Мәшһүр-Жүсіп неліктен тақиясына үкі тағып жүрген?
Мәшһүр-Жүсіп неліктен тақиясына үкі тағып жүрген?
6 жыл бұрын 15919
Марфуға ШАПИЯН

Ақын, фольклоршы, ғалым, ағартушы, этнограф, шежіреші, публицист, дін ғұламасы Мәшһүр Жүсіп туралы сериялы мақала жазуға болар, шығармашылығы бірер зерттеу кітапқа арқау болар. Алайда біз бүгін осы бір тұлғаның қалыптасу жолы мен басындағы үкісінің құпиясына ғана тоқталмақпыз. Өйткені, оның өзі бір мақалаға жүк дүние. Мәшһүр Жүсіп осыншама ілімді бойына қалай сіңірді? Оның сыры неде? 

 

Оқуға ынтызар Көпей әке

ХХ ғасыр басында қазақтан шыққан үлкен ғұлама ғалым Мәшһүр Жүсіпті заманында мойындап, талантына сүйсінбеген жан жоқ шығар. Абайдың өзі: “Мен де ақынмын, Мәшһүр де ақын. Дегенмен, ол ақын болғанымен Құдайға жақын. Сондықтан да Мәшһүр адамзаттың әулиесі ғой» десе, ешкімнің алдында тізесі бүгіліп көрмеген палуан Қажымұқан Мұңайтпасұлы: «Мен ол кісінің алдына барып, тізерлеп тұрып өзім жеңілер едім» деген көрінеді. 

Дүниеде тегіннен-тегін ештеңе жоқтығы секілді, өмірде бір нәрсеге бір нәрсе себеп болмай тұрмайды. Адам білімді болса, оның артында ілім үйреткен қаншама ұстаз бар, адам дана болса, көрген-білгені, көңілге түйгені бар. Ал Мәшһүр Жүсіптің артында сондай бір адамның болмауы мүмкін бе? Оған келген телегей-теңіз білім мен әулиеліктің қайнар көзі қайда жатыр? Сөйтсек, ақынның артында тұрған, баласының білім алуына барын салған әкесі Көпжасар екен. Халық кейін “Көпей” деп кеткен. Оның баласына білім үйрету жолындағы жанкештілігін көрген кезде, еріксіз сүйсінесің. Ондай әкенің тілек-ниетінен кейін Мәшһүрдің осал болуы мүмкін бе?    

Мәшһүр Жүсіптің әкесі Көпей көп балалы отбасынан шыққан адам екен. 18 жасқа келгенде “Алысқа барып оқу оқиын” деп үйінен қашып шығып, Қызылжар қаласына барады. Онда барған соң медресеге кіріп, молдадан сабақ алып жүргенде қатты ауырып, төрт-бес ай жатып қалады. Емделгеннен кейін жинақтаған қаржысы бітіп, татарларға қызмет ете жүріп, білім алады, сауда жасайды. Керуенмен сонау Ташкент, Бұхара, Самарқанды аралайды, ел-жер көреді. 

Көпей сопы азын-аулақ жиған-тергенімен туған жеріне тек қырыққа таяғанда бірақ оралады. Үйленіп, Баянауыл маңына тұрақтайды. Осы жерде тұңғышы Мәшһүр Жүсіп дүниеге келеді. Ақынның немересі Әсет Пазыловтың әңгімелеуінше: “Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы Баянаула және Қызылтау тауларының етегіндегі «Ашамай тасы» деген жерде, қыста, 1858 жылы (қазақша қой жылы), арабша ережеп айында, жұма күні, бесін уақытында дүниеге келген». Ақынның азан шақырып қойылған аты Адамжүсіп екен. Ол туралы өзі: 

Жасымда қойылған ат – Адамжүсіп,

Жұрт кеткен сүйгенінен “Мәшһүр” десіп.

Қолына қағаз, қалам алған шақта,

Кетеді қара сөзге желдей есіп, - деп жырлайды. Ал әкесін: 

Әкем Көпей –жетпіс үш жасында өткен,

Дін жолына жас күнде бізді үйреткен.

