"ОҢАША ҒИБАДАТ ЕТЕТІН": ҚҰНАНБАЙ ДА, АБАЙ ДА ОРАЗА ҰСТАҒАН
"ОҢАША ҒИБАДАТ ЕТЕТІН": ҚҰНАНБАЙ ДА, АБАЙ ДА ОРАЗА ҰСТАҒАН
1 ай бұрын 1412 7-su.kz/
Серікбол ХАСАН

Оразаның қадір-қасиеті, мейір-шарапаты жайлы имам-ұстаздар жақсылап БАҚ бетінде жазып та, мешіт мінберінен айтып та жатыр. Аллаға шүкір, ораза жайлы маңызды мәліметтер жетерлік. Әсіресе, ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қалай ораза ұстағаны, жанындағы серіктері - сахабалардың, одан берідегі дін қайраткерлері мен ғалымдардың ораза жайлы айтқан сара сөздері бүгінге де жетті. Біз ол тақырыпты қайталамай, қолға қалам алып, ораза жайлы құнды жазбалар қалдырған қазақтың алғашқы ағартушыларының еңбектерін саралап, сара сөздеріне тоқталмақпыз. Сонымен, олар ораза жайлы не жазды?

Құнанбайдың оразасы

Алдымен «Қазақ тұлғалары ішінде Рамазанда ораза ұстап, намазына мұқият қараған адам бар ма?» деген сауалға жауап іздесек. Ол Абайдың әкесі Құнанбай Өскенбайұлы болатын. Абайтануға айтарлықтай үлес қосқан Әрхам Кәкітайұлы естелігінде Құнанбайдың оразасы жайлы келтіреді.

Әрхам – Абай мұраларын тұңғыш бастырушы, ақынның інісі Ысқақтың немересі. Атасы Ысқақ болыстыққа сайланғаннан кейін Құнанбай билік ісіне араласпай, бар ниетін құлшылыққа қойған.

«Құнанбай енді ел сөзіне кіріспей, дін жолына біржола беріліп, күндіз-түні ораза тұтып, намаз оқып, Ғабитқан молланы уақыт-уақыт шақырып алып, шариғаттың бес парызын, уәжібін, сүннетін сұрап алып, үйреніп, оңаша үйде тағат, ғибадат ететін болды», - дейді Әрхам Кәкітайұлы. Сөйтіп, жетпістен асқанда қасиетті Қағбатуллаға қажылық жасаған.

Сәбит Мұқанов та Құнанбайдың дін Исламды дамытуға үлес қосқаны жайлы айтады. «Құнанбай діншіл адам болған. Ол сол кезге дейін көшпелі қазақ ауылдарының арасына біртіндеп тарап келген мұсылман дінінің ықпалын күшейтуге тырысқан, намаз оқитын, ораза тұтқызу, дәулетті адамдарға зекет төлету сияқты дін шарттарын өзіне бағыныштыларға күшпен таратпақ болған. Осы мақсатпен Орта Азияның діндар қожаларын, татар молдаларын қарамағындағы ауылдарға таратып, олардың балаларын міндетті түрде мұсылманша оқыттырады. Сондай қожа-молдаларды өз аулында да ұстап, өз балаларын, олардың ішінде Абайды Ғабитхан есімді татар молдасына сабаққа берген», - дейді Сәбит Мұқанов.

Абай да ораза ұстаған

Абайдың дін жайлы дұрыс білім алуына әкесі Құнанбадың зор ықпалы болғаны анық. Бұл жайлы Мұхтар Әуезов: «Абай он жасқа келгенде әкесі Семей қаласына әкеліп оқуға берген. Бұдан бұрын қырда да біраз оқыған болады. Семейдегі алғашқы берген молдасы Ғабдұлжаппар деген татар. Артынан бұдан шығарып, Ахмет Риза молдаға тапсырған. Екеуі де мешітте имамдық қылады. Және сол мешіттердің жанында медресе болған. Оқушы шәкірттің көбі сол медреседе жатып оқиды», - деп жазады. Абайдың Ахмет Риза медресесінен алған діни білімі оның осы бағыттағы ізденісін қамшылай түскен еді.

