жазды. Ең алғашқы мақаласын 1953 жылы "Тәржумәну әфкәр" журналында шағатай тілінде Карачиде басып шығарған. Мақала "Бір Раббы, бір Отан, бір үміт, бір мақсат" деген тақырыппен шықты. Насрулла ат-Тарази қайтыс болғанынша ғылыми ізденісте жүрді. Әрине өлім айтып келмейді. Өкініштісі, ол кісі ең соңғы мақаласын басылымға беріп үлгермеді.

Мақала поэзия жинағы - үнтаспаға әуенмен бірге жазылып алынған османлы түрік, өзбек, парсы, араб тілдеріндегі өлеңдер жайлы еді. Бұл еңбектер доктор, профессор Насрулла ат-Тарази кіндік қаны тамған Түркістанды шексіз жақсы көрумен қатар, өз Отаны үшін атқарған қызметтері. Ол бала кезінде 1930 жылы әкесімен бірге қуғын-сүргіннің салдарынан туған отанынан қуылып, өзі туылған жерін қимаса да оны іләжісіз қалдырды. Мысыр жерінде он төрт жыл қызмет атқарғансоң президент Жәмәл Абдулнасердің кезінде 1964 жылы Мысыр азаматтығын алды және Мысыр азаматы болып дүние салды. Ал әкесі Мубашшир ат-Тарази болса Түркістан азаматы болып қайтыс болды. Насрулла ат-Тарази кеңес өкіметі кезінде өз отанына кіре алмады. Себебі ол халық жауы деген жаламен амалсыз елінен бас сауғалап қоныс аударуға мәжбүр болған Мубашшир ат-Таразидің баласы еді. Алайда 1991 жылы Кеңес үкіметі құлап, орта азия елдері және басқада мемлекеттер өз тәуелсіздігін жариялап жатты. Бұл 1996 жылы еді.

Өзбекстан Республикасы Ташкент, Сәбз, Самарқанд қалаларында ақсақ Темірге арнап халықаралық конференция ұйымдастырды. Осы сапар барысында Насрулла ат-Тарази конференцияның ашылу салтанатында сөз сөйлеп Мысыр ұлттық кітапханасында сақтаулы Әмір Темірге және Темір ұрпақтарына қатысты қолжазба құжаттарды табыс етті. Бұл тізімдемелер шығыс және батыс тілдерінде басылып шықты. Осы жолғы сапарында Насрулла ат-Тарази өзі туылған мекені, Тараз қаласын көруге мүмкіндік алды. 1997 жылы Өзбекстанда Хиуа мен Бұхара қалаларының 2500 жыл толуына орай халықаралық конференция өткізіліп бұл конференцияға Насрулла ат-Тарази ресми шақыртылды.

Бұл конференцияға сый ретінде ұстаз Насрулла ат-Тарази "Түрлі шығыс тілдеріндегі және Мысыр ұлттық кітапханасында қолжазбалар түрінде сақталған Мұхаммед (с.ғ.с) хадистері аудармаларының тізімдемесін", "Түрлі тілдерге аударылған құран кәрім мағыналары мен шығыс тілдерінде жазылған құранның түсіндірмелерінің тізімін" кітап ретінде басып сиға тартты. Бұл сапарында үлкен ұлы Мубарак ат-Таразимен бірге келген болатын. бұл сапарды Мубарак ат-Тарази өз сұхпатында былай еске алады.

"Біз Өзбекстандағы конференцияны аяқтап әкем туылған қасиетті қала Таразға бір топ адам болып аттандық. Топ адамдардың ішінде менің анамның туысқандары көп болды. Біз Тараз қаласының қақпасына жеткенде көліктерді тоқтатты. Сол кездегі әкемнің көліктен түскен кезі әле есімде. Оның аяғы көліктен туған топырағына тигенше дірілдеп, көздерінен жасы мұнарлай ақты. Көліктен түсе сала жер бауырлап құшағына сиған жерлердің барлығын да құшақтай жылап, анам, бауырларым, ағайындарым деп өкіріп-өкіріп жылай берді. Тараз қаласындағы туыстарымызды зиярат етіп, әжемнің, (Насрулланың анасы) әкемнің қызылдар қолынан қаза тапқан бауырларының  қабіріне барып құран бағыштап қайттық".

Осылайша өз өмірінде Түркістанның ұлы Насрулла өз Отанымен осылайша кезіккен болатын. Міне, бұл Мысыр-Иран достастығы бірлестігі ұйымы, Мысыр-Ауған достастығының бірлестігі және Мысыр - Өзбекстан достастығының бірлестігі, Мысыр - Қазақстан достастығы бірлестігінің белді мүшесі - Насрулла Мубашшир ат-Тарази мырза.

