"Раббым маған зұлымдық істегендерді кешіруімді бұйырды..."
"Раббым маған зұлымдық істегендерді кешіруімді бұйырды..."
2 ай бұрын 2026

Кешіру – кінәлі адамды жазалауға күші жете тұра, есесін алудың орнына оны жазалаудан бас тарту. Сондай-ақ, мұндай жол ұстану Жаратушысының құрметі үшін жаратылғандарға көрсетілген ең тамаша махаббат көрінісі. Яғни, бұл дегеніміз кінәлі адамға қарсылық көрсету мәселесінде өз нәпсімізді ысырып тастап, Алланың кешірімін үміт етіп, кінәлі адамды иләһи ғапу мен мархабаттың аясына ала білу деген нағыз тұлғалық қасиет. Әрине, бұл кемелдік иләһи қалау алдында «ештік» сезіміне жеткен, иләһи тәрбиенің өз бойына дарыта білген кәміл, нағыз мүміндердің ісі. Сондай-ақ, өзге жандарды кешіре отырып, нағыз кешірімге лайық болу жолындағы қайраттың нәтижесі.

Әзіреті Омар (р.а.) бір сөзінде:

«Рахымдылық көрсетпегенге рахымдылық көрсетілмейді. Қателік пен кемшіліктерді кешпеген адамның өзі де кешірілмейді. Ғапу етпеген адам ғапу етілмейді...» - деп өсиет еткен еді[1].  

Ашуын басып, алдындағы адамды кешіре білу – нәпсіге тым ауыр. Бірақ, Құдай алдында абыройға қол жеткізу үшін Оны ризалығына жету жолында мұндай ұстаным аса ерекше бір адамгершілік үлгісі болып табылады.

Сондай-ақ, ашу кернеген адамның бірі Әзіреті Пайғамбармыздан өзіне насихат айтуын сұраған еді. Пайғамбарымыз оған: «Лә тәғдоб!», яғни, «Ашуланба» - деп бұйырды. Әлгі адам бірнеше рет қайталап сұрады. Мырзамыз саллаллаһу алейһи уә сәлләм әр кезінде де «Лә тәғдоб!», яғни, «Ашуланба» деді[2].  

Пайғамбарымыз (с.а.у.) басқа бір хадисінде мүміндерді ашуларын жеңіп, кешіру білу қасиетіне ие болуға шақырған. Ол хадисте ардақты Алла елшісі былай дейді:

«Адамдар жақсылық істесе біз де жақсылық істейміз, ал егер зұлымдық істесе біз де зұлымдық істейміз» деп, әр жағдайда басқалар ұқсап (кекшіл) адамдар болмаңдар. Бірақ, біреу жақсылық істесе, оған жақсылық істеуге, ал жамандық істеген адамға зұлымдық істемеуге (кешіре білуге, әділ болуға) өздеріңді үйретіңдер»[3].

Сондықтан да, аталмыш хадистің ақиқат шамшырағынан шабыттанған даналарымыз:

«Жақсылық істігенге жақсылық істеу – әр адамның ісі. Жамандық істегенге жақсылық істеу – ер адамның ісі», - деген.

Негізінде мұндай жолды ұстану маңызды бір рухани тәрбие әдісі болып табылады. Өйткені жақсылық жасалған адам дұшпан болса, оған істелген жақсылық оның жүрегіндегі кек алу сезімін әлсіретіп, достық сезімін оятуы мүмкін. Ал, дұшпандығы жоқ жай адам болса, оның жүрегіне достық пен жақындық сезімін орнатады. Ал дос пен жақын адамының махаббат, оған деген сый-құрметін одан әрі арттырады.

Расында қасиеті Құран аятында бұл туралы былай айтылған:

«Жақсылық пен жамандық тең болмайды. Сен (жамандықты) ең жақсы жолмен бөге. Сондай саған дұшпандығы бар адам бейне бір жақын дос (болып кеткенін көресің)»[4].

Ибн Аббас (радияллаһу анһу) бұл аятты былай тәпсірлеген:

«Аяттағы «ең жақсы жолмен бөге» дегендегі «ең жақсы жол» сөзі ашу кернеген кезде сабырлық таныту және өзгелер қинағанда оларды кеше білу дегенді білдіреді. Алла Тағала осылай істей алғандарды қорғайды. Дұшпандарын оған бас идіреді де, бейне бір шынайы дос халіне айналдырады»[5], - дейді ардақты сахаба.

Ежелден бері қанша адамды зұлымдықтан, нақақ істендерден, жамандықтан тыю және оларды жақсылық жолына түсіру үшін «кінәларын кеше білу» артықшылығы аса берекелі нәтижелерге қол жеткізген көріністер тарихта көптеп орын алған.

Осы орайда Алла елшісінің (с.а.у.) Меккенің жеңіс күні жалпыға тән етіп, бәрінің кешірім және қауіпсіздік аясында болатындықтарын жария еткен еді. Қағбада жиналған қалың жұртқа Алла елшісі:

- Ей, Құрайш қауымы! Қазір менің сендерге не істейді деп ойлайсыңдар? – деп сұрады.

Құрайштықтар:

- Біз сенен хайыр мен жақсылық күтіп, бізге жақсылық істейсің деп ойлаймыз. Сен жақсы, мейірімдісің. Сен біздің бауырымызсың және жақсы, мейірімді бауырымыздың ұлысың» - десті.

Сонда Әзіреті Пайғамбарымыз (с.а.у.):

- Мен де Әзіреті Юсуф пайғамбардың өз бауырларына айтқанын сендерге айтамын: «Сендерге бүгін сөгіс жоқ. Алла сендерді кешірсін. Өйткені Ол Алла асқан мейірімді», - деп Құранның Юсуф сүресіндегі аятты оқиды да, артынан: «Қанеки, барыңдар. Азатсыңдар», - деп барлық Мекке халқына кешірім береді.

Алла Тағала ұзақ жылдар бойы мұсылмандарға жәбір көрсеткен Құрайштық мүшріктерді Өзінің пайғамбарына бағынышты етіп, оған бойсұндырған еді. Сондай күшті сәтінің өзінде Пайғамбарымыз (с.а.у.) оларды кешіріп, бас бостандығын сыйлады[6]. Сол кезде Алла елшісінің мұндай ұлы да, өнегелі ұстанымына қарап, көптеген тас жүректер жұмсарды, талай қараңғы көңілдер Ислам нұрымен жарыққа қауышты.

Аллаһумма салли аля саиидинә Мұхаммед!

"Ол - сондай теңдесіз Рахмет" атты кітаптан.


[1] Имам Бұхари: «Әдәбуль Мүфрәд».
[2] Имам Бұхари: «Әдәбуль Мүфрад».
[3] Имам Тирмизи: «Сүнән» - Бирр.
[4] Құран Кәрім: «Фуссыйләт» сүресі, 34 аят.
[5] Имам Бұхари: «Сахих Бұхари» - Тәфсир, 41/1.
[6] Ибн Хишәм.

0 пікір