Кәкітай Ысқақұлы естелігінде Құнанбайдың ұлы Абайдың да Рамазан айында құлшылығын арттырып, ораза ұстағаны жайлы жазады. «Рамазан айында ораза ұстап, намазды сонда үзбей оқушы еді. Ол оқыған кезінде, өзгелерді «асығыс отырып, сендер көңілді алаң қыласыңдар» деп, өзі жеке асықпай оқып отырып алушы еді», - дейді.

Кәкітайдың жазуынша, Абай «Құдайға шын көңілмен ғибадат қылған кісі құпия қылады деп» сыртымен тақуасынған адамдарды аса жақтырмағанын атап өтеді. Бұл пікірді Көкбай Жанатайұлы да қуаттаған. Көкбай естелігінде «Абай шын мағынасында мұсылман еді. Бірақ мұсылманшылығы молда-қожа айтып жүрген сырты сопы мұсылмандық емес, үлкен сынмен, терең оймен, өз жүрегімен тапқан мұсылмандық болатын», - деп жазады.

Абайдың, одан бертіндегі қазақ ақындарының (Сұлтанмахмұт Торайғыров, Мағжан Жұмабаев және басқалар) өлеңдерінде дін жайлы жағымсыз жолдар жоқ емес. Бұл олардың дін Исламды мойындамағаны немесе күпірлікке салынғанынан емес, сол замандағы сәлде таққанын бәлсініп, құлшылығына рия қосып, жалаңаш жұрттың хақын жеп, дінді жек көрінішті көрсеткен дүмше молдалардың ісіне күйінгенінен еді.

Абай өзінің «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген өлеңінде:

Руза, намаз, зекет, хаж – талассыз іс,
Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс. 
Бастапқы үшін бекітпей, соңғы төртті 
Қылғанменен татымды бермес жеміс, 
– дейді.

Ақынның бастапқы үші деп отырғаны АЛЛАНЫ, АДАМЗАТТЫ және ӘДІЛЕТТІ сүю болатын. Міне, осы үш «ИМАНИ ГҮЛ» кеудесінде бүр жарған адамның ғана соңғы төртеу – ОРАЗА, НАМАЗ, ЗЕКЕТ, ҚАЖЫЛЫҒЫ қабыл болатынын алға тартады. Абай құлшылыққа рия араластырмауға шақырады. Мағжан Жұмабаевтың «Риялы ораза, намазбен, Өзіңді өзің алдама!» деп жазатыны да содан.

Абай Құнанбайұлы – дінді ғылым арқылы түсінуді құптаған адам. Мұны ақын өзінің оныншы қара сөзінде «Ғылымсыз ахирет те жоқ, дүние де жоқ. Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған хаж, ешбір ғибадат орнына бармайды» деп нақтылай түседі.

Ыбырайдың дінді түсіндіруі

Дінді дұрыс түсінген қазақ зиялыларының бірі Ыбырай Алтынсарин еді. Қазақ арасында ораза жайлы алғашқы жазба қалдырған да Ыбырай болатын. Ыбырай Алтынсарин «МҰСЫЛМАНШЫЛЫҚТЫҢ ТҰТҚАСЫ» (Қазан, 1884) кітабында Рамазан айында ораза ұстаудың парыз екені, мүмкіндігі бола тұра ораза ұстамаған адамның ақыретте азап шегетіні, тіпті, оразаны не бұзып, не бұзбайтыны жайлы жан-жақты мәлімет берген.