Өзі жастай тариқат жолын іздеп,

Әбілқасым ишанға қызмет еткен.

Бабамыздың аты екен Шермұхаммед,

Құдайға – құл, нәбиге болған үмбет.

Балаларын оқуға сүйрейді екен,

Екі қолдап жетелеп, қылып һүммет, - деп өлеңге қосады. 

 Бес жасынан діни білім алған Мәшһүр Жүсіп

Мәшһүр Жүсіп дүниеге келген үшінші қыста, 1861 жылы Сарыарқада, оның ішінде Баянауыл, Қызылтауда қыс қатты, жыл ауыр болып, ел жұтап қалады. Көпей сопы барын “Тауықтың жұтына” беріп, бір ат, бір сиырдан басқа малынан түгел айырылып, қыс өтіп, жаз шыққан соң Қызылтаудан көшіп, Баянауыл қаласына келіп орнығады. Оның Баянауылға көшкендегі мақсаты: “Адамға мал, дүние жолдас емес, ғылым жолдас екен. Бейнетпен жинаған көп малдан не пайда, қандай рақат көрдім?” – деп Баянауыл қалалы, кентті жер көріп: “Мешіт, медреселі жер ғой, молдасыз болмас, молда болса, оқусыз болмас. Мешіт, медресе бар жерді жағалап, өзім мешітте намаз оқып, Мәшһүрді тілі шығып, оқуға әлі келетін күн болса, оқу оқытайын” деген оймен көшіп келеді. Мешіттің іргесіне үй салмақ болады. Онысы орындалмай, мешіттен 15 шақырым жердегі Қызылағашты қыстайды. Баланың болашағын ойлаған неткен жанкештілік дейсің. 

Мәшһүрді бар-жоғы 5 жасында әкесі молданың алдына қалай апарғанын ақынның ұлы Жолмұрат былай әңгімелейді: “Баянаула қаласында бала оқытып жатқан Нәжімеддин хазіретке Мәшһүрді оқытпақшы болып, қыстыгүні атына мінген аты – торы ат, артына мінгестіріп апарып бермек болады. “Балам жас-ау, үйді қия алмайды-ау” деген ойында дәнеме жоқ. Жалықпайтын жалғыз торының арқасына отырып, әкелі-балалы екеуі сондай жарасып, көрген жан таң қалып, таңырқанып күлгендей болып, буынып, түйініп, қысылып, қымтырылып хазіреттің алдына келеді. Ол уақытта Көпей сияқты кедей, нашар адамның бір дуанның указной хазіретінің алдына келіп жетіп, оқуға баласын орналастырудың өзі қиямет күні қылкөпірден өткеннен оңай ма? Әкесі Көпейдің мінген аты “Жалықпас торы” ат, артына Мәшһүрді мінгестіріп алып келіп, хазіретке таныстырып, тапсырып, онан басқа бір жақын таныс үйіне апарып, жатып-тұру, тамақ ішу жағдайларын тапсырып, Мәшһүрге де: 

-Сен осы үйде қаласың, осы үйде жатып оқу оқисың! – деп айтып түсіндіріп, өзі үйіне қайтпақ болып, атына мініп, хазіреттің үйі тұратын үлкен көшемен ақырын аяңдап жүріп бара жатып, қаланың шетіне шыға беріп, көзінің жанарында сәулесіндей жалғыз баласы, көзінің ағы мен қарасы, өзі жас: бес-ақ жаста: “Қарағым қайтіп оқиды, үйренбеген жат үйде қалай жалғыз жатады? Кімге еркелейді?” – дегендей пікірлер ойына түсіп кетіп, іші бұрылып: “Әлде менің артымнан қарағым, қарап тұр ма?” – дегендей неше түрлі ойлар ойын толқытып, қаланың шетіне шыға беріп, қимай мойнын бұрып, артына бір қарайды. Қараса, әлгі айтып келе жатқан жалғызы ақырын ғана аяңдап, томпаңдап, бүлк-бүлк жүгіре басып, осылай жүруден басқа еш нәрсеге әлі келмей, дауысын шығарып жылауға, иә болмаса дауыстап әкесіне “тоқта” деуге бата алмай, келе жатқан түрін көре сала Көпей сопының ойына бұрынғы ата-бабаларымыздың мына бір өлең сөзі түсе кетеді: “Баланы – жастан, қатынды - бастан”, “Балаңды аясаң аяма; аямасаң ая” – деген мәтел сөзді ойына тоқып алып: “Мұны аяп қарағым, шырағым, айналайын, келе ғой деп алдыма алып, атқа мінгізсем, мінген бойымен еркелеп үйге барар, оқу оқымас, үйден шықпас! “Үйде өскен бұзау өгіз болмас!” – деген оймен түсін суытып, ызбарланып, зілді дауыспен: 

