Халид ибн Уалидтің кемпір кейіпіндегі шайтанды өлтіруі
Халид ибн Уалидтің кемпір кейіпіндегі шайтанды өлтіруі
4 жыл бұрын 10918

Ислам діні келмей тұрып араб қоғамында жұрт көптеген пұттарға табынатын еді. Бірақ, пұттардың арасындағы үш пұтты олар ерекше ұлық тұтатын. Сол үш пұттың бірі "Узза" пұты. 

«Узза» пұтының ағаш болғандығы айтылады. Арабтар ағашты қасиет тұтып соған табынатын болған екен. «Нәхлатуль Шәмия» деген жерде оған арнайы пұтхана салынып, елдер сол жерге зиярат жасайтын. Пұтханада құрбандықтарын шалып, құлшылық рәсімдерін орындайтын. Арнайы шырақшысы бар еді. Пұтхананың ішінен бейнебір дыбыс шығып тұратын болған деседі.

Мекке қаласы алынғаннан соң Пайғамбарымыз (с.а.у.) сахаба Халид ибн Уәлидтің (р.а.) жанына отыз кісі беріп, Узза пұтханасын талқандауға жібереді.

Содан Халид ибн Уәлид «Нәхла» деген жерге келеді де ондағы үш үлкен «самура» ағашында тұрғызылған пұтхананы талқандап, артынан жұрт табынған үш ағашты да шабады. Содан қайта кейін оралғанда, Пайғамбарымыз (с.а.у.) одан:

- Бір нәрсе көрдің бе? – деп сұрайды.

- Жоқ, еш нәрсе көрмедім, - деп жауап береді Халид. Сонда Алла елшісі оған:

- Қайта бар. Еш нәрсе бітірмедің (яғни, ағашты кесіп, пұтхананы талқандауың жеткіліксіз) - деп Халидті қайта жолдайды.

Халидтің келе жатқанын көрген пұтхананын қызметшілері: «Уа, Узза! Уа, Узза! Оған кедергі жаса. Оның көзің жой!» - деп жәрдем тілей, тауға қарай жөнеледі. Халид те арттарынан келіп қараса «Уа, Узза» деп жатқандары бір әйел екен. Тыржалаңаш. Шаштары жайылған. Басына топырақ сеуіп отырған бір әйел. Халид ибн Уәлид жақындап келіп қылышын бір сермеп, жанын жәһәннамға жібереді.

Одан кейін Алла елшісіне келіп, болған жағдайды айтып бергенде Алла елшісі: «Узза деген - сол» - дейді[1]. Сонда, арабтар Узза пұтына табыну арқылы, әсілі шайтанға табынып жүрген екен. 

Осы жағдайды сахаба Абдулла ибн Аббас былай деп әңгімелеген:

«Узза пұты – әйел бейнесіндегі бір шайтан еді. Ол «Батный нәхла» деген жердегі үш «самура» ағашына келетін-тұғын. Пайғамбарымыз (с.а.у.) Мекке қаласын алған кезде Халид ибн Уалидті (Узза пұтын талқандау үшін) жібереді. Оны жөнелтіп жатып: «Батный Нахлаға» бар. Ол жерде үш «самура» ағашын көресің. Соның бірін шап» дейді. Халид айтқан жеріне барып ол жердегі үш ағаштың бірін шауып келеді. Келгеннен кейін Алла елшісі одан сұрайды:

- Бір нәрсе көрдің бе? – деп. Ол:

- Жоқ, - деп жауап береді.

- Олай болса екіншісін де шауып кел, - деп қайта жібереді. Халид ибн Уәлид барып екінші ағашты шауып келеді. Келгеннен кейін Алла елшісі:  

- Бір нәрсе көрдің бе? – деп тағы сұрайды.

- Жоқ.

- Олай болса үшінші ағашты да шап, - деп оны үшінші мәрте жібереді.

Халид үшінші ағашты шабуға келген кезінде алдынан кес-кестеп бір жалаңаш әйел шығады. Шашын жайып алған, екі қолы екі иығында, тістерін ақситып тұрған шайтан тәріздес бір әйел. Оның артында тұрған Дубейя есімді қызметшісі Халидке қарай (оны айдақтап): «Уа, Узза! Халидке шабуылда...» деген сөздер айтып тұрды. Сол кезде Халид:

«Ей, Узза! Нәнкөрлік саған жарасады. Сені ақтау жоқ. Көріп тұрмын, Алла сені қор қылды!» - деп өлеңдетіп келіп, қылышпен әлгі шайтан тәріздес әйелдің басын алады. Одан соң үшінші ағашты да шауып, қарсылық танытқан Дүбейя деген шайтанның қызметшісін де өлтіреді.

Алла елшісіне келіп мән-жайды айтып берген кезде Алла елшісі: «Ол - Узза еді. Енді, бұдан былай ешкім Уззаға табынбайды», -  деген екен[2].


[1] Имам Бәйһақи: әс-Сунәнуль Кубро – Әбу Туфайлдан жеткен; ән-Нәсәи: «әс-Сунәнуль Кубро» - №10167 хадис.
[2] Тәфсирут Табари: «ән-Нәжм» - 19 аят тәпсірі.

 А.Қасым
0 пікір