«Рузаның уақыты – таң қызара бастағаннан күн батқанша. Сол екі уақыттың арасында ешбір тамақ асамақ, ішпек дұрыс емес. Хатта мейір қанып, дене рахаттанатын, яғни, үстіне су құйдыру, суға малынған киімге орану рәуіштілер де макруһ. Оразаның шарты сол, бас күнінің алдыңғы түнінде ниет етерге керек: «Ей, Құдайым, ниет қылдым келешек күн Рамазан айының оразасын ұстамаққа таң атқаннан күн батқанша», - деп. Түнде ниет етуге ұмытып кеткен кісі ораза ұстаған күні түске шейін ниет етсе де болады. Егер тіпті ниет етпесе руза дұрыс емес. Оның үшін ниет ету өзі парыз. Парызды орнына келтірмегендіктен, құлшылық дұрыс бола алмаса керек. Рузаны ұстамасқа болады: ауру болып дертіне оразадан залал болардай болса, әйел жүкті болғанда һәм жас бала емізген уақытында балаларына зиян келердей болса, яки, жолаушыларға», - деп тайға таңба басқандай түсіндіреді.

Тіпті: «Егер бір адам рузаға ниет етіп, ұстап тұрып, біле, көре ұстаған күні ашып жіберсе, бір күніне де алпыс күн ораза ұстауға керек. Мұны каффарат деп атайды», - деп каффараттың не екеніне түсініктеме береді.

Сол секілді ораза айында хисабқа толатын малы бар адамның пітір беру керектігін еске салады. «Пітірдің бұйрықты шамасы адам басына бес қадақ бидайдың өзі не болмаса ұны, яки, он қадақ арпа немесе қара ұн, я болмаса солардың бағасы берілсе де болар», - дейді Ыбырай Алтынсарин. Бүгінде пітір садақаның құны, Алтынсарин айтқандай, екі келі ұнның бағасы бойынша шығарылып жүр.

Әлиханның ұстанымы

Ораза, әсіресе, оразадағы садақа туралы пікір білдіргендердің бірі – Алаш көсемі Әлихан Бөкейханұлы. Әлихан да Абай секілді дінді ғылыммен түсіндіруге тырысты. Зайырлы көзқарас ұстанды.

Ғалихан деген атпен «Қазақ» газетінің 1917 жылғы санында шыққан мақаласында: «Бiздiң қазақ-қырғыздың iсiн көркейтетiн болсақ, хүкiмет iсiнен бөлiп қойған оң болады. Оны орысша «отделение церкви от государства» дейдi», - деп зайырлы қоғам құруға ұмтылды. Қазіргі мемлекетіміз ұстанып отырған саясат та осы – зайырлылық.

Әлихан тақуа болған жоқ, бірақ дінсіз де емес еді. Ол Абай секілді дін дінді теріс ұғушы надандармен, дүмшелермен күресті. Алайда дінмен күрескен жоқ. Керісінше, дін мәселесін елдік мәселенің ішінде қарады. Алашорда бағдарламасының өзінде «дін жаюға ерік» деп көрсетілген, халыққа діни еркіндік берілген. Өкінішке қарай, бүгінде кейбір әсіредіншілдер Әлиханды діндар етіп, ал кейбір алаштанушылар, керісінше, Әлиханды дінсіз етіп көрсетуге тырысып жүр. Өйткені, Алаш көсемінің дінді сынға алған тұстарын көбірек басшылыққа алып, сол сөздеріне ғана басымдық беретіні байқалады.

Алайда ол, Тұрсын Жұртбай айтқандай, Ташкентте қадымилар мен жадидтердің арасындағы құрылтайдағы пікір таласына орай тек мұсылман заңымен мемлекет құрамыз дегендерге қарсы айтылған сөз болатын.

Әлихан Бөкейхан 1916 жылы «Қазақ» газетіне шыққан, өзі айтқандай, Жиенғали мырзаның өтінішіне жауап ретінде жазылған «РАМАЗАН АЙЫ ЖАҚЫНДАҒАНДА» мақаласында ораза айында берілетін пітір садақаны дұрыс бағытқа жұмсау мәселесін көтеріп, Құран Кәрімде баян етілген садақа орындарын рет-ретімен көрсетіп шығады.

