Себептерді де Алла жаратқан
Себептерді де Алла жаратқан
8 жыл бұрын 3799
Бердібек Мәсенов

Өсімдіктердің гүлдеуі үшін жаңбыр жаууы, Күннің шуақ шашуы, желдің есуі, топырақтың қордалануы, жыл мезгілдерінің ауысуы, жер бетінің барлық планеталармен үйлесім сақтауы – бәрі де себептер шеңберінде жүзеге асуда. Алайда кей уақыттарда барлық нәрсенің егесі Ұлы Алланы ұмытып, арадағы себептерге көбірек мән беріп жатамыз. Мәселен, ең қарапайым мысал берсек, басымыз ауырса болды, дереу дәріге жүгінеміз. Сәлден кейін басымыз қойса, «Мына дәрі жақсы екен, басым қойды» деп, себепті негізгі нәрседей қабылдаймыз. Анығында әлгі дәрінің өзіндік ешқандай ақылы, ілімі, күші де жоқ. Ол асқазанға түскен соң ыдырап, қан жасушаларымен ми тамырларына баруды қайдан білмек?! Немесе тырнақтай бір тұқымнан алып ағаштың өсуі, небір керемет жемістер беруі... Біз тыныстаған ауа, ішкен суымыз, сәбилер үшін таптырмайтын қорек көзі сүттің өзі өзіміздің жасай алғандарымызды былай қойғанда, ұғымымызға да ауыр соғатын хикметтің көрінісі. Жағдай осы болса, жаратылысты, жер анаға, эволюцияға не өзіне де жақсылық жасай алмайтын заттарға телу – бекер алданудан басқа ештеңе де емес. Өйткені осы жақсылықтардың барлығын бізге астыртын жіберіп тұрған толайым ризық беруші әрі жомарт Жаратушы иенің өзі. Құранда Раббымыздың: «Алла рұқсат етпесе, ешқандай себеппен жапырақтың өзі жерге түспейді» (Рум сүресі, 35), - деп бұйыруының да хикметі осы.

Өзіміз өмір сүріп отырған жер бетіндегі тіршілік материалды әлемнің де бір бөлшегі.  Абсолютті құдіретке ие Алла материалды әлемді жаратқанда, одан ажырамайтын ерекшелік ретінде себептерді де бірге жаратқан. Осы себепті ғаламдағы құбылыстар себеп-салдар заңына барып сүйенеді. Әр себеп бір салдарды, әр салдар жаңа бір нәтиженің себебін тудырады. Ғаламдағы құбылыстардың себеп-салдар шеңберімен жүруі бір жағы адам баласына да сынақ. Адам осы себептерден аса алмай қала ма, әлде оның астарындағы иләхи құдіретке арқа сүйей ме, міне, оның сынағы осы. Егер пенде себептердің астарындағы теңдессіз құдіретті аңдап әрі оған сенім артса, нұр үстіне нұр. Кері жағдайда, орын алған барлық нәрсені материалды себептермен түсіндіруге тырысатын, жағдайдың рухани жағына көз жұматын сезімсіз, жүрексіз тіршілік иесі болып шығады. Бұның да ар жағында үлкен иман дағдарысына ұшырау қаупі тұр. Бұндай қауіпті аңдау бізді себептерге сүйену мәселесінде анағұрлым абай болуға шақырады. Алайда негізгі жасалуы керекті нәрсе – себептердің астарындағы толық құдірет иесі Алланы ұмытпау, үнемі Аллаға сеніп, арқа сүйеу керектігі. Неге десеңіз, себептердің жаратушысы барда себептің өзінен аса алмау, астарына үңілмеу, заттың ішіне емес, тек қабығына қараумен тең.

Ғалымдар себептерді – мейірімі мен хикметі шексіз ұлы Алланың астарлы түрде нығмет пен игіліктерді тізіп, тіршілік иелеріне ұсынған жіпке ұқсатқан. Ол себептерді Мүсәббибул-әсбабқа (себептерді үйлестіруші) бастайтын жол не соған ашылған терезеге ұқсатып, сол терезе арқылы Алланың істерін тамашалап, сөйтіп Алланы тануға болатынын білдіреді. Онсыз да ғаламның реттілігі Жаратушы иені бізге танытатындай түрде құрылған. Осы себепті әр себеп бір салдармен бірге хикметті ретпен жаратылған. Себептер тек арадағы перде, ал хикметті мұраттар мен пайдалар тек шексіз ілім, хикмет пен құдіретке ие Алим, Хаким, Қадир Алланың ісі. Бұны мына мысал тіптен аша түседі: «Алыстан қарағанда, аспан мен төбелер біртұтастанып кеткендей көрінеді. Бірақ сол төбеге шыққанда барып, аспан мен жердің арасында шексіз арақашықтық бары байқалады. Осы мысалдағыдай, алыстан, яғни зерделемей, тек сырттайғы тұрғыдан қарағанда, себептер мен салдарлар біртұтас секілді көрінеді. Бірақ жақындағанда, яғни арнайы тоқталып қарап, себептердің ерекшеліктерін тізбелегенде, араларында ұзақ арақашықтық бар екені байқалады. Яғни, ең ықпалды көрінген себептің ең елеусіз көрінген нәтиженің туындауында ешқандай ықпалы жоқтығы көрінеді. Барлық нәрсе тікелей құдіретті Жаратушының жекелеген мұғжизалары.

Барлық себептер қосылса да, ең ұсақ деген жәндіктің өзін жасай алмайды. Ең мықты зертханаларда, ең білімді ғалымдарды жинасаңыз да адам баласының көзін жасаудың өзі мүмкін емес. Денедегі қан айналымын қамтамасыз етіп тұрған бір тамырды жасау да қиын. Өйткені бұл құдіреті барлық нәрсеге жететін ұлы Алланың ерікті күші. Осыған қарамастан қазіргі күні де себептерден аса алмай, иман мен сенім мәселесінде күмән кешкен адамдардың саны аз емес. Мұсылман ғалымдар бұл жағдайдың жаңсақтық емес екенін, дәл осылай жалғастырсақ, Құран бізге үнемі ескертетін ширкке ұрыну қаупі төнетінін еске салады. Бұндай қауіптің алдын Раббымыздың есімдерін шынайы түрде тану әрі барлық нәрсені тікелей Жаратушының өнері мен мұғжизасы ретінде көру арқылы алуға болады.

Бұл тұста бізге жүктелетін міндеттер де жоқ емес. Бұлардың әуелгілерін себептерге мейлінше байыппен қарау, бірақ ешқашан оларға сенім артпау құрайды. Міне, осындай түсінік, пайымды «тәуекел» деп атайды. Ғалымдар тәуекелді түсіндіргенде: «Себептерді толықтай қабылдамау емес, оларды құдіреттің пердесі деп біліп, тек қана Жаратушы иеден сұрау, нәтижені Алла ғана жарататынын білу әрі Аллаға борыштарлығымызды сезіну» деген. Айталық, ауырғанда, шипаны Алладан күтіп, Аллаға дұға етеміз.  Әрекет те жасау үшін дәрігерге барып, дәрі қабылдай бастаймыз. Алайда емдейтін дәрігер, ал емді жаратып әрі шипа берушінің Алла екенін білеміз. Шипаны себептерге телісек, онда қателесеміз. Өйткені себептер тек Алла тағаланың жер бетіндегі құралдары ғана, одан аспайды. Себептерге сеніп өмір сүргеннен гөрі барлық нәрсе Алланың «Бол!» деген бұйрығына бағынатынын қаперде ұстау бізді қателесуге жібермейді.

1 пікір