"Вертер синдромы" не екенін білесіз бе?
"Вертер синдромы" не екенін білесіз бе?
8 жыл бұрын 5052
Қанат ӘУЕСБАЙ

Айтпайын десем, ішіме симай барады. Бұқаралық ақпарат құралдарына үндеу.

Нәрестелердің ойдан-қырдан, қоқыс арасы, әжетханадан көп табылуына қатысты айтарым бар еді. Социология ғылымында "Вертер синдромы" (Sindromul werther) деген бар. Бұл синдром бойынша, бір рет жасалған жауыздық актісі ақпарат құралдарынан кеңінен айтылып, жазылып, көрсетіле берсе, бұл қаніпезер әрекет домино әдісімен елдің әр қиырынан қылаң беріп, ұласпалыға айналады. Мәселен, өзіне-өзі қол салу әрекеті.

Америкалық социологтардың айтуынша, ақпарат құралдары суицидті жаппай жұртшылықтың қаперіне сала беріп, есіне түсіре берсе, бұл өзіне қол салу әрекеттерін одан сайын маздатып, өршітіп, ушықтырып алу қаупі жоғары. Өйткені, өмірімен қош айтысуға оқталып жүрген адам, теледидардан өзі сияқты суицид жасаған бейбақтарды көргенде өзін-өзі ақтай бастайды. Яғни, "мен ғана емес екем, мен сияқты өмірмен қоштасқысы келетін адамдар көп екен ғой" деген сияқты кереғар ойлармен өзін жұбата бастайды.

Мұны айтып отырған себебім, соңғы кездері ақпарат құралдарында қызыл шақа тастандыларын лақтырып кеткен "көкек аналар" туралы ақпарат ел ішін кеулеп кетті. Тараздағы екі оқиға аздай, Алматы облысындағы тағы бір тастанды бала жағамызды ұстатты. Мұндай оқиғаның жиілеуіне ақпарат құралдарының шектен тыс әсіре сенсацияшыл өрекпіген ниеттерінің де кінәсі бар деп айтар ем. Өйткені, журналистер көп айта берген сайын құлақ та, көз де, ауыз да үйренеді, бойымыз да үйреніп кеткенін байқамай қаламыз.

Сондықтан лажы болса, мұндай қайғылы тақырыптарды жіті назарға іліктіріп, соған екпін қойып, маздата беру орнына барынша шектеп, тіпті, тиым салса да артық емес деп санаймын. Үндеуіме ақпарат құралдарының құлақ асқанын қалаймын.

Нақты мысал, 80-ші жылдары Аустрияда метрода өзін-өзі өлтірген әрекеттер көбейіп кеткен. Сонда бұл келеңсіздік ақпарат құралдарының басты тақырыбына айналады. Жергілікті билік ақпарат құралдарына бұл тақырыпқа шектеу қоюға үндеу тастағаны сол екен, көбісі құп алған екен. Нәтижесінде көп ұзамай-ақ Аустриядағы метрода суицид статистикасы едәуір азайған.

5 пікір
  • Rasynda osy aitylgan sozderge man berilse!
    8 жыл бұрын
  • Rasinda osi aitilgan sozderdi eskerse eken!
    8 жыл бұрын
  • Толыктай келисемин. Психология гылымында подсознание деген угым бар. Психиатр жане психологтардын айтып бойынша 97% подсознание 3% ми жумыс истейди дейди. Ягни адам кунделикти бир суретти немесе окигаларды естиген сайын сол нарселер омиринде де болады дейди. Сондыктан жаксы окигаларды , жаксы нарселерди округе тырысыныздар.
    8 жыл бұрын
  • Осы мәселе көтерілгеніне қуаныштымын. БАҚ қана емес, қарапайым халық та әлеуметтік желіде өзіне деген қызығушылықты арттырғысы келе ма, әлде танымал болғысы келе ма, әйтеуір бірі-бірінен өтіп жарысып жаман оқиғалармен бөлісіп, пікір жазып жанталасып жатады.
    Енді осыны естір құлақ, көрер көз болса.
    8 жыл бұрын
  • Өте жақсы айтылған. Қазақ бекерден бекер жақсы сөз- жарым ырыс деп айтпаған. Осы тастанды бала жайлы жауыздықты жарыса жазғанша, ол үлкен қылмыс екенін, ауыр күнә екенін, ол баланы тастап кеткенше оны қалай өсіріп тәрбиелеудің үлкен бақыт екені xалықтың құлағына құйып сіңдірсек екен
    8 жыл бұрын