«Құрандағы айтылған «пақыр» деген сөздің мағынасы бір кісінің, болмаса көптің мұқтаждығын шығару деген сөз. Бұған ұлт мұқтаждығы да кіреді. Мұны шығарамын деген ұлтқа не керек? Сол керегін жетілдіру үшін Алла Тағала «садақаларыңды мұқтаж болған адамдарға беріңдер» деп көптің қамын ойға салып айтқан» дей келе, садақаны ұлт мұқтаждығы үшін жұмсауға, мұқтаж халдегі жолаушыларға, оқу жолындағы барша шәкірттерге және басқа ғаріп-міскіндерге беруге болатынын айтады.

«Алла Тағала Құран Кәрімде пайдалы орынға өздерінің сүйген нәрселеріңмен малыңды шығармай тұрып ізгілік, жақсылық деген нәрсеге жетісе алмайсыңдар деп бүтін адам баласын шын көңілмен ұлт ісіне қызмет етуге қызықтырады. Егер ұлт ісінің керегі болмаса, ол ұлт ісіне мұндай уәжіп һәм зекет сияқты садақаларды ең сүйген малыңнан беріңдер деп қызықтырмас еді. Мұнан көрініп тұр: сүйген малыңнан садақа шығару бір кісіге ғана емес, бүтін ұлт ісі екендігі. Әр нешік мұндай парыз, уәжіп-садақалар бір кісінің пайдасына ғана емес, бүтін ұлт пайдасына беріледі. Ол ұлт пайдасы мектеп, медресе сияқты жұрттар салып, бала оқыту секілді істерде табылады», - деп түйіндейді Әлихан Бөкейхан. Алашордашылар дін мәселесін елдік мәселенің ішінде қарады дегеніміздің дәлелі осы.

Шәкәрімнің ораза жайлы ойы

Ораза жайлы орамды ой қозғаған тұлғаның тағы бірі Шәкәрім Құдайбердіұлы болатын. Шәкәрім өзінің «МҰСЫЛМАНДЫҚ ШАРТЫ» (Орынбор, 1911) кітабында: «Әр жылда рамазан айында ораза тұтпақ парыз. Ораза кісі күндіз еш нәрсені ішіп-жемейді, күндіз ұрғашыға жатпайды, темекі тартпайды, насыбай атпайды, сағыз да шайнамайды», - деп бастай келіп, оразаны Рамазан айын көріп барып ұстаудың дұрыс болатынын баяндайды. Одан ары ораза ұстау ережелеріне қатысты мол мәлімет береді.

«Оразада әдейі ашып жіберген кісі бір күнге алпыс күн кінәрат, яғни, тұтас екі ай ораза ұстайды. Халсіз ауру, халі келмейтұғын шал-кемпір, жолаушы үш күндік жолға шыққанда ұстамаса болады. Бірақ жолаушы тым қиыншылық болмаса, ұстаған жақсы және жолаушы үйге келген соң, ауру кісі жазылған соң қазасын ұстайды. Шал менен кемпір әр күн үшін пітір садақасындай бидай береді пақырға және буаз қатынның баласына, яки, емшекте болса, бар қатынның баласына өзі ораза болғаннан зиян келетұғын болса, бұлар ашық болады да, артынан қазасын ұстайды», - дей келе, әйелдердің қандай жағдайда ораза ұстай алатынын анықтап түсіндіреді.

Сөз соңында ораза тек тамақтан ғана емес, ауызға да тыйым салу керек деген түйін жасайды. Сөз соңын: «Қалай болса солай күнәдан тыйылмай, аузына не келсе соны сөйлеп жүргендей ораза сауапты болмайды. Бәлкім, қабыл да болмас деген қауіп бар», - дейді Шәкәрім Құдайбердіұлы.

Біз жоғарыда қазақ ағартушыларының оразаға қатысты ой-орамдарын мысалға келдірдік. «Олар ораза жайлы не жазды?» деген сауал төңірегінде жауап іздедік. «Ораза, намаз, зекет, қажы – ол нұр иман! Бұл айда рахмет нұрға дүние толған». Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы Рамазан айы жайында осылай толғаған еді. Дүние рахмет нұрға толған қасиетті айда жасаған дұға-ғибадаттар қабыл болсын!

 

 

0 пікір