Мешіт мұнараларының тарихы
Мешіт мұнараларының тарихы
29 күн бұрын 1492
Лилия Алтынова

Бүгінде мешіттің келбетін мұнарасыз елестету мүмкін емес. Мұнара – мұсылмандардың құлшылыққа арналған ғимараттарының бұрышында (немесе бұрыштарында) тұрғызылатын құрылыс. Мұнаралар қандай мақсатпен салынады? Олар Исламның алғашқы жылдарында болған ба және алғашқы рет мұнаралар қашан пайда болды? - бұл туралы төмендегі материалдан оқи аласыз.  

Арабша түпнұсқасы «мәнара» немесе «мәнарат» болып табылатын «мұнара» сөзі - «шырақ жанған жер» немесе «жарық шашқан жер», «маяк» деген мағыналарға саяды. Өткен ғасырларда жағалаудағы қалалардың мұнаралары шынымен маяк ретінде пайдаланылатын болған, соларға қарап кемелер дұрыс бағытты анықтап отырған.

Мұнаралардың басты функциясы, әрине, мұсылмандарды мешітке намаз оқуға шақыру. Күніне бес рет азаншылар мұнара төбесіне баспалдақпен көтеріліп, азан шақыратын. Мұнаралар неғұрлым биік болса, соғұрлым мүәззиндердің (азаншы) дауысы алысқа естіледі.

 

Мечеть

Қазіргі таңда дыбыс күшейткіштер орнатылғандықтан мұнараларға шығып азан айтудың қажеттілігі қалмаса да, мешіттердің дәстүрлі келбетін сақтау үшін оларды тұрғызу жалғасуда.

Алғашқы мұнара

Исламның алғашқы жылдарында мешіттер қарапайым болғандықтан, мұнаралары жоқ еді. 

Бұны хадистерден де байқауға болады. Мәселен, Имам Әбу Дәуіттің хадистер жинағындағы, «Азан» бөлімінде Ибн Саад (Алла оған разы болсын) былай әңгімелейді:

كان بيتي أطول بيت حول المسجد، فكان بلال يؤذن فوقه من أول ما أذن إلى أن بنى رسول الله صلى الله عليه وسلم مسجده، فكان يؤذن بعد على ظهر المسجد، وقد رفع له شيء فوق ظهره

«Пайғамбар мешітінің айналасындағы (Мединедегі) үйлердің ішінде менің үйім ең биігі еді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) мешітінің құрылысын аяқтағанға дейін Біләл менің үйімнің төбесіне шығып азан айтып жүрді. Мешіт құрылысы аяқталғаннан соң мешіттің төбесіне шығып азан айтты. Кейіннен ол үшін мешіттің төбесінде биік орын тұрғызылып, ол сол жерде азан айтатын болды».

Мечеть

Уақыт өте келе, мұсылмандар азан шақыратын арнайы бөлек мұнаралар тұрғыза бастады.

Деректерге қарағанда, ең алғашқы рет Хижраның елу үшінші жылында Мұғауия ибн Әбу Суфиян (Алла оған разы болсын) мұнаралар тұрғызуға тапсырма берген екен. 

Дейтұрғанмен, алғашқы рет мұнара салғызған адамның кім екендігі жөнінде тарихшылардың пікірі екі ұдай. Кейбір тарихшылардың айтысына қарағанда, ең алғашқы мұнараны Мұғауияның тапсырмасы бойынша Басра қаласының губернаторы Зияд ибн Убай (Алла оған разы болсын) салғызған.

Ал, кейбір тарихшылардың айтуына қарағанда, алғашқы мұнаралар Мысыр губернаторы Мәсләм ибн Мұхалладтың (682 ж.ж.) тапсырмасымен Фустаттағы (ескі Каир) «Амр ибн Ас» мешітінде салынған. Бұл - мешіт бұрыштарында орналасқан төрт мұнара болатын. Осы дерек – сенімдірек саналады. Сонымен бірге осы мұнаралардан ең әуелі азан шақырған адам – Шұрахбиль ибн Амр деседі. 

Аударған: islam.kz/

0 пікір