Мыңдаған жапондық мәрттігіне тәнті болып Исламды қабылдады (оқиға)
Мыңдаған жапондық мәрттігіне тәнті болып Исламды қабылдады (оқиға)
11 күн бұрын 1842 foto: amrkhaled.net
Мұқатай Ермек Тасболатұлы

Лос Анжелесте 1984 жылы төрт жылда бір келетін төрткүл дүниенің басты бәсекесі – олимпиада ойындары өтіп жатты. Дзюдо күресіндегі 95 кг салмақтағы бәсекенің жартылай финалында жапон палуаны Яшухиро Ямашита жеңіске жеткенімен, оң аяғының сіңірін созып алды. Дәрігерлер қанша ем-дом жасағанымен, оң аяқ оңала қоймады. 

Ақтық сында боз кілемде Мысыр дзюдошысы Мұхаммед Әли Рашуанмен белдесті. Яшухиро Ямашита татамиге оң аяғын сылтып басып, алпамсадай денесін әрең көтеріп шықты. Еңгезердей піл табан қарсыласы оң аяқтың тобығынан бір қағып жіберсе, жапон балуанының жауырыны жер иіскейтіні айдан анық.
Белдесу басталысымен залдағы көрермендер тұс-тұстан «Рашуан, оң аяқтан шал», «Оң аяқтан шал» деп ұрандап жатты. Бірақ, Мұхаммед Әли Рашуан қарсыласының осал жеріне көз тіккен жоқ. Белдесу барысында бірде-бір рет Яшухиро Ямашитаның оң аяғына шабуылдамады. Әккі жапон палуаны реті келгенде қарсы әдіске көшіп, ұстау тәсілімен Мұхаммед Әли Рашуанды жеңіп кетті. Сөйтіп, Мысыр палуаны күміс медальді місе тұтты.


Белдесуден кейін журналистер: «Неге, ұтымды сәтті пайдаланбадыңыз? Жеңіс сіздің қолыңызда тұр еді ғой» деп сұрағанда, Мұхаммед Әли Рашуан: «Менің дінім адамзат баласына, жаралы адамға, нақтырақ айтар болсам, біреудің осал жеріне соқтықтпауға шақырады. Медаль үшін мен ондай арсыздыққа бара алмас ем» деп жауап қатты.


Жапония үкіметі Мұхаммед Әли Рашуанның мәрт қылығына дән риза болып, оны олимпиада аяқталған соң Токиода төбесіне көтеріп, қонақ қылды. Және Мұхаммед Әли Рашуанның ер мінезіне тәнті болған мыңдаған жапондықтар Хақ дінді қабылдады.


Түйін: Бүгінгі таңда біз жағымыз жар, тіліміз кез болып Хақ дінді насиқаттап келеміз. Тіпті, уағыз айтуға келгенде әрбір мұсылман таңды-таңға ұрып уағыз айтқыш. Айталық, кеше ғана намаз бастаған бауырымыздың маңайына жақындап кетсең саған төбеден қарап, мұрнын шүйіріп, шариғатты шағып тастаған адамша ақыл айтады. Алайда, бізде иман болғанмен, ізгілік жасауға келгенде нәмәрттік танытып жататынымыз ащы болса да шындық. Орта ғасырларда ұлы мұсылман бабаларымыз мұқым әлемге иманымен, ілімімен, көркем-мінезімен үлгі-өнеге болған еді. Қазіргі таңда, кім бұзақы – мұсылман, кім есірткіні өсіреді – мұсылман, кім содыр – мұсылман...


Иә, біз үмбетке ақида, фиқһ, хадис, тәпсір үйретіп, бірақ адам болуды, яки адамгершілік жасауды үйрете алмай жүрміз. Сол себепті де еуропалықтар «мұсылманды көрдім, бірақ исламды көре алмадым» деп тәмсілдетуде. Демек, біз мұсылмандар өмірге деген ұстанымызды түбегейлі өзгертуіміз керек. Иман мәселесінде алда болғанымыз секілді, адамгершілік жасауда да алда болуға тиістіміз.

0 пікір