- Кейін қайт, қал, оқу оқы! Сені: “Оқысын!” деп қалдырдым. Бағана айтқаным қайда?! – деп, бишікпен бір-екі рет жасқай, сипай ұрып, қорқытып, қайта кейін қоқайып айдайды. 

Мәшһүрдің манадан: “Әкеме жетсем, торы аттың үстіне мініп, әкемнің алдына бір отырсам, жаяу жүріп шаршаған бейнеттен бір құтылсам!” деп лепіріп, ұрлап келе жатқан ойы, үміті бекер ойлағандай болып шықты. Жақсы көріп, асқар таудай көңіліне медеу, тиянақ, сүйеніш, пана көретін әкесі жақсы сөз, жылы жүзбен: “Кел, қарағым!” деп бұрынғыдай торы аттың үстіне мінгізіп, алдына отырғызуы былай қалды. 

Баласының адам болуын, оқуын қалаған Көпей сопы жүрегі езіліп, жаны ашып тұрса да 5жасар Көпейді медресеге дейін қайта қуалап барады. Келсе, қақпа жабылып қалған екен. Кішкентай Мәшһүр астынан еңбектеп кіреді. Бұл туралы ақынның өзі былай деп жырлайды:

Артына мінгестіріп алып келді,

Бес жаста бес шақырым жерге берді.

Ал әкесі қайтқанда енді үйіне,

Соңынан жүгірмей ме, жас бала енді?!

Атамыз дін жолына белін буған,

Бұл Мәшһүр сол секілді ерден туған.

Көшенің қақ басынан қуғанынан,

Жеткенше медресеге атпен қуды.

Басқа қамшы тиген соң жаман састым,

Қорғалауға жер таппай, әбден қаштым.

Медресеге қуып кеп, бір-ақ тықты,

Қайтып: “Әкем!” деместей, амандастым.

Ұмытпаймын, торы ат бар сонда астында,

Атамыз шын ниеті дін қастында.

“Кел, түйебас қылайық” деп балалар,

Біз жатамыз бәрінің ең астында.

Мәшһүр-Жүсіп өте зерек болды. Сабаққа қабылдағанда да Нәжмедин хазірет “ағузу билләні” айтқызып көріп, көңілі толып: Сопы, балаң Бұхарай-Шәріптің баласындай екен. Ана отырған балалардың оқып отырғанын естумен біліп, көрумен танып кететін түрі бар. Бұрынғы ата-бабаларымыздың айтқан сөздері бар еді: “Шар кітапты оқысаң, әр кітапты оқырсың” деген. Бұл баланы Шар кітаптан бастап жатқа қақсатып қояйын”, - депті. 

Алайда молданың алдында тек байдың балалары оқитын еді. Олар өздерінен кішкентай, кедейдің баласының алдыға түсіп кеткенін көре алмай, кемсітіп, таяқ жегізе беретін. Өзі бұл кез туралы:

Алды-артымда серік жоқ, жалғыз өстім,

Бес жаста кәріптікке тұтқын түстім.

Жаға кір, [жоқ] атаулы бізде қонақ,

Жең дал-дал, түте-түте болып өстім.

Ас келмейді алдыма толық аяқ,

Бес пен алты, жетіде жүрдім саяқ.