2010 жылдан бастап елімізге профессор ғұлама Насрулла ат-Таразидің құжаттары елімізге әкелінді. Бұл құжаттарды ҚРОМА сақталынып, бақытымызға орай жүйелеп, реттеп тізімдемесін жасауды елімізге белгілі шығыстанушы, ҚазҰУ Шығыстану факультетінің деканы, Ы.Палтөреге, көмекші ретінде маған жүктелген болатын. 2016 жылғы 2300 қор 1 тізімдемеде жалпы саны 423 іс құрастырылды. Бұл қорда Насрулла ат-Таразиге қатысты құжаттар сақталынған. Аталмыш тұлғаға қатысты құжаттар 2010 жылдың 16 қарашасы № 19 келісім бойынша, Орталық мемлекеттік архивтің сол кездегі директоры Ақтаева Ляззат Сүлейменқызы мен Насрулла ат-Таразидің мұрагері Мубарак ат-Тарази арасында жасалып, жалпы сатып алынатын құжаттар саны 5000 бірлікті құрайтыны көрсетілген.

Бұл құжатта көрсетілген сан 2017 жылы тағы да еселенді. Келісімде көрсетілген құжаттардың хронологиясы 1910 жылдан бастап 2002 жыл аралығындағы тарихи, әдеби, сурет өнері және Дарул Кутубте тұрақты (Мысыр ұлттық кітапханасында) сақталынатын түрік, парсы, араб, тілдерінде жазылған құжаттардың каталогтарын, газет журнал беттерінде Насрулла ат-Таразидің өзі жариялаған және өзі жайлы басқа авторлардың мақалалары, жазған хаттары мен алғысхаттары, дипломдары, Түркияның экспрезиденті Сүлеймен Демирельдің Н. ат-Таразиге берген жоғары дәрежелі құрмет ордені, өлең жолдары мен естеліктерін  қамтиды.

Алайда Алматы қаласында 2017 жылы Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың "Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік" атты Қазақстан халқына Жолдауы мен "ЭКСПО-2017" Халықаралық мамандандырылған көрмесінің мәдени іс-шаралары аясында, 29- маусым 1-шілде аралығында өткізілген «Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінің, архив саласында Египет Араб Республикасымен өзара мәдени байланысы" атты Халықаралық ғылыми-практикалық семинарға Мубарак ат-Тарази де қатысып, Насрулла ат-Таразиге қатысты 80-ге жуық қағаз құжаттар мен бірге Мубарак ат-Таразиге Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы тарапынан кітап мәдениетіне қосқан үлесі үшін берілген медальін сертификатымен бірге, әкесінің құжаттарының қатарында осы бір құнды дүниенің сақталуын қалап, сиға тартып кеткен болатын.

2011 жылдың қаңтар, ақпан айлары бойы Каир университетіндегі Азиятану орталығында ұйымдастырылған Мысыр мен Қазақстан қарым-қатынастары симпозиумында профессор Насрулла ат-Тарази мырзаға Тараз қаласының құрметті азаматы деген құрметті атақпен қоса, Қазақстан Ғылым Академиясының мүшесі деген құрметті атақ беруге шешім қабылданды. Профессор Насрулла Мубашшир ат-Тарази Тараз қаласында дүниеге 1922 жылы келіп Каир қаласында 2002 жылы дүние салды.

Мубарак ат - Тарази әкесінің Мысыр елінде өмір сүргенімен, Каир қаласында Сұлтан Бейбарыс ауданында тұрғандығын айтады.

"Ол өзіне жақын Түркістандық тұлға әрі Мысыр билеушісі болған жерлесінің атымен аталатын ауданда тұрғысы келдіме екен, әйтеуір өмір бойы сонда тұрды. Анығын  бір Құдай біледі" - дейді. Мубарак ат-Таразиге үйдегі Насрулла ат-Тарази қандай еді - деп сұрақ қойғанымызда, "Ол үйде отбасының иесі, жақсы әке және түннің жарымы ауғанша қаламын қолынан тастамайтын шаршап-шалдығуды білмейтін, қажырлы ғалым болды", - деп жауап берді. 


Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

1. "Тараздан шыққан ғұлама" Діни білім - дін діңгегі Ш. Керім "Нұр-Мүбәрәк" баспасы 2012. 107б.

2 ."Тегі қазақ Мысырлық ғалым Насролла Мүбәшшир ат-Таразидың құнды мұралары хақында" Д. Есенжан "Ақиқат журналы" №2,2012. 49-50б

3. Тараздық тұлға Насрулла ат-Тарази, құраст: Ы.Палтөре ҚРОМА 2016

4. "Түркістан өткені мен бүгіні" аударған Ы.Палтөре ҚРОМА 2017

0 пікір