Қайда барса құралған көп баладан,

Тойып жүрдім жеуменен күнде таяқ, - дейді. Жағдайдың жоқтығы, желінген таяқ Мәшһүрдің білім алуына кедергі бола алған жоқ. Естігенінің бәрін жаттап алатын зерек, бір сөзді екі айтқызбайтын өжет болады. Ұлының айтуынша, жас күнінен парсы тілін оқығаннан парсы тілін қазақ тілінен артық біледі екен. Одан өзге араб, шағатай, түркі тілдеріне де өте жетік болғандығын Мәшһүр Жүсіп өз өлеңімен былай дәлелдейді:

“Мә”-ні оқыған жоқ менен басқа бала,

Араб, парсы, өлеңдей жатқа және.

Самардай қақсағаным – бар жазығым,

Үш жылдай жер аударды ата-ана.

Ата-анасының оқу оқысын деп өзін жер аударғанын, яғни оқуға бергенін, өз үйінен кетіргенін айтады. 

            Адамжүсіп қалай Мәшһүр Жүсіп атанды?

Мәшһүр Жүсіп сегіз жасқа дейін Төртуыл халфе, Дүржанбай молда, Бибі молдалардың алдын көреді. Осы екі-үш жылдың ішінде көрген түрлі бейнетке қажымай, өз қатарындағы балалардың алды болады. Сегізден тоғыз жасқа қараған уақытында оған Қамар хазірет кездеседі. 

Бұл жерде де Көпей қарттың жанкештілігін ерекше атап айтпай болмайды. Әкесі қайда білім бар десе, Мәшһүрді сонда жетектеп апарып отырған ғой. Қамар хазірет кезінде Бұхарада білім алған адам екен. Омбыда облыстық ахун болып тұрған жерінен дуанбасы Мұса Шорманов Омбы губернаторларынан: “Біздің Баянаула халқында дін жолын, дін ғылымын үйрететұғын жақсы ғалым жоқ” деп сұратып жүріп, Баянауылға әкелген молдасы екен. Ол мұнда келгенде Мәшһүр Жүсіп бар жоғы сегіз жаста болыпты. Қамар қазірет алғаш келген жылы бала жинап үлгермей, медреседе бала оқытпайды. Ал білімді баласына жердің түбінде болса да алып беруге белді бекем буған Көпей сопы мәз болып: “Қамар хазіреттей молданы Құдай қайдан қолға берсін” – деп көктен тілегені жерден табылып, Мәшһүрді соның алдына апарып отырғызады. 

Жүсіпұлы Жолмұраттың әңгімелеуінше, Мәшһүр Жүсіп енді оқуға да, оқытушыға да жариды. “Тұнып жатқан бұлақтың көзі ашылып, ататұғын мезгілі жетті. Мәшһүрдің ұғымды, ұқыпты, құлықты, өткір зейін, тапқыр ойының арқасында хазіретке сондай жағымды болып, хазірет өз баласынан кем көрмейтін болады. Мәшһүр де өз әке-шешесінен артық сыйлайтын болып, екеуінің ықыласы, махаббаты сондай тәтті болғандықтан, бұрын көрмеген, білмеген адамдар “хазіреттің өз баласы екен” деп ойлайтын болған”. 

Мәшһүр Жүсіп сегіз жасында дін білімін ғана емес, “Қозы Көрпеш Баян сұлу”, “Ер Тарғын”, “Төрт жігіттің өлеңі” секілді  қисса дастандарды да жатқа соғады. Айналадағы жұртшылық: “Көпейдің бір баласы – сайрап тұрған бұлбұл. Сөйлеген сөзі, айтқан өлеңі кісінің мейірін, құлағының құрышын қандырады. Ағып тұрған бұлақ, жанып тұрған шырақ” деседі. 

Бірде хазіреттің үйіне түсіп, сәлем беріп, қонақ болған аға сұлтан Шорманның Мұсасы да атына қанық Жүсіпті тыңдап көрмек болады. Сөзге шешен, тілге ұста кіп-кішкентай Жүсіптің өнеріне сүйсінбеген жан қалмайды.  Сол мәжілісте Мәшһүрдің әкесі Көпей де болыпты. Ол кісі жылы жүзді, жұмсақ сөзді, таза құлықты болғандықтан, уақытындағы қариялар ол кісіні “сопы” деп айтысады екен. Мұса дуанбасы Көпейге “Сопы, мына балаңа мұнан былай үкі тақтырып қойыңыз. Көз-тілге шет болмасын! Бұл өз заманында халыққа Мәшһүр болатын бала екен!” – деп жылы лебіз білдіріпті. Шорманның Мұсасының аузы дуалы боп шықты. Халық бар-жоғы 8 жасынан “Мәшһүр Жүсіп” атай бастады.Және сол кезден бастап тақиясынан үкісін тастамапты. Оның неге тағатынын сұрағандарға:Үкі неге тағады, білесің бе? Жүйрік атқа тағады, қыран құсқа тағады, сұлу қызға тағады. Мені өзің солардың біреуінен кем деп отырсың ба?– дейтін көрінеді. Расымен де, білетіндер заманында Мәшһүр Жүсіп сұлу сөздің иесі, жігіттің қыраны болды деседі. 

Малдың орнын толтырған, қазақтың игілігіне жұмсалған білім 

Үш жылдан кейін Мәшһүр Жүсіп білім алып жүрген Қамар хазіретті Шорманның Мұстафасы мен Мұсасы өз қолдарына көшіріп әкетеді. Қайран Көпей әке, баласын жетектеп тағы да сол ауылға барады. Оған ақынның мына өлең жолдары дәлел:

Қыс өтті, жер жібіді, жердің үсті,

Қаладан хазірет үйі елге көшті.

Мұстафа – болыс, Мұса – дуанбасы,

Шорманның ордасына барып түсті.

Дүниеде табылған соң мұндай молда,

Атамыз не сақтасын бізді қолда?!

Бір көкқасқа құнанға мінгізді де,

Апарып тастап кетті тағы сонда.

Солай ақын Қамар хазіретке сегіз жасында жолығып, жеті жыл білім алып, он бес жасында араб, парсы, шағатай, түрік тілдерін жетік меңгеріп, дін білімін алып шығады. 1874 жылы он алты жасында өз туған елінің Әкімбек деген байы жалғыз баласы Қабылбекті оқыту үшін Мәшһүрді жанына алдырады. 

Әкімбек он алтымда алып кетті,

Жалғызы Қабылбекке ұстаз етті.

Басында Ақшакөлдің жаз жайлауда,

Әкемді он жылқымен бір жөнелтті.

Боз жорға ат қызыл ауыз, өзі шұбар,

Көп мінген саяқ ермек, тағып тұмар.

Ең аяғы жылқының – бір торы тай,

Жөнелтті он жылқымен ұмар-жұмар.

Бергені келер жылы онан басқа:

Ақ түйе, көзі шағыр ат, торы қасқа,

Екі жыл Әкімбекте бала оқытып, 

Он сегіз тұрып сонда, жеттім жасқа.

Мәшһүр Жүсіп Әкімбектің қолында тұрған екі жылда бала оқытқанының ақысына қырық шақты мал тауып, Көпей қария баяғы жұтта айырылып қалған малының орнын толтырған екен. Қамар қазіреттің медресесіне күзетші боп орналасып, соның ақысына баласына білім алып берген Көпей қарттың көрген бейнеті солай зейнетке айналды.   

Қазір дүниенің тұтқасы білімде деп, “балаңның білім алуына жағдай жаса, инвестицияны балаңа құй” деп ұрандатып жатырмыз. Ал соны қазақтың қайнаған ортасынан шығып, жоғары білім де алмаған қарапайым ғана Көпей қарт қайдан білді екен?! Көпей сопы ерекше жанкештілікпен оқытқан бір баласының білімі қазаққа талай жылдық азық болғанын, әлі де болып жүргенін сезбеді де ау... 

Алла тағала алған білімін қазақтың игілігіне жұмсаған Мәшһүр Жүсіпке де, оның әкесі Көпей қарияға да сансыз сауаптан жазсын! 

2 пікір